Қыз баланы шетелде оқыту қателік пе?

Жаңа жыл кешінде сыйласып, құрметтеп жүрген кісі­лерге телефон шалып, келе жатқан Жаңа жылмен құт­тықтап, жақсы игілікті тілектер айтатын әдетім­мен сыйлы әріптесіме қоңырау шалдым. Аман-саулық сұрасқан сәт­те әлгі ағаның көңіл күйінің төмен екенін байқап:

– Аға, көңіліңіз тым пәс қой, оған не се­беп? – деп сұрақ қойдым.
– Иә, оның рас. Жаңа ғана көрші қаладан кел­­дім. Жеңгең екеуміз ұлымның жаңа құда­лары­мен танысып, құдалығын атқарысып кел­дік.
– Оның несі бар? Қайта қуанбайсыз ба? Жас­тар өз теңін тауып, шаңырақ көтеріп жат­қаны жақсы емес пе?
– Ә, несін жұмбақтай берейік… Екі немере қы­зым да шетелдік азаматқа күйеуге шығып, өз­ге елдің келіні болып, сол бөтен елге қоныс ау­дарып кеткендері көңілге қаяу түсіріп, жүрек­ке салмақ салады. Бірінші немере қы­зым әкесі мен шешесінің ақылымен Европа мемлекетінің бірінде жоғары білім алып, ис­пандық азаматқа тұрмысқа шығып, Барсе­ло­наға кеткеніне көп жылдар болды. Ал екін­ші немере қызым да «Мен де әпкем сияқ­ты шетелде оқимын, біздің елдің жоғары бі­лім беретін оқу сапасын көріп отырсыздар ғой. Өзімнің қалауым сол, тек шетелде оқи­мын» деп қасарысып отырып алғаннан соң «Жарайды, қай жаққа барғың келеді?» деп өз таңдауын білгіміз келді.
Әрине, біз қарсылық етпедік. Жолы бо­лып Сеул университетіне оқуға тү­сіп, біздің мерейімізді өсірді. Алғыр, білімді, өжет қызымыз биыл соңғы курсында оқып жүр­ген болатын. Оның бұл жетістіктеріне іші­мізден қуанып жүрдік. Болашағынан зор үміт күтіп жүрген сол қызымыз бір күні те­лефон шалып былай деді:
«Айып етпеңіздер, мен өмірлік серігімді, ма­хаббатымды осы Кореядан таптым. Бо­ла­шақ күйеу балаларыңыздың білімі жоғары, тек­ті отбасынан шыққан корей азаматы. Жел­тоқсан айында құдаларыңыз сіздерге ар­найы барып, танысып, қазақ дәстүрімен ма­ған сырға саламыз деп отыр. Соған дайын­да­лыңыздар, қабақ шытпай қарсы алу­ларыңыз­ды өтінемін, ұят болып жүрмесін…».
«Жаңа жылға он шақты күн қалғанда корея­лық құдалар мен жаңа күйеу баламыз бізге қонаққа келді. Өз қолыңды өзің кес­пей­сің. Барлығына көндік. Тағдырдың жаз­ғаны­нан қайда қашасың? Көзіміз күліп, жүрегіміз жы­лап тұрса да, құдалыққа келгендерді бары­мыз­ша күтіп, сый-сияпат жасап, абыроймен шығарып салдық. Бірақ, шынымды айтайын, санамыз сан жаққа жүгіріп, бармағымызды тістелеп, көңілде зіл салмақ қалды. Содан кейін «Қыз баланы шетелде оқыту үлкен қа­те­лік екен. Ол басқа елдің шашбауын көтеріп, сол елдің ұрпағын өсіруге, көбейтуге үлесін қо­сып кетеді екен. Өскен жеріне, өскен еліне қыз бала қонақ екен. Әттең-ай, қыз өсіріп, тәр­билеп, оған білім берген еңбегіміз сөйтіп бос, далаға кетті» деген ойға келдік. Өкін­ген­мен не пайда, қателік өзімізден болды. Жо­ғары білімді өз елімізде алып, бүгіндері жауап­ты қызметте жүрген қыздарымыз аз ба? Ен­деше, қыз баланы шетелге оқыту дұрыс па? Олардың қаншасы ертең өз еліне оралады? Қаншасы өзге елдің азаматтарына тұрмысқа шығып, басқа елдің «шамын жағады»? Бұл – қыз өсіріп, оны шетелде оқытып жүрген әрбір аза­маттың ойында жүрген ауыр сұрақ…», – деп аяқтады өз пікірін сыйлы әріптесім. Өкі­ніштен өзегі өртеніп, күйініп тұрғаны дау­сынан білінеді.
