Түркістанда дәрігерлер жас келіншектің жатырын алып тастаған (ВИДЕО)

Түркістанда дәрігерлер жас келіншектің жатырын алып тастаған (ВИДЕО)

Түркістанда дәрігерлер жас келіншектің жатырын алып тастаған (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Түркістанда дәрігерлер 21 жастағы келіншектің жатырын алып тастаған. Жәбірленушінің айтуынша, жүктіліктің 28-аптасында ол кесарь тілігі әдісімен босанған. Жатыры алынғанын содан кейін ғана біліпті, деп хабарлады turkystan.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. Келіншек «Дәрігерлер маған ескерткен жоқ» дейді. Ал дәрігерлер жатырды алып тастаудың дұрыс қабылданған шешім екенін айтады. Тұңғышына аяғы ауыр Аида есімді келіншек толғағы келіп, №3 облыстық перинаталдық орталығына жеткізілген. Ол өздігінен босана алмайтын болған соң, дәрігерлер кесарь тілігі арқылы босандырып алыпты. Жас ана жүктіліктің 28-аптасында ұл баланы дүниеге әкеледі. Дәрігерлер шала туған шақалақтың  жағдайы ауыр депті. Аиданың анасының айтуынша, таңғы 9-да басталған операция кешкі 4-те бір-ақ біткен.  Дәрігерлер оның жатырын алып тастағанын хабарлапты. «Мұны бізге ескертпей, рұқсатсыз жасады» дейді. Оны естіген қызының әлі ес жия алмай отырғанын айтады.
«Қазір қызым мүгедек болып қалды. Болашағына балта шапты. Іштен тынып өледі ғой бұл қыз. Ертең бір отбасын ойран қылады бұлар. Ал аурухананың түгі де кетпейді. Қызым қиналады. Қызымның жатырын рұқсатсыз алып тастағандары үшін мен соңына дейін барамын», – дейді науқастың анасы Гүлжаһан Божбанбаева.
Облыстық перзентхана бас дәрігерінің айтуынша, науқас перзентханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген. Жас ананың аспирациялық пневмония, суық тию аурулары, тұмау және 3-дәрежелі семіздік диагноздары болған. Және оған дейін келіншекке мүлде бала көтеруге болмайтыны туралы кеңес берілген. Сондай-ақ жүкті әйел орталыққа жетем дегенше, баланың жолдасы уақытынан бұрын ажырап кеткен. Қайта күрделі операция сәтті өтіп, ананың да, баланың да өмірі құтқарылған.
«Бұл келіншекке мүлде бала көтеруге болмайды. Болмайды десе де жүкті болып, бала өскенше жүре берген. Мұндай жағдайға қалай жеткенін білмеймін. Ауыр жағдайда бізге жеткізілді. Қазір енді шу болып жатыр. Адамдар, әрине, түсінбейді. Бірақ менің дәрігерлерімнің тарапынан ешқандай кінә жоқ. Оның тірі қалғанына шүкір», – дейді Түркістан облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Нұржан Махмұтов.
Науқастың анасының айтуынша, қызына бала көтеруге болмайтыны жүктіліктің 4,5-5 айында айтылған. Мұны да дәрігерлердің салғырттығына балайды. Қазір жас ана ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер денсаулығы тұрақталғанын айтты. Шақалақтың да адам болып кетуіне мамандар бар күшін салып жатқанын жеткізді.