«7-20-25» пен «Баспана хит» ипотекаларының төлем уақыты шегеріледі

«7-20-25» пен «Баспана хит» ипотекаларының төлем уақыты шегеріледі

«7-20-25» пен «Баспана хит» ипотекаларының төлем уақыты шегеріледі
ашық дереккөзі
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты «7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламалары аясында ипотека рәсімдеген азаматтардың төлем уақыты үш айға шегеріледі, деп жазды turkystan.kz Қазақстан тұрақтылық қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бұйрығы бойынша төтенше жағдай әсерінен зардап шеккен жеке және заңды тұлғаларға қарыздар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібі бекітілген. Жоғарыда аталған ипотекалық бағдарламалар бойынша төлем уақытын кейінге қалдыру осы тәртіп аясында жүргізіледі.
«Төтенше жағдайға байланысты «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық бағдарламалары клиенттеріне айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді. Төлем мерзімі 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап 90 күнге дейін кейінге қалдырылды. Тәртіпке сәйкес, банктер төлемдерді 2022 жылғы 5 қаңтардан 5 сәуірге дейінгі кезеңге кейінге қалдыруды ұсынады. Төлемді кейінге қалдыру қарыз алушының несие тарихына әсер етпейді», - делінген қордың хабарламасында.
Төлемді кейінге қалдыру үшін банкке өтінішпен жүгініп, қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды тапсыру керек. Өтініштерді электрон пошта, «банк-клиент» онлайн-жүйесі, интернет-ресурс, мобильді қосымша көмегімен немесе банк бөлімшесіне келу арқылы беруге болады. Өтініштерді қарау мерзімі – 10 жұмыс күні. Өтініштер 2022 жылғы 4 сәуірге дейін қабылданады.