Шынында, бұл – кімді болмасын ой­лан­­дыратын мәселе. Еріксіз таяуда әлеу­меттік желіде еліміздің белгілі ақыны, жыр­шы-айтыскерлердің жетекшісі Жүрсін Ерманның немере қызы алғашқыда Жаңа Зеландияда, кейін Швейцарияда жоғары бі­лім алып, сол жақта эфиопиялық жігітке тұр­­мыс­қа шыққаны, оның қайын атасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас­шысы Тед­рос Адханом Гебрейесус болға­ны, құданың жуыр­да Алматыға арнайы келіп кеткені жай­лы мәліметтер еске түседі. Тағы бір­де қа­зақтың бойжеткен бір қызы афри­калық шойындай қара жігітке тұрмысқа шы­ғып, қыз алуға келген қара нәсіл құдалар то­бының асты-үстіне түсіп, мәз-мейрам бо­лып, жылы қарсы алып жатқан қандастары­мыз­дың іс-әрекетін әлеуметтік желі әлем­ге жар етті. Дәл осындай оқиғалар соңғы кез­де жиі ұшыра­са бастағанын байқап жүр­міз. Бірте-бір­те «бұл үрдіс ары қарай жалғаса бере ме?» де­ген күдік, тіпті үрей бізде жоқ емес.
Мына ұстараның жүзіндей қалт-құлт ет­кен алмағайып заманда санасында саң­лауы бар адамды ойландыратын, маза­лай­тын ой көп қой. Менің пайымдауымша, қа­зір еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – ара­лас неке, яғни өзге ұлт өкілдерінің қазақ­пен шаңырақ көтеруі. Кейде көшеде келе жатып ұлты бөлек жат біреудің құшағында ке­тіп бара жатқан қазақтың үріп ауызға сал­ғандай жас шыбықтай солқылдаған тал­дыр­маш сылқым ару қызын көріп, жүрегіңе тас түскендей жиі соғып, ішкі дүниең әлем-жә­лем күйге еніп, санаңа түрлі ой ине қадал­ған­дай ауыр сезімге бөлейтіні бар. Иә, бұл мына сайқымазақ – қазіргі өмірде кездесіп жатқан құбылыс. Статистикаға жүгінсек, ол жылдан-жылға өршіп бара жатқан секілді. Осы бір ушығып тұрған проблеманың себебіне зер салсақ, аралас некенің артуының басты себебі – ұлттық рухтың әлсіздігі. Байлыққа, дү­ниеге, «мамыражай өмірге» деген жастар­дың қызығушылығы оларды рухани қазына­дан алыстатып барады. Баюды, «жеңіл, уайымсыз бақытты өмірді» мақсат еткен жастар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлт­тың «жылтырағына» қызығып тұратын­дары жиі байқалады. Шет елде білім алып жүрген қыздарымыздың басым көпшілігі әртүрлі себеппен қайтып елге оралмайды, сол жақта тұрмысқа шығып, «өз бақытын» табады. Тағы бір қазіргі өмірдің сорақысы, ара­лас некенің көбеюіне ғаламтордың, танысу агенттіктері­нің ықпалы да бар еке­ніне күмән келтіруге бол­майды. Көптеген қа­зақ қыздары түрік, араб, әзербайжан, дүн­ген, татармен отау құру­ға қарсылық та­ныт­пайды. Алайда зер­делеп қарасақ, мұның өзі қазақ халқына қауіп төндіреді. Себебі де­мографиялық көрсеткішке жүгінсек, арабтар әлемде 300 мил­лионға жуық, ал түріктер 80 миллион, әзербайжандар 25 миллион, өзбек­тер 32 миллион. Олар біздің текті, қаны бұзылмаған халықтың қызын алғылары ке­леді. Мә­лі­меттерге сенсек, Алматыда, Ақтө­беде, Қы­зылордада және Шығыс Қазақ­стан аймақ­тарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары аз емес. Бейресми мәлімет бойын­­ша, 30 мың қытай қазақ қыздарын алып, Қазақ­станда тұрып жатыр екен. Осын­дай үрдіс жыл өткен сайын кең тарап барады. Әлгілер­ден дүниеге келген «жиендер» шешесі қанша қазақ болғанмен, ешқашан қазақ бола алмай­ды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мә­дение­тінен мақұрым болып өседі.
