Дәнеш Дүнгенбай – қазақтан шыққан тұңғыш ММА чемпионы
Дәнеш Дүнгенбай – қазақтан шыққан тұңғыш ММА чемпионы
Көпшілік елімізде ережесіз жекпе-жек спортының дамуын Ардақ Назаровпен байланыстырады. Тіпті, арамызда Ардақты қазақтан шыққан тұңғыш жекпе-жек шебері деп жүргендер бар. Ал бірақ Ардақтан бұрын алаңда атой салған Дәнеш Дүнгенбаев екенін олар біле бермейді. 1996-2005 жылдар аралығында Қазақстан, Еуразия, әлем чемпионаттарында қарсылас шақ келтірмеген Дәнеш кезінде «Найман» атымен танылған Қуат Хамитовты, «Қазақ» деп ұрандатып жүрген Қайрат Ахметовті жаттықтырған. Спорттағы мансабында 82 кездесу өткізіп, 82-сінде де жауырыны жерге тимеген «жауынгер» бүгінде Алматыда жеке зал ашып, әуесқойлар мен кәсіби спортшылардың бабын келтіріп жүр. Газетіміздің осы нөмірінен басталған «Сіз қайда жүрсіз?» атты жаңа айдарда елді танытуда елеулі еңбегі бар, десе де есімі ұмыт қалған Дәнеш Дүнгенбаевпен әңгімелескенді жөн санадық.
– Қазірдің өзінде ата-аналар баласының аса қауіпті саналатын ережесіз жекпе-жекпен айналысқанына қарсылық танытып жатады. Ал сіз топқа түскен 90-жылдарда ата-анаңыз сол кезде беймәлім болған MMA-мен болашағыңызды байланыстыруға үзілді-кесілді қарсы болған шығар. Оларды қалай көндірдіңіз?
– Бастапқыда анам қарсы болды. Бірақ кейіннен бұл спорттың мен үшін маңызын түсінген соң, райынан қайтты. Әкем ертеректе дүние салған. Мен 1975 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Шонжы ауылында дүниеге келгенмін. Бірақ әкем өмірден өткен соң анам 1982 жылы бізді Талдықорған қаласының маңында орналасқан Жетіжал совхозына көшіріп әкелді. Сол ауылда өсіп-өнген, еркін күрестен 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қола медаль иегері Мәулен Мамыров екеуіміз көрші тұрдық. Жалпы, менің спортты жаныма серік етуіме Мәуленнің тигізген ықпалы зор. Ол уақытта Мәуленнің талай жарыста алдына жан салмай, жарқырап жүрген кезі. Осылайша, Мәуленге еліктеп, 9 жасымнан бастап еркін күреспен айналыса бастадым. Кейін 16 жасымда Қазақстан чемпионатында жүлдегерлер қатарына ілініп, спорт шебері атағын иелендім. Сосын әскерге шақырылдым, еншімде спорт шебері атағы болғандықтан Алматыдағы Армияның орталық спорт клубының арнайы ротасына қабылдандым. Әскерден келген соң, үлкен қалада істейтін жұмыс, жататын орын, ішетін тамақ болмағандықтан, қиын-қыстау сәттерді басымнан өткердім. Алматыда біраз сандалып, бір жылға жуық жұмыссыз жүрдім. Бірде Абай мен Правда көшесінің қиылысынан өтіп бара жатқанда Балуан Шолақ сарайында «Универсальный боец» турнирі өтетіні туралы хабарланған афишаны көзім шалды. Сөйтсем, Ресейден келген орыстар UFC-дің ережесіне сай жекпе-жек кештерін өткізуді қолға ала бастапты. Содан соң афишадағы телефон нөмірді жазып алып, орыс тілін білмегендіктен ауылдас ағаларыма барып, ұйымдастырушыларға хабарласып, көмектесуін сұрадым. Бірақ олар жекпе-жек кешіне 70 келіден жоғары салмақтағы атлеттер ғана қатыса алатынын айтып, менің өтінішімді қабылдамай қойды. Ал сол кезде менің салмағым 62 келі болатын. Десе де олар көзімнен бір ұшқынды байқаған болуы керек, кейіннен рұқсатын берді. Осылайша 1996 жылы бірінші кездесуімде жеңіске жеткен соң, бұл спортқа ықыласым ауғаны соншалық, 2005 жылға дейін жеңіліс көрмей, тек жеңіс тұғырынан көріндім. Еуразия чемпионатын екі мәрте ұттым. Қазақстан біріншілігінде 7-8 мәрте жеңімпаз атандым. Кейін Оңтүстік Корея астанасы Сеулде өткен әлем чемпионатында 1-орынға ие болдым. Сол жарыстан соң спортты қойып кеттім.
