«Полиция әкеткен күйеуімді мәйітханадан таптым» - көпбалалы ана (ВИДЕО)

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде алаңда болғаны үшін қамауға алынған азамат мәйітханадан табылды, деп хабарлады turkystan.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыда 9 қаңтар күні полиция қызметкерлері үйінен әкеткен Жасұлан Анафияевті жақындары мәйітханадан тапқан. Алаңда болғаны үшін қамауға алынған оны туыстары 9 күн бойы қаланың қамау мекемелерінен шарқ ұрып іздеп, тек сенім телефоны арқылы мәйітханада екенін білген.

«Осылай бар ма десе, ол өліп қалды дейді. Мен оны естіп тұрмын бер жақта. Не деп жатсыздар, оны сау қып алып кетті ғой, аяқ-қолы балғадай дедім», – дейді марқұмның әйелі Гүлзия Омарбаева.

Небәрі 48 жасында қайтыс болған Жасұлан Анафияевтің әйелі күйеуін полиция алып кеткеннен кейін араға 9 күн салып, әрең тапқан. «Жасұланның 5 қаңтар күні шеруге шыққаны рас. Арандатушылардың кесірінен әскерилер жаралана бастағанда, оларды өз денесімен қорғап, ауруханаға жеткізуге жүгіріп, көмектескенін өзі де айтқан еді» деп әйелі егіліп отыр.

«Жедел-жәрдем көлігіне салып үлгере алмай жатты. Қай жер жақын, қай аурухана жақын. Даусы қарлығып қалыпты, айғайлап сөйлегеннен. Үйге келді, қасымызда болды», – дейді әйелі.

5 қаңтар күні Информбюро тілшілері түсірген кадрларда шапан киіп, бір адаммен амандасып тұрған кісі – Жасұлан Анафияев. Ол сонда тұрған өзге елмен бірге полиция қызметкерлері өз еркімен жерге тастаған қаруды басқаларға алмаңдар деп тұр. Араға 4 күн салып, яғни 9 қаңтар күні Жасұлан Анафияев өзімен бірге көлік жүргізетін досының үйіне шығып кетеді. Сол жерге арнайы жасақ келіп, оны досымен бірге Ақбұлақ ықшамауданындағы үйден алып кеткен. «Сол күйі Алматының барлық құқық қорғау мекемелерін табанымыздан тозып іздедік, таппадық. Тек сенім телефоны арқылы мәйітханада екенін бір-ақ білдік. Түрі адам танымастай болды» дейді әйелі.

«Хайуанды да олай ұрмайды. Бас сүйегі, мұрны кіріп кеткен. Сүйегі қозғалып кеткен. Тесігіне қан ұйып қалған. Қабырғалары сынған. Аяғының башпайына дейін бір сау жері жоқ», – дейді Гүлзия Омарбаева.

Күйеуінің мәйітін алған Гүлзия Омарбаева мәйітханадан берген құжатта марқұмның өлімінің себебі панкреатит деп көрсетілгенін айтады. Ал Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі жедел жәрдем өлім себебін жүрек жетіспеушілігі деп қойған, сараптама тағайындалды, нәтижесі содан кейін белгілі болады деді.

Гүлзия 6 баласымен қазір пәтерді жалға алып тұрып жатыр. Кенже қызы науқас, одан кейінгі баласы небәрі 10 айлық. Келіншек осы айдағы пәтер құнын да төлей алмай отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button