«Көш және көшбасшы» атты мерекелік концерт өтеді

Биыл Ел тәуелсіздігі мен «Қазақ көшіне» — 25 жыл толып отыр. Соған орай «Қамшы» порталы мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы «Көп және Көшбасшы» атты мерекелік концерт ұйымдастырмақ. Бұл туралы «Қамшы-ақпарат» қоғамдық қорының директоры Біләл Қуаныш хабарлады.

«1991 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес республиканың Министрлер кабинеті “Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарының басқа республикалардан және шет елдерден Қазақ КСР-ына көшіп келуі тәртібі мен шарттары туралы” қаулы қабылдады. Содан бергі ширек ғасыр уақытта Атажұртқа оралған қандастарымыздың саны 1 миллионнан асты. Бұл, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ең жемісті саясаты десек қателеспейміз», — деді Б.Қуаныш.

Осы мерейлі мерекені елге оралған ағайын биылғы жылы 18 қарашада Алматыдағы Студенттер сарайында айрықша атап өтпек. Бұл шара «Қазақ көшінің» 25 жылына тарихи баға беру және қарашаңыраққа уық болып қадалған миллионнан астам қазақтың Ел мен Елбасына алғыс айту кеші болмақ.

Бір айтар кетерлігі, шараға билеттер сатылмайды. Тек белгіленген тәртіп бойынша тегін таратылады.

Back to top button