Астаналық сәулетші LRT-ны трамвай желісіне айналдыруды ұсынды

Астаналық сәулетші LRT-ны трамвай желісіне айналдыруды ұсынды

Астаналық сәулетші LRT-ны трамвай желісіне айналдыруды ұсынды
ашық дереккөзі

Жас сәулетші Әмір Әбілов LRT құрылысының орнына трамвай қоғамдық көлік желісін салуды ұсынды, деп жазды turkystan.kz.

Жекеменшік компанияда жұмыс істейтін Әмір Әбілов құрылыс нысандарының жобасын әзірлеумен айналысады. Ол - тәжірибесінің аздығына қарамастан Нұр-Сұлтан қаласының қарқынды дамып келе жатқан сол жағалауындағы 5 нысанның авторы.
«Елордада метро болса деген бала күнгі арманым болған. Дегенмен, метро салу оңайға соқпайтынын біліп, есіме трамвай көлігі түсті. Трамвай желісінің құрылысы метро мен LRT-ға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Трамвай – әмбебап көлік және Еуропа елдері оны қайта жандандырып жатыр. Трамвай көлігінің даму тарихы өткен ғасырдың 20-жылдарына сәйкес келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін трамвайға сұраныс азайып, жеңіл автокөлік жүйесі дами түсті. Адамдар машина алып, жолдар да соған сай салына бастады. 90-жылдары еуропалықтар жеңіл автокөлік санының көбеюіне байланысты жолдарды кеңейту мәселені шешпейтінін түсінді. Осылайша, адамдарды жеңіл көліктен бас тартып, қоғамдық көлікке отырғызу идеясы туындады. Аталған идея бір жағынан кептеліс проблемасын шешсе, екінші жағынан, қаланың экологиясын жақсартады», - деді Әмір Әбілов.
LRT Сәулетшінің айтуынша, елорданың көшелері трамвай көлігінің желісіне ыңғайлы. Ол дайындаған жобаны кезең  бойынша жүзеге асыруға болады.
«Жаңа мешіттен ЭКСПО-ға дейін, Қабанбай батыр даңғылынан Самал шағынауданына дейін және Республика даңғылынан ескі вокзал ауданы, яғни, Гете көшесіне дейін трамвайды іске қосуға болады. Одан әрі істің қалай жүретінін қадағалау арқылы көлік желісін жетілдіре түсуге болады. Өз жобамды әзірлеуде Батыс Еуропаның трамвай желісін негізге алдым. 2007 жылы Парижде жаңа трамвай желісі салынды. Сондай-ақ, Марсель қаласында да трамвай желісі жақсы дамыған. Бүгінде бүкіл Еуропада аталмыш көлік қатынасы желісі қарқынды даму үстінде», - деді маман.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев LRT құрылысын сынға алып, ол бойынша оңтайлы шешім қабылдау қажеттігін айтқан еді.