Қазақтың үш батыр қызына арналған халықаралық бокстан жарыс өтті

Қазақтың үш батыр қызына арналған халықаралық бокстан жарыс өтті

Қазақтың үш батыр қызына арналған халықаралық бокстан жарыс өтті
ашық дереккөзі
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің әлеуметтік денсаулық сақтау және медицина жоғары мектебінің 3 курс студенті Умида Сыздықова екінші дүниежүзілік соғыс батырлары  Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, Хиуаза Доспановалардың рухына арналған әйелдер арасында өткен халықаралық  бокс жарысында жеңімпаз атанды. Тәжікістан, Өзбекстан, Украина және Ресей елдерінен ең мықты деген командалар шақырылып, аталмыш жарыс Атырау қаласында болып өтті. 81 келі салмақтан асатын Қызылорда облысы мен Тәжікістаннан келген спортшылар ҚазҰУ студентінің негізгі қарсыластары  болды. Умида Сыздықова 15 жасынан бастап бокспен айналысып келеді. Жас қыз үшін әкесі мен ағасының жаттығулары осындай спорттың қиын түріне келуіне септігін тигізсе керек. Өзінің ең алғашқы алтынын спортшы жасөспірімдер арасында өткен жарыста  Қазақстан жеңімпазы атанып, 2013 жылы иеленеді.  Ерлер мен әйелдер боксынан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚазҰУ спорт және дене тәрбиесі кафедрасының доценті Бахыт Байқұлбаевтың айтуынша, Умида Сыздықова өте тәртіпті және еңбекқор.  Бұл қасиеттері Умидаға алға қойған мақсатынан таймай, жекпе-жекте өзіндік әдіс қалыптастыруына көмектеседі екен. «Мәселен, Атырауда өткен жарыста Қызылорда спортшысына қарсылас болған бірінші жекпе-жегінде Умида асығыстық танытпады, бүкіл  4 раунд бойы орнымен және сенімді әрекет етті. Әйелдер боксының әр раунды 2 минутқа созылып отырды. Бұл да жетістікке жету жолында оның ұтқыр тәсілінің бірі болатын», - деп жаттықтырушы сөзінде атап өтті. «81 келі салмақтан асатын Тәжікістандық спорт шеберімен рингке шыққанымда бірден шабуыл жасау тәсілін қолданып, бірінші раундта қарсыласымды жеңіп шықтым», - деп Умида өз әсерімен бөлісті. Жыл сайын жас спортшы түрлі халықаралық жарыстарға қатысады. Жақын арада өтетін кезекті жарысы 2017 жылдың қаңтарында Сербияда болады деп күтілуде. Қазақстанның төрт дүркін жеңімпазы, спорт шебері Умида Сыздықова Қазақстанның әйелдер боксы бойынша құрамасының мүшесі және 81 келіден аса салмақтағы доминантты спортшы болып табылады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Умида Сыздықованы және әйелдер мен ерлер боксы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақыт Байқұлбаеты кезекті жеңісімен құттықтап, мықты денсаулық,  төзімділік пен табандылық тілейді.

Дана Байғожина, аға оқытушы