«Ауыл атын жамылғандардың қалтасын қампайта беру – елге деген опасыздық» - сенатор

«Ауыл атын жамылғандардың қалтасын қампайта беру – елге деген опасыздық» - сенатор

«Ауыл атын жамылғандардың қалтасын қампайта беру – елге деген опасыздық» - сенатор
ашық дереккөзі
Сенатор Ақылбек Күрішбаев өзінің Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында ауыл мәселесін көтеріп, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды сынға алды. Сондай-ақ Үкімет басшысын ауылдың өзекті мәселелеріне назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жыл артқан сайын өте төмен деңгейге құлдырап кеткен, деп жазды turkystan.kz. Бұл ретте сенатор жұмыссыздық салдары тағы бір проблеманы туғызып отырғанын айтып, бүгінде ауыл халқының қалаларға кету динамикасының артып отырғанын тілге тиек етті.
«Біз жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсеткендей, еңбекке қабілетті халықтың 41 пайызы ауылдардан қалаға көшуді қалайды. Әрине, урбанизацияның әлемдік үрдіс екені түсінікті, бірақ оны басқару керек қой. Жақын маңдағы ауылдардан бір сәтте халықтың жаппай көші-қоны басталса, біздің қалаларымызда не болмақ? Егер ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін ешкім қалмаса, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Шекаралас аудандар қалай қорғалмақ?» – деді ол.
Депутат бұл мәселе еліміз үшін тек экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси және стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Сондықтан Үкіметтің ауылдарды дамытуға неге тиісті көңіл бөлмей келе жатқанын сынға ала отырып, сенаторлардың осыған дейін парламенттік тыңдауда берген ұсыныстарының негізгі тармақтарының әлі де орындалмағанына назар аудартты. Сонымен қатар, Ақылбек Күрішбаев ауылдарды дамытуға ірі ауыл шаруашылығы компаниялары белсенді үлес қосуы тиіс екенін атап өтті.
«Ықпалды Парламентті Үкімет осылай тыңдау керек пе? Неге Үкімет Сенатқа құлақ аспайды?» - деген сауалды шегендеп тұрып айтқан сенатор, Үкіметке арнайы жол көрсетіп, ауылды дамытудың бағдарын төмендегі сауалдар төңірегінде нұсқады.
Біріншіден, ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасына, яғни «Ауыл – ел бесігі» жобасына жеке ұлттық жоба мәртебесі берілмеген. Егер бізде осы стратегиялық маңызды мәселе бойынша дербес бағдарламалық құжат болмаса, ауылды басымдықпен қалай дамытамыз? Екіншіден, ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін Ұлттық экономика министрлігінің қарамағынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру ұсынылды. Өйткені өндірісті дамыту және ауылда жұмыс істейтіндер үшін қолайлы жағдай жасау – таразының екі жағындай ішкі байланыстағы мәселелер. Нақтырақ айтсақ, кез келген ауылды дамытудың негізінде ауыл шаруашылығы өндірісі жатыр. Ауылда болып жатқан жағдайдың мәнін түсінбегендіктен, Ұлттық экономика министрлігінің ауылдық елді мекендерді дамыту әлеуетін айқындау кезінде экономиканы, халықты жұмыспен қамту мәселесін емес, демографияны бірінші орынға қоюына алып келді. Үшіншіден, ауылдық жердегі және ауыл шаруашылығындағы басты проблемалардың бірі – кадрлардың тапшылығы. Ашығын айту керек, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы тиісті түрде жұмыс істемейді және онда көзделген мемлекеттік қолдау шаралары қайта қарауды талап етеді. Еске сала кетсек, сенаторлар ауыл жастары үшін жоғары білімнің қолжетімсіздігін Үкіметке бірнеше рет жеткізген болатын. Сондай-ақ Ақылбек Күрішбаев ауыл жастарын оқытудың арнайы тетіктеріне де өзгерістер енгізу керектігін алға тартты.
«Біз мемлекеттік білім беру гранттарын және степендияларды тағайындау тетіктерін өзгертуді, оларды тек ҰБТ нәтижелерінің негізінде ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қолдаусыз оқи алмайтындарға әлеуметтік қолдау ретінде бөлуді ұсындық. Бірақ, өкінішке қарай, бұл депутаттық сауалымызға кеңсе әдеті бойынша сырғытпа жауап алдық. Сондай-ақ екі парламенттік тыңдаудың ұсынымдары мен депутаттық сауалымызда Білім және ғылым министрлігіне аграрлық мамандықтарға түсушілер үшін ауылдық квотаны 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайту ұсынылды. Бұл ауыл мектептерінің түлектеріне жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін көтеріп қана қоймай, диплом алғаннан кейін оларды ауылда жұмысқа орналастыру мүмкіндігін де арттырады. Бірақ бұл депутаттық сауалымызға «соңғы 3 жылда аграрлық мамандықтар бойынша игерілмеген білім беру гранттарының саны 3778 бірлікті құрады» деген жауап келіп түсті. Бірақ талдау көрсеткендей, бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Сізден Парламент Сенатына осындай жауап жібере салатын орындаушыларды анықтап, жазалауды сұраймын», - деді депутат.
Тағы оқи отырыңыз: Сенатор ауыл тұрғындарының 35 мың теңгеге күнкөріп жатқанын ескертті Оның айтуынша, ауылға жағдай жасаймыз деп белгілі бір ауыл атын жамылған адамдардың қалтасын қампайта беру – елге деген опасыздық.