Жаңалықтар

Несиесі бар азаматтар әскер қатарына қабылданбайды

ашық дереккөзі

Несиесі бар азаматтар әскер қатарына қабылданбайды

Әскер қатарына қабылдау талаптары биылғы жылы біраз күшейді. Көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында азаматтық борышын өтеймін деген азаматтардың қомақты несиесі болмауы тиіс екен. Биылғы жылы әскер қатарына қабылданатын жас сарбаздар электронды түрде 126 сұрақтан тұратын психологиялық тест тапсырады. Ал шекара қызметіне жол тартатындар «шындық детекторынан» өтеді. Соңғы уақытта әскерде өз-өзіне қол жұмсайтын сарбаздардың көбейіп жатқандығын ескеріп, алдын ала жас сарбаздардың жүйке жүйесі де тексеруден өткізіледі. Сәуір айының алғашқы күнінен бастап жүріп жатқан тексеріс барысында психологтың сынынан сүрінген азаматтар саны біразға жеткен. Бір ғана Алматы қаласының өзінен биыл 23 мың ер азамат әскер қатарына шақырылған. Оның тек 5 мыңы ғана медициналық тексеруден өтуге жолдама алған. Ал барлық тексерістен өткен жас сарбаздар саны 1 мыңға әзер жетіп отыр. Ер азаматтардың көпшілігінде жүрек және жүйке ауруларының белгісі байқалғандықтан, олар дәрігерлердің тексерісінен өте алмаған. Мамандардың тексеруінен сүрінбей өткендер енді Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанады. Бір қуантарлығы, биыл әскерге өздері сұранып, талпыныс білдіргендер саны едәуір көбейіпті. Бүгінгі қазақ жауынгерлерінің 60 пайызы жоғары білімді азаматтар. Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдан бастап әскерге барудан бас тартқан азаматтар жауапқа тартылады. қылмыстық кодекстің 387 бабы бойынша, әскерден қашқандар 1 жылға бас бостандығынан айырылады немесе 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.