Оразбай ӘБДІРАХМАНОВ: Құдайдың назары түспеген адам өлең түгілі, өзінің атын да айта алмайды

Оразбай ӘБДІРАХМАНОВ: Құдайдың назары түспеген адам өлең түгілі, өзінің атын да айта алмайды

Оразбай ӘБДІРАХМАНОВ: Құдайдың назары түспеген адам өлең түгілі, өзінің  атын да айта алмайды
ашық дереккөзі

Оразбай Әбдірахманов – қара­қал­пақ әде­биетіне өткен ғасырдың 70-жыл­­да­рын­да келген дарынды жазу­шы. Қарақалпақстан Жастар одағы сый­­лығының иегері (1979), Қара­қал­пақ­станға еңбегі сіңген көркем өнер қай­раткері (1999), Қарақалпақстан Ха­лық жазушысы (2003), Өзбекстан Халық жазу­шысы (2018). Біз туысқан елдің бел­гілі жазушысымен сұхбаттасып, одан қарақалпақ әдебиетінің жай-күйін сұра­ған едік.

– Оразбай Әбдірахманұлы, кеңес­­тік дәуірде қарақалпақ әде­биеті салыс­тыр­малы түрде саны аз ұлт­тар ара­сын­да едәуір өсіп-өр­кендеген әдебиет бол­ды. Сол уа­қыт­тағы кішкене халық­тар­дан шық­са да аты бүкіл одақ кө­лемінде бел­­гілі болған Р.Гамзатов, К.Ку­лиев, Д.Кугультинов, М.Кәрім се­кіл­ді тұлғалар қарақалпақ әде­бие­тінде болды. мәселен, ақын Иб­райым Юсупов, жазушы Төлеп­бер­ген Қайыпбергеновтердің шы­ғар­машылығы бұрынғы КСРО көле­мін­де біршама танымал еді. Ал одан кейінгі дәуірде қарақалпақ әде­биетіне келген Ш.Сейітов, А.Са­дықов, К.Алламбергенов және өзіңіз секілді жазушылар қара­қал­пақ әдебиетіндегі ірі жанрлардың дамуына еңбек сіңірдіңіздер. Қа­зіргі қарақалпақ әдебиетінің жағ­дайы қалай? – Пікіріңіз дұрыс, ХХ ғасыр қара­қал­пақ әдебиетінің өзін-өзі тану және қа­лыптасу дәуірі болды және бұл тек әдебиетімізді ғана емес, жалпы рухани әле­міміздің жаңғыруына жеткізді дей ала­мын. Негізі, адамзаттың болмысы ескі мен жаңаның күресінен тұрады де­сек, өткен жүзжылдықта қарақалпақ әде­биетінде де түрлі буырқаныс, тол­ға­ныстар болды. Ол кезде заманға үн қосу, әдебиетте таптық көзқараспен шы­ғарма жазу үрдісі қалыптасты. Олар­дың арасында, тіпті Садық Нұрым­бетов, Аббаз Дабылов секілді ха­лық ақындары да болды. Дегенмен кеңес­тік идеологияның қысымына ұшы­раса да, олардан өлмейтін шығар­ма­лар қалды деп айтуға болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін әде­биет­ке деген көзқарас өзгерді. Кеңес­тік дәуір әдебиетті де қатты сая­силандырып жіберген ғой. Әдебиеттегі кеңестік цензура жойылғаннан кейін көзіміз ашылды. Сөйтіп әлемде социа­лис­тік реализмнен өзге де бағыттардың көп екенін көрдік. Шынын айтқанда, со­дан кейінгі дәуірде оқырмандардың да талғамы өсіп, бұрынғы тәсілмен жаз­ған шығармалар енді оларды қана­ғат­тандырмайтын болды. Бұл өз кезе­гін­де ақын-жазушыларды жаңа дең­гей­ге көтерілуге мәжбүрледі. Ал бұндай жағ­дай әдебиеттің өсуіне ықпал етеді. Айта кету керек, рухани әлем кө­біне консерватив түрде өзгереді, сон­дықтан әдебиетте ескі қалыптың ішін­де де үлкен дарақтар тамыр жайып өсіп шығуы мүмкін. Сондықтан кеңес­тік кезеңде жазылса да, одан соңғы дәуір­лерде де өмір сүруге хақысы бар шы­ғармалар қарақалпақ әдебиетінде де жоқ емес. Қарақалпақ әдебиетінде ХХ ға­сыр­дың алпысыншы жыл­дарын­­да көрінген Ш.Сейтов, Ұ.Пір­жа­нов, Ш.Мәмбетмұратов, Ұ.Хожаназаров сияқ­ты таланттар қатарына 70-жыл­дар­да С.Бахадырова, Қ.Камалов, А.Ата­жанов, Ж.Ізбасқанов, Т.Мәтмұратов, Х.Айымбетов, А.Садықов, Қ.Әбдіра­ма­нов, А.