25 жылда экспорт 9 есе өсті

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 8, экспорт 9, импорт 8 есе өсті. Президенттің бастамасымен тұрғын үй мен инфрақұрылым саласына инвестиция салуды үдету есебінен ғана емес, сонымен бірге, ел экономикасын одан әрі жаңғырту мен Қазақстанның транзиттік қуатын арттыру арқылы экономикалық дамуды ынталандыратын 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» дағдарысқа қарсы бағдарламасы әзірленді. Бұл туралы бүгін Қазақстан стратегиялық зерттеулер инстиутының үнқатысу алаңында сарапшылар қауымдастығы өкілдерімен өткен кездесуде Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев айтты.

Жиын аясында министр 2025 жылға дейінгі ел дамуының стратегиялық жоспарының негізгі ережелерін таныстырды. Оның айтуынша, бұл құжат Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы» Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленген.  «Жаңа стратегиялық міндеттер және әлемдік экономикадағы «жедел өзгерістер» ортамерзімдік ұлттық іс-қимылды жаңа жағдайға сәйкес түзетуді және бейімдеуді талап етті. Елдің 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұзақмерзімдік мақсаттарына қол жеткізу жолында жүзеге асырылуы тиіс басымдықтар мен бастамаларды белгілеп берді. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын жүзеге асырудың нәтижесі 7 ұлттық жетістік арқылы көрініс табуы тиіс», – деді ведомсво басшысы.

Сондай-ақ, ол  құжат аясында  орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұзартуға мүмкіндік беретін халық денсаулығын жақсартуға бағытталған шаралар жалғаса беретінін, барлық қалалар орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетінін, ал ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 80 пайызға жеткізілетінін айтты.

Back to top button