Жаңалықтар

Спортшыларымыз Бейжің Олимпиадасына қалай киініп барады?

ашық дереккөзі

Спортшыларымыз Бейжің Олимпиадасына қалай киініп барады?

Ұлттық Олимпиадалық комитет 2022 жылғы Бейжің ойындарына арналған Қазақстан командасының формасын көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлады turkystan.kz ҰОК-ке сілтеме жасап. Олимпиадалық командаға арналған спорттық форманы қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарды. Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған. Екі өндіруші ең жоғары талаптарға сай келетін, өндірістегі эко-шешімді қолдайтын және киім дизайнының әлемдік трендін қолданатын ортақ олимпиадалық эпикировка коллекциясын ұсынды. «Форманың таныстырылымына шақырту алғанымда таңқалдым әрі қуандым. Өйткені, қысқы спорттағы атлеттеріміздің нәтижесін үнемі қадағалап жүремін. Бір күн бойы өзімізді модель сезіндік. Мұндай қызық жобаға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе. Форма қатты ұнады, түсі де, эпикировканың сапасы да қуантады. Өте жылы әрі денеге жақсы тұрады. Спортшылар жабық ғимараттарда да, үлкен стадиондарда да өздерін ыңғайлы сезінетіні анық. Айтпақшы, олардың ең стильді болатынына да күмәнім жоқ. Алдағы ең маңызды жарыста қазақстандық командаға сәттілік тілеймін. Алға!”- деді Токио Олимпиадасының жүлдегері, каратэші Софья Берульцева. Пандемия кезінде жеңіл өнеркәсіп басқа да салалар секілді бүкіл әлем бойынша кедергілерге тап болды. Тауарды жеткізу логистикасы бұзылды, тіпті, әлемдегі ең үлкен брендтердің өзі киімді бұрынғыдай мерзімде, бұрынғыдай көлемде шығара алмайды. Сондықтан жеткізушіні таңдау кезіндегі басты талап – сенімділік, тігін өнеркәсібіндегі алдыңғы технологияларды пайдалану, одан бөлек, киімді дайындаудағы толық өндірістік цикл болатын. Шеруге арналған форманы тігу көптеген жылдар бойы ірі компаниялармен, футбол және хоккей клубтарымен жұмыс істейтін, сондай-ақ, FISCHER  компаниясына арнап Еуропаға тау шаңғысы экипировкасын экспорттайтын «SHISHKIN тігін мануфактурасына» сеніп тапсырылды. Дизайнерлер бұл жобаға толыққанды дайындалды, Қазақстанның мәдени ерекшеліктері мен әлемдік сән трендіндегі маңызды жайттарды сараптады. Киімдегі жазуға бірегей шрифт таңдалды. Жарысты қабылдаушы елдің дәстүрлері де назардан тыс қалған жоқ. Олимпиада өтетін жыл су жолбарысы жылымен сәйкес келеді, ал шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылғы түс «талаптарына» аспан көк, қара және ақ түс сәйкес келеді. Бейжіңде Қазақстан командасы біртұтас ойластырылған жиынтыққа ие болады. Киім Қытайдағы қысқы климатқа арнайы ойластырылған. Мұнда температура кей кездері 20 градустан да төмендейді. Сондықтан сыртқы киім табиғи қаздың жүнімен толықтырылған, жылуды сақтап, суықты өткізбейтін заманауи жарғақтық материалдар қолданылған. Көлеміне қарамастан, киімнің салмағы аз, өте иілімді және еркін қозғалуға ыңғайлы. Дизайнерлердің пайымынша, олимпиадашылар бұл форманы спортттық аренадан басқа жерлерге де кие алады. Айта кетейік, қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні Бейжіңде басталып, 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстан командасы спорттың сегіз түрінен бақ сынайды.