Мұхитты ескек қайықпен кесіп өтпек болған француз қаза тапты

75 жастағы француз саяхатшысы Жан-Жак Савен мұхиттағы екінші жеке саяхатында қайтыс болды. Ол Атлант мұхитын ескек қайықпен кесіп өтпек болған, деп жазды turkystan.kz BBC жаңалықтарына сілтеме жасап.

Британдық телеарна тілшілерінің хабарлауынша, Жан-Жак Савеннің аударылған қайығы саяхат басталған Португалиядан 1,5 мың шақырымдай жердегі Азор аралдарынан табылған. Әзірге саяхатшы қазасының себептері мен жағдайлары белгісіз.

«Өкінішке қарай, бұл жолы мұхит біздің досымыздан күшті болды. Ол теңізді және онда саяхаттағанды сүйетін», – делінген Жан-Жак Савеннің Facebook-тағы парақшасында.

Жан-Жак Савен Атлант мұхиты арқылы екінші саяхатына биылғы 1 қаңтарда шыққан болатын. Ол бұған дейін сәрсенбі күні Facebook-те қатты жел оның жолын 900 шақырымға ұзартқанын және оның күн панелімен қиындықтары бар екенін жазған-ды. Бірақ оқырмандарды алаңдайтын ештеңе жоқ және ол ақауларды тез арада түзететініне сендірді. Алайда, бейсенбіге қараған түні Савен екі мәрте апат сигналын берген. Содан кейін онымен байланыс үзілген.

Бұрынғы десантшы өзінің сегіз метрлік қайығымен мұхитты шамамен үш айда кесіп өту әрекетін «кәрілікке күлу тәсілі» деп санаған.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button