Несін жасырамыз, «Менің қызым ағылшынға тиіп, Лондонға кетті», «ме­нің қызым Германияда тұрып жатыр, күйеуі неміс», «күйеубалам түрік» деп мақта­на­тын қазақтар шықты соңғы кезде. Ал біле-білсек, сол мақтанатын нәрсе емес, қайғы-қа­сірет қой?!
Осы бір мәселе төңірегінде әңгіме қоз­ғалғанда бәзбіреулер «әркімнің өз таңдауы, өз хақысы бар» деп оларды қызғыш­тай қорғайтыны бар. Қазақстан Республика­сы­ның барлық азаматына еркін құқық беріл­гені жасырын емес. Бірақ, осы еркіндікті өзге ұлттар тиімді пайдаланып жүргені де ай­дан анық. Егер «бізде талап, ұлттық намыс пен заң күшті болғанда, олай болмас еді ғой» деп күйінетінің бар. Аралас некенің біздің ха­лық үшін қаупі жайында келе-келе еліміз­дің, ұлтымыздың болашағы не болатынын ойлай беріңіз. Қорқынышты…
Арабтарға тұрмысқа шыққан қазақ­стан­дық үш қыз бастан өткерген оқиғаларын NewTimes.kz басылымының тілшілеріне ай­тып беріпті.
Олардың бірі – Талдықорғанның 29 жас­тағы тұрғыны Дарина. Ол Бірік­кен Араб Әмірліктеріне 400 мың теңгеден жо­ғары жалақы үшін барыпты. Сол жақта ол ор­та жастағы бай арабпен танысады. Сөйтіп, ер адам бір ай өткенде оған тұрмысқа шығу тура­лы ұсыныс айтқан. Осылайша тірші­лік­тің қамын ұмытып, қоластында қызметшісі бар зәулім үйде күйеуінен әшекей бұйымдар мен ыстық махаббаттың рақатын көру тура­лы мүмкіндік пайда болады. Ал ең бастысы – оған бала босанып беру, ұл бала. «Менің күйеуім бай адам, сағаттап жалақы алады. Үшінші әйел алуға бар мүмкіндігі жетеді, алайда қазір ол бізге тіпті интернеттің төлемін де бер­мейді. Некелескенімізге бірнеше жыл болды, үш ба­ламыз бар, ең жаманы, ешқайсысы әкесіне ұқсамаған, барлығы ашық реңді. Қыз­дарымды тіпті адам екен демейді, жақтыр­майды. Бала­ларым болса мектепке де бармай­ды, оқуына әкесі бола тұра ақша бергісі де жоқ. Ақшасы жоқ емес, тұрмысымызды кө­те­ріп тастайтын жағдайы бар, мектеп пен интернеттің ақы­сын төлеуге, көшеде еркін серуендеуіме жағ­дай жасай алады. Бірақ қа­ла­майды», – дейді Дарина.
