«1083 адам тұтқыннан босатылды» – Бас прокурор

Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа терроризм мен жаппай тәртіпсіздік деректері бойынша жүргізіліп жатқан тергеу амалдарының барысы бойынша есеп берді, деп жазды turkystan.kz.

Ғизат Нұрдәулетов ұсталған және тұтқындалған азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін прокурорлардың қабылдаған шаралары жөнінде баяндады. Бас прокурордың айтуынша, олардың барлығы қорғау, заңды көмек алу, шағым жасау құқығымен қамтамасыз етіліп жатыр. Прокуратура органдарына қаңтар оқиғасына қатысқан азаматтардан 84 шағым түскен. Қадағалау шаралары бойынша ұсталған 96 адам босатылған.

Сонымен қатар қадағалау органының жетекшісі нақты дәлелі жоқ жағдайларда жазаны жеңілдету жөніндегі  Мемлекет басшысының берген тапсырмасының орындалу барысы туралы есеп берді. Берілген мәліметтер бойынша, әкімшілік тәртіпке сәйкес соттардың шешімімен 3314 адам тұтқындалған. Прокурорлар 1884 іске қатысты жазаны жеңілдету жөнінде өтініш берген. Оларды тексеру нәтижесінде 1083 адам тұтқыннан босатылып, 493 азаматқа салынған айыппұл ескерту жазасына ауыстырылған.

Баяндамаларды тыңдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастыру қажет екенін айтты.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button