– Қазір бізде ережесіз жекпе-жекпен айналысып жүрген атлеттердің басым көбі – 30 жастан асқандар. Ал сіз керісінше 30 жасыңызда спорттан қол үзуді құп көріпсіз. Не себеп болды?
– Негізі, спорттағы жолымды әрі қарай жалғастырғым келген, бірақ ол кезде жол сілтеп, жөн көрсететін, демеуші табатын мықты менеджер болмады. Өзіңіз білесіз, біздің спортта менеджерсіз жұмыс істеу мүмкін емес. Негізі, бір жылдай амал-айласын табуға тырысып бақтым, бірақ мұнымнан түк шықпаған соң, спортпен біржола қоштасуға тура келді.
– Лақап атыңыз «Волевой» болғанын білеміз. 82 жекпе-жекте қарсылас шақ келтірмеуіңізге бапкерлеріңіз айтқандай расымен бойыңыздағы мықты ерік-жігер мен асқақ рух себеп болса керек.
– Мақтанбаймын, бірақ менде функционалдық даярлық мықты болды. Көп жүгіретінмін әрі бассейнде көп жүзетінмін. Осылайша, өз-өзімді баптау арқылы кім-кімге болса да қарсы тұруға мықты «иммунитет» қалыптасты. Қарсылас соққыға жықса да, тайсалмай, соңына дейін төбелесетінмін. Дейтұрғанмен қанша жерден мықты атлет болсаң да, жүрексініп, «сен тұр, мен атайын» дейтін атлеттермен айқасуға қобалжисың. Мұндай кездерде баpынша салқынқандылық танытып, сес көрсетуге тырысатынмын. Айта кетерлік жайт, ол кезде ережесіз жекпе-жектің ережесі мүлде басқа болатын. Бір раунд 30 минутқа жалғасады. Чемпион болу үшін бір күнде төрт кездесу өткізетінбіз. Осыдан-ақ ойлай беріңіз, бір күнде жарты сағаттан төрт кездесу өткізіп, төртеуінде де жауырының жерге тимей жеңіп шықсаң, фаворит ретінде енді жеңілуге құқың жоқ екенін түсінесің. Содан соң ол уақытта тек екі салмақта: 75 келіге дейін және 75 келіден жоғары салмақта төбелесетінбіз. Осы ретте қарсыластарымның ішінде ұрып жығу қиынға соққан бір кездесуді айтып өтейін. Бірде Ресейде ұлты якут Анатолий Танаев деген мықтымен төбелесетін болып келістік. Ол кезде якуттың салмағы 75, ал менікі 62 келі болды. Екеуіміз интернет арқылы 65 келіде айқасамыз деп келіскен едік, бірақ мен барған кезде ол салмақ қумағанын, 75 келіде төбелесетінін мәлімдеп, талаптарын айтып тұрып алды. Менімен бірге еріп келген ағаларым «Енді қайттік? 13 келі айырмашылық ауыр болуы мүмкін. Шықпаймын десең келісеміз. Өзің біл» деп ақылын айтты. Ал мен осы жекпе-жекке тыңғылықты дайындалып, сонау жерден ат арытып келгендіктен бас тартпайтынымды айтып, ақырында әлгі якутты айқын басымдықпен жеңдім.
