«Сырттан тон пішу дұрыс емес» – Нұртөре Жүсіп

«Сырттан тон пішу дұрыс емес» – Нұртөре Жүсіп

«Сырттан тон пішу дұрыс емес» – Нұртөре Жүсіп
ашық дереккөзі
Сенат дептутаты Нұртөре Жүсіп Еуропарламенттің арнайы қарарына қатысты пікір білдірді, деп жазды turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Францияның Страсбург қаласында Еуропа Парламентінің биылғы алғашқы пленарлық отырысы өткен екен. Сол отырыста Қазақстандағы қаңтар оқиғалары талқыланып, Еуропа Парламенті Қазақстанға қатысты арнайы қарар қабылдапты. Бұл біржақты қабылданған қарар. Алыста отырып, біздің елімізде орын алған оқиғалар туралы бұлай сырттан тон пішу дұрыс емес. Алдымен елдегі жағдайдың қандай болғаны, оқиғалардың қалай өрбігені жөнінде әртүрлі ақпарат көздерінен шынайы ақпарат алу қажет еді. Бұл үшін парламентаралық іс-қимыл арналарының ақпараттарын пайдалану ақылға қонымды болар еді. Өкінішке қарай, Еуропа Парламенті бірқатар БАҚ пен әлеуметтік желідегі желсөздерді ғана басшылыққа алғанға ұқсайды. Бір нәрсенің басын ашып алу қажет. Қаңтар дүрбелеңі кезінде бейбіт шеруге шыққандар болды. Бұл даусыз дерек. Ал ары қарай жағдайды ушықтырып, арандату әрекеттеріне барған бүлікшіл, бұзақы пиғылдағылар болғаны да анық. Жаппай тонауға, өртеу мен қиратуға кіріскендер солар», - деді ол.
Сенатор қазір еліміздегі құзырлы органдар бұл оқиғаны түп-тамырына дейін тексеріп жатқанына баса назар аудартты.
«Екінші мәселе. Оқиғалар барысына терең сараптама жүргізетін болсақ, бейбіт шеру қаңтардың алғашқы күндері еліміздің батыс аймағынан басталып, ешқандай бүлік болмағанын көреміз. Тіпті, «Алматы трагедиясынан» кейін батыс өңірде, Маңғыстау жақта бұта да сынған жоқ. Ештеңе бүлінген жоқ. Билік тарапынан қандай да бір қатты қысым болмағаны белгілі. Азаматтардың бейбіт шеруге шығу, өз талаптарын білдіру құқығы сақталды. Шеруге шыққандар газдың бағасын түсіру туралы талап етті. Билік бұл талапты орындады. Мемлекет басшысы «барлық талаптар ескеріледі, тиісті шешімдер қабылданады» деп айтты. Артынша Үкімет отставкаға кетті. Елде әлеуметтік-экономикалық нақты шаралар қабылданатыны хабарланды», - деді Нұртөре Жүсіп.
Алайда, ол Қазақстанға қарсы агрессия жасағысы келгендер мұнымен қанағаттанып қалмағандығын атап өтті. Айтуынша, олар бейбіт шерудің артын лаңкестік әрекеттерге ұластыруды көздеп, бұлғақты бастап жіберді. Үшінші күштер ел іргесін шайқауға ұмтылды. Әуелгі әлеуметтік-экономикалық талаптар жайына қалды.
«Еліміздің бірқатар аймағында мемлекеттік мекемелерге, әкімшіліктер мен сауда орталықтарына, дүкендерге қарақшылық шабуыл жасалды. Жағдай шектен шығып кеткен соң құзырлы органдар халықты қорғау үшін қару қолдануға мәжбүр болды. Мұндай жағдайда бүлікшілермен келіссөзге келу мүмкін болмай қалды. «Азаттықтың алтын бесігі» атанған Алматыны от пен өртке орап, аяусыз қирату орын алды. Басқа бірқатар аймақта бір орталықтан басқарылған бүлдіру әрекеттері жалғасты. Мемлекетіміздің тағдыры қыл үстінде тұрды. Сыртқы күштер жағдайды өз мақсаттарына пайдаланып, Қазақстанды отқа орағысы келгенін көзіқарақты адамдардың бәрі көрді. Сондықтан азаматтардың бейбіт шеруге шығуын шектеп, құқықтарын бұзды деген айып тіптен ретсіз. Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжатты қабылдау да қисынсыз. Тергеп-тексеру нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатын болар. Сол кезде ел де, әлемдік қауымдастық та ақиқатқа көз жеткізеді», - деп сөзін қорытындылады сенатор.