Жаңалықтар

"Байтақ болашақ"экологиялық мәселемен айналысады

ашық дереккөзі

"Байтақ болашақ"экологиялық мәселемен айналысады

Елімізде экологиялық проблемалармен айналысатын «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі елімізде өршіп тұрған экологиялық мәселелерді шешу үшін, еліміздің «жасыл» экономикаға көшуін қолдау, ресурстарды үнемдеу әдісін шаруашылыққа енгізу, гуманистік ой қалыптастырып, табиғатқа деген сүйіспеншілікті ояту мақсатымен құрылды. Сол үшін қоғамдық бірлестік билік органдарының, бизнес бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми институттарының және қоғамның күшін біріктіргісі келіп отыр», дейді бірлестік төрағасы Азаматхан Әміртай. «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы қоғамда жаңа көзқарастағы үрдістердің қалыптасуына үлес қоспақ. «Барлық мүдделі қауымдастықтарды «жасыл» экономикаға өту Концепциясын жүзеге асыруға, оның ішінде қуатты үнемдеу, экологиялық құрылыс және қоршаған ортаны қорғау бағдарламаларына жұмылдыруды көздеп отырмыз. Қоғамдық сараптама деңгейінде «жасыл» экономика мен қоршаған орта саласындағы заң жобаларын талқылау, нормативтік-құқықтық акті жобаларының сараптамасын жасауды қолға алудамыз. Қазақстандық заңнамаға халықаралық экологиялық стандарттарды қолдану және қазақстандық жағдайға халықаралық стандарттарды бейімдеу де көзделіп отыр», деп атап өтті бірлестік төрағасы.