– Бір сөзіңізде шәкірттеріңіздің ережесіз жекпе-жек шеберлерінің бас лигасы саналатын UFC-де өнер көрсетуін негізгі мақсат санамайтыныңызды айтып қалдыңыз.
– Көбісі сіз секілді «сондағы басты мақсат UFC емей, немене?» деп сұрайды. Бірақ мен шәкірттеріме «Сен UFC лигасына «ілінуге» тырыс. Сен үлкен аренада төбелесуің қажет» деп айтпаймын. Біреуді мықты, біреуді әлсіз деп бөле-жармаймын. Елу шәкіртімнің барлығына бірдей қараймын. Мендегі басты ұстаным – мықты спортшы болмасаң да, жақсы адам бол. «Спортшылар бұзақы келеді, кітап оқымайды» деген стереотип олардың «қыр соңынан» қалмай келеді. Соны теріске шығару үшін барымды салып жүрмін. Шәкірттеріме «Көшеде біреуді ұрғың келіп, күшің асып-тасып жатса, аренаға шық та, өнеріңді көрсет» деп үнемі ақыл айтып отырамын. Тек спортпен шектеп қалмай, олардың оқу үлгерімін де қадағалаймын. Кезінде оқуға онша көңіл бөлмегендіктен, көп мүмкіндікті мүлт жіберіп алдым. Ол кезде «Оқы, ізден, әлі де кеш емес» деп айтатын адам табылмады. Өз басымнан өткен соң, шәкірттеріме оқудың маңызын айтып, құлағына құйып отырамын. Арасында жоғары білім алуға жағдайы болмағандар болса, қолымнан келгенше оқуға түсіруге көмектесемін. «Күніне залға келіп, біреуді ұрып жығуды ғана үйренбей, жан-жақты болыңдар, шешен сөйлей біліңдер. Ағылшын тілін үйреніңдер. Ертең шетелге жарысқа барсаңдар қажет болады» деп тағы айтамын. Ондайда Ардақ Назаровты үлгі ретінде келтіремін. Кезінде Ардақтың жастанып алып, көп кітап оқығанын көрдім. Ардаққа ұқсаса, жаман болмас. Әлбетте, баптап өсірген шәкіртіңнің UFC-де өнер көрсетуі бір бақыт. Десе де олар адам болу қасиет, азамат болу міндет екенін ұмытпауы керек.
–Әңгіме соңында ережесіз жекпе-жек спортының елдегі даму қарқыны жайлы бірер сөз айта кетсеңіз.
– Кезінде ережесіз жекпе-жекті жанына серік еткендерді біріктіретін жалғыз Alash Pride болса, қазір елімізде бұл спорттан шоу ұйымдастыратын промоушндардың қарасы көбейді. Әрқайсысының демеушісі, келісімшарт жасасқан спортшысы бар. Көп болғаны жақсы-ақ, сонысымен қызықты әрі тартысты бәсеке болады. Айта кетерлігі, олар есімі әлемге белгілі атлеттеріміздің даңқын асырып жатыр. Ал сол мықтылардың жекпе-жекке шығу үшін қомақты қаржы сұрайтынын да естен шығармаңыз. Мысалы, Арман Оспанов 1 000 АҚШ доллар талап етуі мүмкін. Ал Арманмен төбелесетін мықтыны Бразилиядан я Америкадан шақыру үшін де қыруар қаражат қажет. Сондықтан қазір промоушндардың арасында өзара кім мықтыны анықтауда қызу бәсеке жүріп жатыр. Бұл – құптарлық нәрсе. Бірақ мұның кемшін тұсы да бар. Сол промоушндардың басын біріктіретін бір федерация ашылса деген тілек бар. Олар тым көп. Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін боксшылар мен балуандар секілді жекпе-жек шеберлері нөмірі бірінші, екінші және үшінші спортшы болып бөлініп, жалақы алып тұрса игі. Федерациялардың әр аймақта штабтары жұмыс істейді. Ондағылар ауыл-аймақтағы спортшыларға көп көңіл бөледі. Біздің спортқа да осылай назар салса дейсің.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