«Ереуілге қатысқандарды ұстауда асыра сілтеу бар» – депутат

«Ереуілге қатысқандарды ұстауда асыра сілтеу бар» – депутат

«Ереуілге қатысқандарды ұстауда асыра сілтеу бар» – депутат
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров Facebook-тегі парақшасында жаппай ереуілге қатысып, қамауға алынған азаматтардың өміріне алаңдатушылық танытты, деп жазды turkystan.kz.
«Жан-жақтан азаматтар қаңтар оқиғаларынан кейін түзету мекемелеріне түскен кісілерге қинау мен азаптау әдістерін қолданып жатқанын жеткізіп жатыр. Әрине, бізге шындыққа жету керек. Мемлекеттік тұтастығымызды сақтаудың тетіктерін жасау өте маңызды. Заң мен тәртіп - сол тұтқаның бірегейі. Бірақ, шындыққа жаппай ұрып-соғумен, қинаумен жету мүмкін емес. Асыра сілтеу болып жатқан тәрізді» деп жазды Ерлан Саиров.
Оның пікірінше, құқық қорғау орындары күш көрсету әдісін қолданбаулары керек.
«Онда отырған кісілер біздің азаматтар, қазақ екендігін, біреуге бауыр, біреуге аға болатындығын, сыртқы, ішкі күштердің айтағына ілесіп кетуі мүмкін екендігін ескеруіміз қажет. «Адасқан жандарға» мемлекет өзінің гуманизмін көрсетуі абзал. Әрине, қолына қару алып, мемлекеттік мекемелерге оқ атқан, дүкен тонағандар заң жүзінде қатаң жазасын алуы керек. Заң қатал, бірақ, ол - заң. Заң мен тәртіп – мемлекеттің басты фундаменті. Бірақ ұрып-соғу, қинау, азаматтық құқықты таптауға жол беруге болмайды. Бізге қазір кешірім, мейірім, бауырластық сезімін күшейтетін қадамдар өте қажет», - деді ол.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты бұл мәселе бойынша құзырлы органдарға сауал жолдайтынын жазды. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт шеруге қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керектігін айтқан болатын.