Жаңалықтар

Коменданттық сағат уақытында көшеге шыққан студентті атып кеткен (ВИДЕО)

ашық дереккөзі

Коменданттық сағат уақытында көшеге шыққан студентті атып кеткен (ВИДЕО)

Жамбыл облысында Нұрсұлтан Қуатбаев есімді студентті белгісіз біреулер атып тастаған. Ол күні Нұрсұлтан нағашы әжесінің үйінен қайтып келе жатқан екен. Қара жамылған отбасы тұңғыштарын кім және қай жерде атқанын білмейді. Бозбаланың өмірі үшін күрескен дәрігерлер Нұрсұлтанның денесінен 3 оқ шығарған, деп хабарлады turkystan.kz 31 арнаға сілтеме жасап. Нұрсұлтан Қуатбаев Алматыдағы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының 2-курсында оқыған екен. Қысқы демалысты пайдаланып, Тараздағы ата-анасының қасында болуға келіпті. Әкесі Бақытжанның айтуынша, ол жаппай тәртіпсіздік кезінде үйінен мүлдем шықпаған. Тек 7 қаңтар күні нағашы әжесіне барған. Ал кешке коменданттық сағат уақытында өз үйіне қайтып келе жатып оққа ұшыпты. Бірақ нақты қай жерде, қалай мерт болғаны туралы хабарсыз. Дәрігерлер марқұмның 3 жеріне оқ тигенін айтқан. «Жамбасына екі оқ тиген. Оң жақ, жүрек жағынан бір оқ тиген. Неге ол? Сол кезде оны артынан атқан, бала құлаған. Келіп добивать етіп, мына жақтан атып отыр ғой. Дұрыс емес қой ол», - дейді марқұм Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі. Нұрсұлтан отбасындағы 5 баланың тұңғышы болған. Ол бала кезден ән айтуға құмартып, өмірін өнермен байланыстыруды армандапты. «Өзім-ақ осылай-осылай көтерілемін, ешкімнің демеуінсіз деп, өзін-өзі көтеріп жүрген бала еді. Қияли. Өзінің арманына жете алмай қалды балам. Оның арманы көп еді», - дейді әжесі. Ал облыстық Полиция департаментінің өкілдері тергеу ісінің құпиялылығына байланысты деп, ешбір ақпарат бермеді. Бірақ Нұрсұлтанның кімнің қолынан қаза тапқаны анықталады деп отыр. «Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істің мән-жайы тергеу мүддесіне байланысты ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - дейді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова. Қайғыдан қан жұтқан отбасы Нұрсұлтанның қандай жағдайда қаза тапқаны ашық айтылсын дейді. Әрі 18 жасқа жаңа толған жазықсыз жанға оқ атқан адамдар заң аясында тиісті жазасын алсын деп талап қойып отыр.