Сапар КӘКІМОВ, жолсерік: Қазалыда екі күн қамалдық

Сапар КӘКІМОВ, жолсерік: Қазалыда екі күн қамалдық

Сапар КӘКІМОВ, жолсерік: Қазалыда екі күн қамалдық
ашық дереккөзі
– Алматы-Ақтөбе бағытындағы пойызда жолсерік болып қызмет етемін. 4-қаңтар күні Қызылорда облысындағы Жосалы стансасына жақындаған кезде елде болып жатқан оқиғаларға байланысты пойызды тоқтату туралы хабар келіп түсті. Ол жақта жарты сағат тұрған соң, ақылдаса келе Қазалыға барып тоқтауды ұйғардық. Сөйтіп, түнгі үште сол жерге барып тоқтағаннан екі күн бойы қозғалмадық. Таңертең жолаушылардың көбі айқай-шу көтеріп, себебін сұрап әлек болды. Сонымен қатар, олар пойызды қайта Қызылордаға қайтару керек екенін хабарлаған кезімізде тағы шу көтерді. Тіпті, тепловоздың алдына шығып, айқайға басып, пойызды жүргізбей қойды. Содан соң жағдай реттелгенше Қазалыда тағы бір күн қалатын болып шештік. Бірақ Қазалыға жақын маңда орналасқан қалалар мен кенттерге жол жүріп бара жатқандар басқа амалын тауып, діттеген жеріне жететінін айтып, кетіп қалды. Сондай-ақ, екі күн бойы Қазалыда күтіп жатпайтынын айтып, такси шақырып кетіп қалғандар да болды. Десе де олар жол жабық болғандықтан бізге қайтып келуге мәжбүр болды. Жалпылама айтсам, жолаушының сексен пайызы екі күн бойы бізбен бірге болды. Осы ретте Қазалының халқына ризашылығымды білдіргім келеді. Қазалыға бізден бөлек, Алматы-Маңғышлақ бағытындағы пойыздың жолаушылары да тұрақтауға мәжбүр болды. Жергілікті халық пен мешіт қызметкерлері бізге екі күн бойы тамақ тасып, жылы-жұмсағын тосып, асты-үстімізге түсіп, бәйек болды. Вагондарға кіріп, жолаушылардан қандай көмек керек екенін сұрап, тіпті дәрі-дәрмек, кішкене балаларды күтіп ұстауға қажетті құрал-жабдықтарға дейін әкеп берді. 6-қаңтар күні кешке сапарды жалғастыру туралы хабар алып, келесі күн түнде Ақтөбеге аман-есен жеттік. Бұл жайттың болғанына бірнеше күн өтсе де, Қазалыдағы халықтың кең пейілі естен кетер емес. Ондағы бауырмал қарапайым жұрттың қонақжайлылығын бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.