Батыстың төрт өңірін дамытуға 15,3 триллион теңге жұмсалмақ

Батыстың төрт өңірін дамытуға 15,3 триллион теңге жұмсалмақ

Батыстың төрт өңірін дамытуға 15,3 триллион теңге жұмсалмақ
ашық дереккөзі
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров еліміздің төрт батыс өңірін дамытудың кешенді жоспарын таныстырды, деп жазды turkystan.kz.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарлары әзірленді. Сондай-ақ Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған қолданыстағы кешенді жоспарлары өзектендірілді. Төрт кешенді жоспарды қаржыландыруға 15,3 триллион теңге бағытталады. Оның 1,7 триллионы республикалық бюджеттен бөлінеді», - деді министр.
Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады. Министрдің айтуынша, кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялардың 2,5 еседен астамға өсуін қамтамасыз етеді. Сөйтіп, өнеркәсіп көлемі 1,8-ден 2,8 триллион теңгеге дейін өсіп, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 37 пайызға артады. Жалпы, 4,3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 100 пайызды құрайтын болады. Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары аясында бірнеше жаңа зауыт ашылып, мыңдаған жұмыс орындары құрылмақ.
«Батыс Қазақстан облысының кешенді жоспарын іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі - 55, ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 56 пайызға өседі. Жергілікті халық ауыз сумен толық қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ, электр желілерінің тозуы 80 пайыздан 50 пайызға дейін қысқарады», - деді Әлібек Қуантыров.
Атырау облысын дамытудың кешенді жоспары да ауқымды. Мұнда индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіретін зауыт пен көтерме-тарату орталығын салу көзделген. Басқа да жобалар жетерлік.
«Жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемі 35 пайызға артады. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетіп, 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған», - деп хабарлады министр.
Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Маңғыстау облысында өнеркәсіп көлемі 28 пайызға, туристер ағыны 4,6 есеге артпақ. Сондай-ақ, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 100 пайызға жетіп, жалпы 4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
«Бұл кешенді жоспарларды жүзеге асыру Батыс өңірлер экономикасының өсу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Жеке инвестициялар ағыны экономика көрсеткіштерін жақсартып, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. Осылайша, 2025 жылға қарай төрт өңір бойынша 13 триллион теңгеге жуық жеке инвестициялар тарту, 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда», - деп түйіндеді сөзін министр.