Тоқаевтан сын естіген «Самұрық-Қазына» басшысы жазба жариялады

Тоқаевтан сын естіген «Самұрық-Қазына» басшысы жазба жариялады

Тоқаевтан сын естіген «Самұрық-Қазына» басшысы жазба жариялады
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сын садағына ілінген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның басшысы Алмасадам Сәтқалиев Facebook-тегі парақшасында жазба жариялады, деп жазды turkystan.kz.
«Бүгін ел басшылығының саяси тілегі арқасында «Самұрық-Қазына» қорында қоғамда белсенді талқыланып жатқан реформаларды жүзеге асырудың бірегей мүмкіндігі пайда болды. Біз реформалау бағдарламасы жобасына сындарлы ұсыныстарын бөлісуге дайын барлық адаммен диалог жүргіземіз» деп жазды Алмасадам Сәтқалиев.
Оның айтуынша, жақын арада бұл жоспарлар ашық дереккөздерде және корпоративтік сайтта жарияланады. Сондай-ақ ол компания барлық сұраққа жауап беруге дайын екенін жазды. Яғни, ашықтық пен есептілік, бизнес үшін кедергілерді жою, әлеуметтік жауапкершілік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес базалық қағидаттар ретінде айқындалмақ. Алмасадам Сәтқалиев ел экономикасындағы түйінді проблемаларды шешу мақсатында бизнес-процестерді және қор компаниялары тобындағы корпоративтік басқару практикасын реформалауға, мұнай, газ, көмір, темір жол көлігі, электр энергетикасы және телекоммуникация нарықтарындағы өзара қарым-қатынастар құрылымын өзгертуге бағытталған бірқатар теңдессіз шараны ұсынатынын мәлімдеді.
«Біз сатып алу жүйесін түбегейлі қайта қарап, отандық тауар өндірушілер мен шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін күшейтуге ниеттіміз. Бұл мәселелер бизнес-қоғамдастықпен 26 қаңтар, сәрсенбіде әлеуметтік желілерде онлайн-трансляция арқылы ашық диалог форматында талқыланады. Бағдарлама бекітілген жағдайда, мен оның табысты енгізілуін және орындалуын қамтамасыз етуге дайынмын. Сізден корпоративтік мекенжайымызға ұсыныстарды күтеміз - usynys@sk.kz» деп жазды акционерлік қоғамның басшысы.
Айта кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтанда өткен кәсіпкерлермен кездесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев қорды реформалау міндетін орындай алмаса, орнынан кететінін айтқан болатын.