Акция аясында 278 балаға қысқы киім тегін таратылды

Акция аясында 278 балаға қысқы киім тегін таратылды

Акция аясында 278 балаға қысқы киім тегін таратылды
ашық дереккөзі
Елордада «Балаларды қысқа киіндірейік!» қайырымдылық акциясы өтті. Шара барысында көмекке мұқтаж ерекше балаларға қысқы киімдер табысталды. Іс-шараға мұрындық болған - Biz Birgemiz Qazaqstan қоғамдық қоры мен Jas Otan жастар қанатының белсенділері. Ал акцияның бас демеушісі – «Ғабит Сәтмағамбетов» жеке қоры. Biz Birgemiz Qazaqstan қорының төрағасы Қайрат Перизаттың айтуынша, аталмыш акция Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдау мақсатында өткізілуде.
«Мемлекет басшысы өзінің жаңажылдық Үндеуінде 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауды ұсынып, «өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп атап өтті. Biz Birgemiz Qazaqstan қоғамдық қорының бірінші кезектегі міндеті – ерекше балаларды және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын әлеуметтік қолдау. Өткізілетін шаралар мен акциялардың басым бөлігі осыған бағытталған. Бүгінгі акция да соның дәлелі», – деді ол.
Өткізілген акция аясында 100 ерекше бала – «Батыр» ҚБ тәрбиеленушілеріне қысқы жылы киімдер берілді. «Ғабит Сәтмағамбетов» жеке қорының директоры Айнұр Оспанқызы атап өткендей, киімдер әр баланың жеке сұранысына сәйкес сатып алынған.
«Бүгін біз Biz Birgemiz Qazaqstan қорымен бірлесіп кезекті қайырымдылық іс-шараны өткізіп жатырмыз. Бұған дейін қайырымдылық кеші, жаңажылдық ертеңгілік және басқа да көптеген акциялар өткізілді. Ал қазір балаларға қысқы жылы киімдерді: күртеше, худи, аяқ киім және т.б. табыстаймыз. Әрбір бала өзіне қажетті киімді алғанын атап өткім келеді», – дейді Айнұр Оспанқызы.
Акция барысында жалпы 278 қысқы киім таратылды. Атап айтқанда, елордада – 100, Ақмола облысында – 100 және Алматы қаласында – 78 киім өз иесін тапты. Алматыда киімдер негізінен жаппай тәртіпсіздіктер кезінде зардап шеккен аз қамтылған отбасылардың балаларына берілгенін атап өткен жөн.