Өмірі 5 млн теңгеге бағаланған журналист бар шындықты айтты

Өмірі 5 млн теңгеге бағаланған журналист бар шындықты айтты

Өмірі 5 млн теңгеге бағаланған журналист бар шындықты айтты
ашық дереккөзі
«Түркістан облысында шенеунік киллер жалдап, журналисті өлтірмек болды» деген жаңалықты өткен аптада БАҚ жарыса жазды. Хабардың елді елең еткізгені анық. Тәуелсіз басылымның бас редакторы Амангелді Батырбековтің «жанын алу» мақсатында үйіне жіберілген жендет қателесіп, оның баласын атқан. Күдікті ретінде ұсталған шенеуніктен бөлек, іске қатысы бар деген 4 адам қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Төртінші билік өкілі шенеунікке қандай кедергі келтірді? Адамды өлтіруге оқталу фактісіне журналистік қызмет себеп болды ма, әлде жеке бас араздығы ма? Azattyq Rýhy сайтының тілшісі Амангелді Батырбековпен сұхбаттасып көрді, деп хабарлады turkystan.kz. - Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Сізді өлтіруге оқталу фактісі бойынша басты күдікті ретінде қамауға алынғанын айттыңыз. Шенеуніктің мұндай қадамға баруына не түрткі болды деп ойлайсыз? - Оған газетте және әлеуметтік желілерде жарияланған материалдар себеп болды деп ойлаймын. Мен ұзақ жылдан бері Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Майриховтың заңға қайшы әрекеттерін әшкерелеп, бұқаралық ақпарат құралдарында жазып келемін. Соңғы мақала қараша айында «Аты бар, заты жоқ» деген тақырыппен жарық көрді. Онда Сарыағаштағы балабақша туралы жазылды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі тек қағаз жүзінде рәсімделген. Құжат бойынша 110 бала баруы керек. Әр тәрбиеленуші үшін мемлекеттік тапсырыс ретінде айына қазынадан 25 мың теңге аударылады. Есептеп қарасақ, айына 2,7 млн теңгеден астам қаржы болса, жылына 33 млн теңге. Білім бөлімінде балабақшаларға жауапты маман мен Майрихов екеуі бірігіп, ортақ танысын директор етіп қояды. Мақалада көрсетілген фактілер тергелуде. Ақпан айында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Мен бұл шаруаны соңына дейін жеткізбекпін. Күдіктінің киллер жалдаудағы мақсаты – мені өлтіріп, осы фактіні жылы жауып қою. Өйткені әлі қылмыстық іс қозғалған жоқ. - Өзіңіз айтқандай, заңды белшесінен басатын адамның бірнеше жыл бойы басшылық қызметте отырғаны қалай? Заң органдары материалдарыңызға назар аудармады ма? - Майриховтың заңсыз әрекеттері жайында мақалалар сериясы жарық көргеннен кейін Түркістан облыстық Білім басқармасының басшысы оны өткен жылдың 24 қыркүйегінде қызметінен алып тастады. Өйткені мақалалар нақты дәлелмен жазылды. Сол материалдар негізінде тыңдаулар өтті. Әділетсіз шешім шығаратын судьялардың бірінің арқасында Майрихов көп ұзамай қызметіне қайта келді. Түркістан қалалық сотының төрағасының туған бауыры Сарыағаш ауданының салық органын басқарған болатын. Ол да мен жазған мақалалардың бірінің кейіпкері еді. Заңсыз әрекеттері әшкереленіп, қызметінен кетті. Содан судья кек сақтап қалса керек. Өйткені туысына қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол қызметінен айрылды. Облыстық сот төрағасы Бауыржан Майриховтың анықтамасына мән беріп, оның қызметке оралуына себепші болды. Осы шенеунікті 5 жылдан бері сынап келе жатырмын. Бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Газетте тек осы