Колонияның бұрынғы қызметкері Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)

Колонияның бұрынғы қызметкері Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)

Колонияның бұрынғы қызметкері Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)
ашық дереккөзі

Павлодардағы АП-162/4 колониясының бұрынғы жедел уәкілі Тасболат Жақаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, бейнеүндеу жолдады. Әлеуметтік желіде тарап кеткен шағын видеодағы ер адам басшылықтың қоқан-лоққы көрсетіп, арнайы мекемедегі жұмысынан кетуге мәжбүрлегенін айтады, деп жазды turkystan.kz.

Бұл бейнеүндеу журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында жарияланды.  Бейнежазбада полиция киіміндегі экс-қызметкер биылғы 12 қаңтарда, кешкі сағат 20.00 шамасында мекеме бастығының режим және жедел жұмыс жөніндегі орынбасарының бұйрығымен оған бөлім бастығымен бірге қара дорба әкелгенін, содан кейін жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын айтады. Бірақ автор дорбада не болғанын нақтыламайды.
«2022 жылы 14 қаңтарда басшылық мені департаментке шақырды. Онда департамент бастығының орынбасары мені қорқытып, жұмыстан шығу туралы өз еркіммен баянат жазуға мәжбүр етті. Содан кейін мені және жасақ бастығын жұмыстан шығарды», – дейді Тасболат Жақаев.
Бұрынғы қызметкердің айтуынша, ол араша сұрап облыстық ҚАЖД басшылығына жүгінген, бірақ сөзіне ешкім құлақ аспаған. Тасболат Жақаев Президенттен осы жағдайды анықтауды сұрайды. Әділдік орнағанын қалаған оның зейнетке шығуына екі жыл қалған. Сондай-ақ, төрт баланың әкесі бұған дейін бірде-бір рет қызметіне қатысты шағым алмаған. Павлодар облысының ҚАЖ департаменті қатаң режимдегі колония қызметкері өз еркімен жұмыстан шыққанын растады. Сонымен қатар, видео авторы айтқан деректер тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
«2022 жылдың 14 қаңтарында Т. Т. Жақаевтан ҚАЖД кадр саясаты бөліміне өз еркімен Ішкі істер органдарынан жұмыстан босату туралы баянат түсті. 17 қаңтарда Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының бұйрығымен «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚРЗ 80-бабы 1-тармағының 5-тармақшасы бойынша ІІО-дан босатылды. Қауіпсіздік тобы өтініште баяндалған барлық дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізеді», – деді Павлодар облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметінің өкілі.