Ақтөбеде ұрылар операторды балғамен ұрып, ЖҚС-ін тонап кетті (ВИДЕО)

Ақтөбе қаласындағы жанармай құю бекетіне шабуыл жасаған екі күдікті ұсталды. Бұл туралы Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады turkystan.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Күдіктілердің қылмысы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бас киімін түсіре киіп, медициналық маскамен бетін тұмшалаған қылмыскерлер қала орталығындағы жанармай құю бекетін тонап кеткен. Бірі қолына балға ұстап, екіншісі пышақпен қаруланып келген.

Жанармай құюшы операторды балғамен ұрып, кассирді пышақпен қорқытып, 100 мың теңге, ұялы телефон және бірнеше темекі алып кеткен.

Полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізіп, екі күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олардан барлық ұрланған заттар тәркіленген.

«Досым екеуміз оның үйінде ішімдік ішіп отырдық, содан кейін мен оған жанар-жағармай құю бекетін тонауды ұсындым. Бірден, тіпті ойланбастан сол жаққа бардық. Мен мас болдым, істеген ісіме өкінемін», – деді күдіктінің бірі.

Қазір Қылмыстық кодекстің 192-бабы, 2-бөлігі («Тонау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button