Сейтеков секілді қайталанбас ақын-жазушылар қосылды. Мен әдебиетіміздің болашағын қа­зір жаңбырдан соңғы саңы­рау­­құлақтай көбейіп жатқан әуесқой «зулфияшылардан» (Зулфия сыйлы­ғы­на ие болып жатқан жас қаламгерлер) гөрі халық арасынан шығып жатқан талантты жастардан көріп, солардан үміттенемін. Ал бүгінгі әдеби үдерісте қалып­та­сып толысып, үлкен қаламгерлерге ай­­­налған, әдебиетте аға буынға айнал­ған Әбілқасым Өтепбергенов, Сағынбай Ибрагимов, Бахтияр Генжемуратов секілді ақын інілерімнің қалам қары­мы­на сүйсіне қараймын. Проза туралы болса, ондағы жағ­дай жақсы деп айта алмаймын. Неге екені белгісіз, өз бетімен тал­пы­нып, үлкен ізденіске барып жүрген жігіт­тер көрінбейді. Әдебиеттің бұл жа­ғында қыздар көбірек көрінетін секіл­ді. Әдебиеттің дамуы баспа саласы, кітап шығару өндірісіне бай­ла­ныс­ты болса, біз тәуелсіздік алып по­лиг­рафия базасынан, қаламгерлер қа­ла­мақы деген табыстан айырылып қал­ды. – Жасыратыны жоқ, КСРО тар­қа­ғаннан кейінгі дәуірде бұрын со­циалистік реализм әдісімен жа­зып, схематизмге әбден үйреніп қал­ған жазушылар едәуір абдырап, жаңа бағытта жазып кетуге бойын үйрете алмай қалды. Осы жағдай қарақалпақ әдебиетінде қалай көрінді? – Бұл сұраққа жоғарыда берген жауа­­бымда ішінара айтып кеттім-ау дей­мін. Өзің айтқандай, жазушылары­мыз жаңа заман ағымына ілесе алмай қал­ған секілді. Бір жақсы жері, бұрын ер­текті де, терме-толғауды да, пьесаны да бір адам жаза беретін болса, кейінгі буын­дағы ақын-жазушылар жанрлар бойын­ша мамандану бағыты қалыпта­сып жатқанына қуанамыз. Ең бастысы, «ана әдебиетте мына жанр бар, бізде неге жоқ?» деген формализмнен құты­лып келе жатқан сияқтымыз. «Көш жүре түзеледі» дегендей, біздің буынға келсек – біз берерімізді беріп, күтеріміз көп халыққа айналдық. Дәуірлер ауысқанда әдебиетке де­ген көзқарас пен талап өзге­ре­тіні белгілі ғой, қазір бізде сол үдеріс жүріп жатыр. – Әр дәуірде әдебиетке келген ұрпақ көркем сөз өнерінде өз соқ­пағын салуды қалайды. Кейінгі 30 жыл­да қарақалпақ әдебиетіне кім­дер келді және олардың қандай шы­ғармалары бар, сондай-ақ, олар­дың шығармашылығы мен бұрынғы қаламгерлердің арасында қандай өзгешеліктер бар? – Бұл әдебиет деген жарықтықтың дең­гейі ақын-жазушылардың көптігі не­месе том-том кітаптарының мо­л­ды­ғымен өлшенбейді ғой, сол үшін көп фа­милиялар мен кітаптарды атап ба­сың­ды ауыртпай-ақ қояйын, әйтеуір, әде­биетке келіп жатқандар бар, бәрі­нік­і болмағанмен біразының кітаптары да шығып жатыр. Рухани әлемде математика сияқ­ты сан көрсеткіштері сапа көр­сет­кіштеріне айнала бермейді ғой, өйт­кені әркімнің өз талғамы бар, оның оқыр­ман тарапынан бағасын алып ұнауы не ұнамауы да мүмкін. Дегенмен жас таланттар мемлекет қамқор­лы­ғында болғаны дұрыс. Өйткені мате­риал­дық байлық рухани байлықтың ор­нын баса алмайды! Әдебиетке әр ұрпақ өз өлеңін ай­тып келеді, ал Құдайдың на­зары түспеген адам өлең түгілі, өзінің атын да айта алмайды. Талант жеке-дара шығады, оған кейде тек «Құдайдың қолдағаны» да аздық қылуы мүмкін, сол себепті оған отбасы мен туған же­рі­нің, халқының да қолдап-қуаттауы да керек. Бірақ шектен тыс еркелетіп те жібермеу керек. Марапатқа бойы үйре­ніп кеткен талант өзінің де, хал­қы­ның да маңдайының соры болады. Қазір (жоғарыда бір айтып