Ақтаулық спортшы әлемдік рекордты жаңартты (ВИДЕО)

Ақтаулық спортшы Ильдар Ягьяев 70 килограмм салмақта белтемірге тартылудан әлемдік рекордты жаңартып, чемпион атанды, деп хабарлады turkystan.kz sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Әлем чемпионаты 23 қаңтар күні Финляндия астанасы – Хельсинки қаласында өтті. Оған 20 елдің  200-ден астам спортшысы қатысты. Жарыстар алты салмақ дәрежесінде ұйымдастырылған.

Ильдар 70 килограмм салмақта өнер көрсетіп, чемпиондық титулын алтыншы рет қорғап отыр.

«Ең ауыр кезең – салмақ қуу. Бір ай бойы демалыс жоқ, талмай жаттығу жасауға тура келеді», – деді Ягьяев.

Ол стрит воркаут пен стритлифтингті кеңінен насихаттау үшін өз командасымен тегін жаттығулар өткізеді.

«Алдағы уақытта демеуші тауып, Лос-Анжелестегі Muscle Beach-ке ұқсас тренажер алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Біз серіктестік байланыс орнатуға дайынбыз», – деп атап өтті Ильдар.

Сондай-ақ спортшы Маңғыстау облыстық стритлифтинг және воркаут федерациясын басқарады.

Айта кетсек, 2021 жылдың соңында Ильдар Ягьяев Еуропаның жеті дүркін чемпионы атанған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button