«Ешқашан аштырмаймын»: марқұмның әкесі мүрдеге эксгумация жасауға қарсы

«Ешқашан аштырмаймын»: марқұмның әкесі мүрдеге эксгумация жасауға қарсы

«Ешқашан аштырмаймын»: марқұмның әкесі мүрдеге эксгумация жасауға қарсы
ашық дереккөзі

Тапа-тал түсте оқ тиіп қаза тапқан 21 жастағы Олжас Әлімжанұлының денесін жақындарының арулап көмгеніне көп уақыт өткен жоқ. Ал 20 қаңтарда қайғы жұтып отырған ата-анаға полицейлер хабарласқан. Олар әлі топырағы кеппеген марқұмның мәйітін қайта қазып алып, сараптама жүргізбек, деп жазды turkystan.kz.

Алматылық Олжас Әлімжанұлы 5 қаңтар күні, яғни жаппай тәртіпсіздік кезінде жұмысқа кеткен. Ол «Алтын Орда» базарындағы дүңгіршектердің бірінде ұялы телефонның бөлшектерін сатумен айналысқан. Бірақ, көп ұзамай, ата-анасына ұлдарына оқ тиіп, оның ауруханаға түскендігі жөнінде хабар жеткен. Жақындарының айтуынша, оқ Олжастың жамбасына тиген. Алайда, оған нақты кімнің және қай жерде қару атқаны белгісіз. Марқұмның әкесі Әлімжан Сәбенұлы мәйітхана қызметкерлері мүрдені түгел тексеріп, өз қолдарымен тапсырғанын айтады. Енді ол баласының қабірінің қайта қазылуына қарсы.
«Баламды Жамбыл ауданындағы Ақсеңгір ауылына жерлейтінімді ауыл әкіміне де, дәрігерге де ескерттім. Мәйітханада мүрдені тексеріп, өздері қолымызға берді. Енді бұлардың мәйітті ашамыз дегеніне 100 пайыз қарсымыз. Бәріне дайынмын. Өлуге де бармын. Ешқашан аштырмаймын», - дейді Әлімжан Сәбенұлы.
Ал марқұмның жақындарына өзі келген аудандық полиция бастығы Айдар Омаров мүрдені қазып, сараптама жасаймыз дейді.
«Сіздердің рұқсаттарыңыз қажет. Бізде аудандық соттың қаулысы бар. Ертең бәрібір сұрақ туындайды. Күдікті адамды ұстау керек қой. Бізге толық құжат керек», - деп түсіндірді Айдар Омаров.
Олжас бір үйдің жалғыз ұлы екен. Артынан ерген қарындасы ғана бар. Ал облыстық Полиция департаменті мәйітке сараптама жасалмаған, қаза тапқан азаматтың қайтыс болу себебін анықтау үшін эксгумация қажеттігін алға тартады.