Ал Шымкенттің 27 жастағы тумасы, алай­да қазір Дубайда тұратын Маржан оқи­ғасын былай баяндайды: «Әмірліктерде шет­елдіктер тек екінші әйел бола алады, жұрты шари­ғат заңы бойынша араб қыздарын бірін­ші әйел болуын құп көреді. Күйеуім – бай адам, бірінші әйелі бар. Дубайдағы өмірімді бұлай елестетпеппін. Бастапқыда барлығы жақсы болатын, бала босанып бергеннен кейін өзгеріп шыға келеді. Күйеуімнің рұқсатынсыз ешқайда да шыға алмаймын. Өз еркім жоқ, ол қалаған киімді киемін. Ол та­лап еткен асты ғана ішемін. Үй жануары се­кілдімін. Арабтардың әйелдерінде ешқандай да құқық жоқ. Жұмыс істеуге тыйым салды. Бар шаруам – үйде отыру, ешқайда шықпай, күту ғана. Жұмысында бір мәселелер шығып қал­са да, басқа қиындықтары туса да, мен кінә­лі болып шыға келемін. Соңғы кездерден бері қол көтере бастаса камераға түсіріп алу­ға әдеттендім. Полиция шақырғаннан кейін ғана сабасына түседі. Бірақ балаларымды жақ­сы көреді. Көңілге медет болатыны осы ғана, осы үшін ғана өмір сүремін».
Оның айтуынша, Әмірліктерге Қазақ­станнан барған қыздар өте көп екен. Әйелдер өзара байланысып, бір-біріне қолдау білдіріп жүреді екен. Тәжірибе алмасып, кеңес­ айтады.
Аралас некеде тұратын ерлі-зайыпты­лар­ды кездестіргенде әлгі бір оқиға менің есі­ме жиі түседі. «Оның несі бар? Екеуі мына жа­рық дүниеге өлшеп берілген жалған өмірде бірін-бірі бақытты етсе болды емес пе?» дейтіндер ортамызда табылар, тіпті, оларды қызу қол­дай­тындар да баршылық болар. Бұл – ойлан­бай айтылған пікір. Оны растау үшін ой жүгіртіп, таразы басына салып көрелік…
Кезінде жалындаған жастық шақтың буына елітіп, «күйдім», «сүйдім» деп басқа ұлт иесіне тағдырын қосып, кейінірек, барлығын түсініп, өз ісіне өкінген, бармағын шайнаған талай азаматтарды кездестірдім. Олар өкініш отына тұншығып:«Балаларыма обал болды: не қазақ емес, не орыс емес… Әй­теуір бір дүбәра болып өсіп келеді. Тағ­дыры оларға келер күндерге қандай сый-сия­пат даярлап тұрғанын бір Жаратқан ием біле­ді. Болашағы тым белгісіз, қою көк тұман­дай бұлынғыр… Сол менің қабырғама қат­ты батады. Олардың өкініштерін жүрегің­мен ұғып, оларға не ақыл айтып, қалай түзу жолға салуды білмей қиналасың.
Сэм Харисон: «Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда аралас неке – аз халықты жұтудың жақ­сы жолы» депті. Шынында да бұл сөздің жа­ны бар. Он миллион ғана қазағы бар Қа­зақстанда осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңы­рақ көтере берер болса, келе-келе жұтылып, не орыс, не қытай болуы ғажап емес. Дәл қа­зір көршілес Ресейдің өзі бұл м­ә­селені көтеріп дабыл қағуда. Себебі Ресейде таза орыс халқының саны азайып барады. Ол елдің әрбір төртінші сылқымы жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай кавказдық жігіттерге тұрмысқа шығуға құмар көрінеді. Енді бір 150 жылдан соң таза орыс қандылар тек ауылдарда ғана қалады. Ұлттың генофоны қатты өзгеріске ұшырайды деп шырылдауда.
Біздің де жағдайымыз мәз болып тұр­ғаны ша­малы. Қазақтың қаракөз бой­жеткендері өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шы­ғып, өмірге қа­за­қылықтан ауылы алыс ұрпақ әкелуде. Аралас некені қалайтын бойжеткендеріміз көбіне-көп шетелде шал­қып-тасып өмір сүруді көздейді.
Тоқсан ауыз сөздің түйіні: Қыздар, тек қазаққа келін, қазаққа жар болың­дар­шы…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Back to top button