кет­тім ғой) бізде әуесқой қалам­гер­лердің арасында қыздар басым­дық­қа ие сияқты. Солардың арасында Құ­мар Бекниязова (прозаик), Абадан Тұр­дымуратова, ал жігіттерден Әзімбек Өте­мұратов, Мейрамбек Әбдіхалықов, Ба­зарбай Жолдасбаев деген ақын­дар­дың өлеңдерінен нені айтса да, өзінше ай­туға деген ұмтылыстың барын сезе­мін. Ендігі үмітім осыларда. Ал енді бү­гінгі әдебиетке келіп жатқан жас қа­ламгерлерді бұрынғы әдебиеттің тұл­ғаларымен салыстыруға әлі ерте сияқ­ты. Олар шығармашылықпен бері­ле айналысып, түрлі жанрда кітаптары шы­ғып жатса бірдеңе айтуға болар, ал қа­зір ертелеу. – Сіз бір кезде «Қаракал­пақ­фи­льм» киностудиясында қызмет ат­қар­дыңыз. Онда қарақалпақ хал­қының алғашқы көркем фи­льм­дері шықты. Қазір қарақалпақ фи­льмдерінің жағдайы қалай? – 1988 жылы кино саласына ара­ла­сып, оның өзінше бір өзгеше әлем еке­нін сездім. «Өзкинохроника» ки­но- с­тудия­сының Карақалпақ филиалы 7-8 адам істейтін кішігірім мекеме екен. Таш­кент, Мәскеумен жағаласып жүріп, оны 1990 жылы «Қарақалпақфильм» ки­ностудиясына айналдырдық. Сол жы­лы «Гүм-гүм» атты алғашқы қара­қал­пақ көркем фильмін түсірдік. Бірақ қа­рақалпақ киносының алғашқы қада­мы Қарақалпақ АССР-ы облыстық пар­тия комитетіне ұнамады. Анти­сове­тизм деп айдар тағылып, дайын кино сөреге тасталды. Фильмді түсіруге Мәс­кеу, Ташкент, Украина, Қырғыз Рес­пуб­ликасы киношылары көмектескен еді. (Кейін ол еліміздің киноэк­ран­дары­нан көрсетілді). Киностудияның ашы­лып, қалыптасуына Қазақстан, Өз­­­бекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Әзер­байжан киношыларының қол ұшын созғанын да ризашылықпен ай­туға болады. Солайша қарақалпақ ки­но­сы қалыптаса бастап, халқымыздың көңі­лінен шыққан бірнеше кино жа­рық көре бастағанда оның да басына бұлт үйірілді. 1993 жылы «Қарақал­пақ­фильм» киностудиясында 46 адам штат­пен жұмыс істейтін кезде кинодан кетуге мәжбүр болдым. Ал қазір кино ту­ра­лы айтқым келмейді. Біздің жерімізден шығып Қа­зақ­станға танылған киногерлердің бары­на да қуанамын. Кездесіп жат­саңыз, Арал туралы «Жоқтау» атты та­­ма­ша де­рек­ті фильм түсірген ре­жис­сер, жер­лес інім Сергей Әзімовке сәле­мім­ді ай­­­­тарсыз. – Енді өзіңіздің жеке шығарма­шы­лығыңыз жайында әңгімелес­сек: өткен ғасырдың 80-жылдарын­да сіздің «Босаға» атты романыңыз, «Мыр­заның ізі» деп аталатын эс­сеңіз басылып шығып, қарақалпақ әдебиетінде жаңалық болды. Арал экологиясы жайында да эссе­лері­ңіз жарық көрді. Өз шығарма­шы­лығыңыз жайында не айтар едіңіз? – Қартайған адам мақтаншақ бола­ды деген тәмсіл бар ғой халықта, сон­дықтан өзіңнің не істеп, не қойғаныңды ай­тып отыру да ыңғайсыз нәрсе. Де­ген­мен қазақ оқырмандары үшін сұрап отыр­сыз ғой, сондықтан аз ғана айтып кет­сем айыбы болмас. Ең алғаш «Бір ма­­­хаббат тарихы» (1977), «Қоңсы-қо­ба­лар» (1981) атты сатиралық әңгіме­лерім жарық көрген. Одан соң «Өжет» деген комедия өмірге келді, ол 1981 жылдан әлі күнге Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыка театрының сахнасынан түспей ке­леді, 2017 жылдан бері Ташкент дра­ма театрында қойылып жүр. Ал одан кейінгі дәуірде «Босаға» атты романым басылып шығып, оқырмандардың ықыласына ие болды. Ал тек Қарақалпақстанға ғана емес, өз­бек, орыс тілдеріне аударылып өз елім­нен тысқары