Әпкесіне ерегіскен 6-сынып оқушысы өзіне қол жұмсады

Әпкесіне ерегіскен 6-сынып оқушысы өзіне қол жұмсады

Әпкесіне ерегіскен 6-сынып оқушысы өзіне қол жұмсады
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысындағы Шұбаршы ауылының кішкентай тұрғыны туған әпкесіне ренжіп, өзіне пышақ сұғып алған, деп жазды turkystan.kz. Келеңсіз оқиғаны Темір аудандық білім бөлімінің басшылығы растады. Жеткіншек қазір аудандық ауруханада ем алып жатыр. Білім бөлімі басшысының айтуынша, оқыс жағдайға отбасылық жанжал себеп болған. Жергілікті мектептің 6-сыныбында оқитын қыз үлкен әпкесінің ескертуін жүрегіне жақын қабылдапты.
«Әпкесі сіңлісіне сабақ оқу қажеттігін айтып, оның ұялы телефонын уақытша алып қойған екен. Ал қыз бұған жауап ретінде өзіне пышақ сұғып алған. Дәрігерлермен барып сөйлестім, оқушының денесінде 1 сантиметрлік тілік бар», – дейді білім бөлімінің басшысы Жұмагерей Наурызғали.
Абырой болғанда, жасөспірімнің өміріне төнген қауіп сейілді. Қазір қыз бала аудандық ауруханада ем алуда. Дәрігерлер ота жасалғанын айтты, жағдайы бірқалыпты деп бағалануда. Отбасында төрт қыздың ең кішісі, сабақ үлгерімі жақсы. Отбасының әлеуметтік жағдайы да жаман емес. Ата-анасы кәсіпкерлікпен айналысады. Оқушылардың әлеуметтік желіге, агрессивті ойындарға қаншалықты әуестігін анықтау үшін қазір аталған мектепте психолог мамандар жұмыс бастаған. Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық Кодексінің 105-ші «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.