білім бөлімінің басшысы туралы ғана емес, талай заңбұзушылық жайында материалдар жарық көріп жатады. Өлтіруге оқталу оқиғасы қалай болғанын айтып өтсеңіз. Қазір балаңыздың жағдайы жақсы ма? - 3 қаңтар түнде біреу терезені ұрды. Қызым шығып, терезені ашады. Ар жақтағы адам өзін Абылай деп таныстырып, көлігіне дөңгелек аламын деген сылтаумен атымды атап, мені шақыртады. Үйдің жанында қосалқы бөлшектер сататын шағын дүкеніміз бар. Балам екеуміз сондағы кабинетте газеттің келесі санының материалдарын топтастырып жатқан болатынбыз. «Тұтынушыны» дүкен жаққа шақырттым. Балама Абылай есімді жігіттің келіп көліктің дөңгелегін сұрап тұрғанын айтып, оның сыртқа шығуын өтіндім. Ұлым шыны есікті аша бергенде қара киім, бетіне маска киген адам тұтқаны өзіне қарай қатты тартып қалады. Балам іші сезгендей есікті қайта жауып үлгереді. Ол бір қадам жасап үлгермей, ар жақта тұрған белгісіз адам шолақ мылтығын шалбарының ышқырынан алып шығып шүріппені басып үлгереді. Жүрек тұсын көздеген болуы керек. Қашып бара жатқанда оқ оң жақ қолына тиеді. Соңынан қуып жүріп екінші рет атады. Баламның қансырап жатқанын көріп өлетініне сенімді болса керек, қаша жөнеледі. Мен гүрсілді естіп, орнымнан тұрып жүгіргенше екінші рет оқ атылды да, күдікті көлікке мініп қаша жөнелді. Ештеңе көріп үлгермедім. Тек дыбыстар анық естілді. Дереу баланы ауруханаға жеткіздік. 2 күн жансақтау бөлімінде жатты. Ота жасалды. Сол мезетте судай аққан қанды әзер тоқтаттық. Адам шошырлық көрініс. Қазір баламның жағдайы жақсы. Киллер оны менімен шатастырып алса керек. Өйткені екеуміз қатты ұқсаймыз. - Атыс оқиғасы болғаннан кейін күдікті ретінде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Нұралы Давлетияров және Сарыағаш ауданы білім бөлімінің басшысы Бауыржан Майриховтардың есімін атапсыз. Депутаттан не үшін күдіктендіңіз? Қазір күдігіңіз сейілді ме? - Депутат жалған кәсіпкерлікпен айналысқан. Салық инспекциясы оны тексеріп, мемлекетке 250 млн теңге көлемінде залал келтіргенін анықтады. Қылмыстық іс қозғалды. Ол жауапкершіліктен жалтару мақсатында өзінің қоластында жұмыс істеген көлік жүргізушісін қылмыскер ретінде көрсетпек болған. Бірақ уәде еткен ақшасын төлемей қойған. Осылайша көлік жүргізуші прокуратураға арызданады, бізден де көмек сұрады. Депутат делдалдар арқылы маған қаржы ұсынды. Бірақ, мен оған келіспей, мақаланы жарияладым. Жалпы, Давлетияровқа қатысты күдік сейілген жоқ. Тергеу әлі алда. - Өміріңіз 5 млн теңгеге бағаланыпты. Бұл сома Сіз үшін көп пе, аз ба? - Адам өмірі 5 млн теңгемен бағаланбайды. Мейлі ол журналист болсын, басқа болсын. Адамның жанының қасында бұл сома түк емес. Сонымен қатар, бұл тапсырыс берушінің маңдайтермен тапқан ақшасы емес деп ойлаймын. - Бұған дейін өміріңізге қауіп төнген, біреулер бопсалаған сәттер болды ма? - Болды, әрине. Қағаз жазып кетеді. Белгісіз нөмірлерден телефон соғып, материалдарды шығармауды талап етеді. Қорқытпақ болады. Ақша бергісі келеді. - Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, сот оған қатысты қандай шешім шығарғаны әділ болады деп ойлайсыз? - Қазақстанда ату жазасы жоқ. Ондай адамдарға ату жазасы кесілсе, қарсы болмас едім. Сондықтан заң шеңберінде қабылданған шешіммен келісемін. - Уақыт тауып сұқбаттасқаныңызға рахмет!