жерлерге танымал бол­ған туындым – «Мырзаның ізі» де­ген эссем. Мырза – Қарақалпақстанның Беруни ауданында туып-өс­кен. Сол аудандағы Сұлтан Уәйс бабада зира­тында шырақшы болған адам. Бір күні сол тұстағы КСРО Жоғарғы кеңе­сі­нің органы «Известия» газетінде «Қа­ра­қалпақстан он жетінші ғасырда өмір сүріп жатыр» деген мақала шығыпты. Онда біздің елде діни сектанттардың халықты алдап ақшасын алып жүрген топ туралы жазған екен. Содан «кім қай ғасырда өмір сүріп жатқанын көрсе­тейін» деп мәселені зерттеуге бел бу­дым. Сөйтіп 1984-1985 жылдары Мыр­за­ның және оның тобының әрекеттерін зерт­теп, кейін белгілі қазақ актері Тал­ғат Нигматуллиннің өлтірілуіне бай­ланысты болған сотқа қатысып, сек­танттарға қатысты оқиғалармен то­лық танысып, сол көлемді эссені жа­зып шықтым. «Аралым – дертім менің» деген Арал экологиясына байланысты жаз­ған кітабым да бірнеше тілге аударылып басылды. Қазір де сирек болса да жазып жүр­мін. Жақында «Арал толы, ай жарық» атты фэнтези жанрында жа­зылған хикаятым қарақалпақ және өзбек тілдерінде жарияланғалы отыр. Жалпы мен көп жазбаған жазу­шы­мын. Сол үшін кейде жаз­ға­нынан алған атағы көп жазушы деп санаймын өзімді. Әрине, өндіріп жаз­ғанға не жетсін, бірақ әркімнің тағ­дыры әртүрлі, мен аз жазсам да, сапалы жа­зуды ойлайтын жазушымын. Сон­дықтан болар, кітабымның санымен мақтана алмаймын. – Қарақалпақ әдебиетінің қа­зақ әдебиетімен байланысы тура­­­лы не айтар едіңіз? – Әрине, әдебиеттер байланысы тура­лы көп айтуға болады. Менің өскен же­рім Хожелі қаласы – көпұлтты ме­кен. Менің сыныптастарымның ара­сын­да қазақ, өзбек балалары да бар еді. Айтсам, сенбеуіңіз мүмкін, бір-біріміз­дің ұлты­мыздың кім екенін тәуелсіз­дік­тен кейін білдік. Мектебіміздің кі­тап­ха­на­шысы ұлты татар Шәміл деген кі­сі еді. Мен сол кісінің ұсынуымен Н.Го­гольдің 6 томдығын, тәжік жазу­шы­сы Садрид­дин Айнидің «Құлдар» кі­табын қазақ тілінде оқығанмын. Ме­ні әдебиетке қы­зықтырған әкем емес, кітапханашы Шәміл ағай мен қара­қалпақ тілі және әде­биеті пәнінен оқыт­қан ұстазым – Жие­н­бай Ережепов. Классикалық қазақ әдебиетінен Абай, Мұхтар Әуезов, Олжас Сү­­­лей­менов, Қадыр Мырзалиев, Тө­леген Айбергенов, Оралхан Бөкеев, Ду­лат Исабековтердің шығармаларын көп оқыдым. 1979 жылы Қазан қала­сын­да Шерхан Мұртаза, Сәбит До­сановтармен дидарласып әңгі­ме­лес­кенім, соң 1988 жылы Душанбе, Қы­зыл­орда, Алматы қалаларында қазақтың үлкен ақыны Мұхтар Шаханов ағам­мен сұхбаттасқаным әлі есімде. Қарақалпақ елінің солтүстігі мен оңтүстігі – туысқан қазақ пе­нен өзбек және қырғыз халықтары. Де­мек, бізді тек тіл мен дін ғана бірік­ті­ріп тұр­ған жоқ. Қарақалпақтың қай ха­­лық жы­рына қарасаңыз да, «Ата жұр­­тым – Түр­кістан» деп басталады не со­­лай аяқ­талады. Бұл біздің туыстық та­мы­ры­мыздың тереңде екенін көр­сетсе керек. Өткен жылдың соңында Таш­кент қаласынан қазақ тілінде нөкістік ғалымдар Қ.Аралбаев пен Ш.Смамутованың «Қазақ-қарақалпақ әде­­би байланыстары» атты зерттеу кі­табы жарық көрді. Онда қазақ-қарақ­ал­пақ халықтарының әдеби байла­ныс­тары жөнінде кең түрде айтылған. Мі­не, осындай байланыстар көбейе бер­се ха­лықтар арасындағы достық, туыс­­қан­дық сезімдері күшейе түсетіні анық.

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