Ақтаулық спортшы әлемдік рекордты жаңартты (ВИДЕО)

24 қаңтар, 2022 / Анель Жарылғасын
ашық дереккөзі
Ақтаулық спортшы әлемдік рекордты жаңартты (ВИДЕО) Ақтаулық спортшы Ильдар Ягьяев 70 килограмм салмақта белтемірге тартылудан әлемдік рекордты жаңартып, чемпион атанды, деп хабарлады turkystan.kz sputnik.kz-ке сілтеме жасап. Әлем чемпионаты 23 қаңтар күні Финляндия астанасы – Хельсинки қаласында өтті. Оған 20 елдің  200-ден астам спортшысы қатысты. Жарыстар алты салмақ дәрежесінде ұйымдастырылған. Ильдар 70 килограмм салмақта өнер көрсетіп, чемпиондық титулын алтыншы рет қорғап отыр.
«Ең ауыр кезең – салмақ қуу. Бір ай бойы демалыс жоқ, талмай жаттығу жасауға тура келеді», - деді Ягьяев.
Ол стрит воркаут пен стритлифтингті кеңінен насихаттау үшін өз командасымен тегін жаттығулар өткізеді.
«Алдағы уақытта демеуші тауып, Лос-Анжелестегі Muscle Beach-ке ұқсас тренажер алаңын салуды жоспарлап отырмыз. Біз серіктестік байланыс орнатуға дайынбыз», - деп атап өтті Ильдар.
Сондай-ақ спортшы Маңғыстау облыстық стритлифтинг және воркаут федерациясын басқарады. Айта кетсек, 2021 жылдың соңында Ильдар Ягьяев Еуропаның жеті дүркін чемпионы атанған болатын.