Америкалықтар асырап алған Сардар бір жарым жылдан бері туған ата-анасын іздеп жүр
Америкалықтар асырап алған Сардар бір жарым жылдан бері туған ата-анасын іздеп жүр
Кейінгі кезде Facebook-те қазақстандықтар топтасқан түрлі парақшада ата-анасын іздеуге көмек сұраған қазақтардың қарасы көбейді. Америкалықтар асырап алған қарадомалақтарға жанашырлық танытып, олардың жақындарын іздестіруге қол ұшын созып жатқан адамның санында шек жоқ. Тіпті, бір жыл бұрын бізге сұхбат берген Теодор Уолтан (қазақша аты-жөні – Марат Оразғалиев) жазба қалдырған күннің ертесі-ақ бауырын тауып алғаны есімізде. Ал бірақ дәл сол парақшаға жазба қалдырған Пол Бабкоктың (қазақша аты-жөні – Сардар Бекмаханов) ата-анасын іздеп, таба алмай жүргеніне бір жарым жылдан асты. Осы уақытқа дейін жақындарын жар салып іздеп жүрген бозбаланың өзіне хабарласып, бұл оқиға жайлы ағылшын тілінде аз-кем әңгімелестік.
– 2020 жылдың жаз айында Facebook-тегі KazCommunity USA парақшасына ата-анаңды іздеп жүргеніңді жазып, оларды табуға көмек сұраған едің. Білгіміз келетіні: ата-анаңды таба алдың ба?
– Жоқ, әлі таппадым. Тіпті, олардың тегіне ұқсас туысқандарым табылып қалар деп ойлаған едім. Бірақ әзірге ешкімді таба алмадым. Осы ретте биологиялық ата-анам туралы мендегі бар деректі тағы бір рет келтіре кетейін: Әкемнің аты-жөні – Бекнұр Баймаханов, ал анамдікі – Елмира Қалмаханбетқызы. Туу туралы куәлікте менің аты-жөнім Бекмаханов Сардар Бекнұрұлы деп жазылған. Америкалық есімім – Пол. Кейде анам маған ашуланғанда «Пол-Сардар» деп айтады (күліп). Айтпақшы, Сардар деген қандай мағына беретінін интернеттен іздегенімде, көшбасшы деген ұғымды білдіретінін білдім. Мен 1999 жылы 16 қыркүйекте Тараз қаласында дүниеге келгенмін. Бір жылдан соң америкалық ата-анам Тараздағы балалар үйінен асырап алып, мұхит асырып әкетті.
Әпкесі және қарындасымен бірге[/caption]
– Бізді таңғалдыратыны: америкалықтар асырап алған баласының асыранды екенін кішкене күнінен жасырмай, бүге-шүгесіне дейін айтып, тіпті туған ата-анасын іздестіруге, төл мәдениетімен таныстыруға бар күш-жігерін салып жатады. Сенің де ата-анаң сөйткен шығар?
– Иә. Осы ретте америкалық ата-анам жайында бірер сөз айтып өткім келеді. Олардың қандай керемет жандар екенін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әкемнің есімі – Брюс. Ал анамның есімі – Сюзан. Олардың өздерінің бес баласы бар. Қазақстаннан үшеуімізді асырап алған соң, Тайваньнан екі ер баланы қамқорлығына алған. Жалпы алғанда, менің екі әпкем, бір қарындасым, алты бауырым бар. Үлкен отбасымыз (күліп). Анам біздің қайдан шыққанымызды, тамырымыздың қайда жатқанын біліп жүрсін деген мақсатпен Қазақстанға апарып қайтқысы келген. Бірақ сол күйі жол түспей қойды. Жалпы, америкалық ата-аналардың асырап алған баласының төл мәдениетімен таныс болуына үлкен үлес қосатыны қайран қалдыратыны рас. Мен – Америка азаматымын, дейтұрғанмен менің ұлтым – қазақ, қаным – қазақ. Дегенмен мен өсіп-өнген ортада қазақ мәдениеті, дәстүрі мен тілі туралы көп дерек білуге мүмкіндік жоқ. Ал үлкен қалаларда осы мақсатты көздеген түрлі ұйымдар жұмыс істейтінін, сол ұйым өкілдерінің қазақ мәдениетін насихаттап жүргенін білемін. Десе де ата-анам өзге америкалықтар секілді қазақ халқы туралы бар білгенін айтып жүреді. Бірақ өкінішке қарай, ата-анам осы жылы ажырасып кетті. Қазір екеуі екі бөлек тұрады. Мен екеуімен теңдей араласуға тырысамын. Әпкем мен қарындасым анаммен бірге Солт-Лейк-Ситиде тұрып жатыр. Ал мен Юта штатында орналасқан Прово қаласындағы Бригам Янг университетінің (Brigham Young University) қаржы факультетінде 2-курс оқимын.
– Өзің секілді асырап алынған Теодор Уолтан (қазақша аты-жөні – Марат Оразғалиев) бізге берген сұхбатында қолы қалт етсе, интернеттен Қазақстан, әсіресе кіндік қаны тамған жер – Өскемен өңірі туралы дерек іздейтінін, сондай-ақ елде болып жатқан оқиғалардан хабардар болып жүретінін айтқан еді. Ол секілді сен де Тараз туралы зерттеу жүргізген боларсың?
– Әлбетте, мен де Қазақстан туралы көп ақпарат іздедім. Тараздың Қазақстанның оңтүстік бөлігінде, екінші мегаполис саналатын Алматыға жақын орналасқанын, тарихы терең көне шаһар екенін білемін. Тео секілді мен де Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға құлақ түріп жүремін. Әсіресе, жуырда болған митингтің салдары мені қатты алаңдатты. Тағы қайталап айтамын, Америкада өсіп-өнсем де, қазақпын. Сондықтан Қазақстанда не болып жатқанын біліп жүргім келеді. Тағы бір айта кетерлігі, маған Қазақстанның Туы қатты ұнайды. Онда бейнеленген шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран, шетіндегі өрнек, барлығы үйлесе кеткендей. Тіпті, көгілдір түсті мата да дәл таңдалған. Ту демекші, мен спорт десе ішер асымды жерге қоямын. Олимпиада ойындары секілді ірі жарыстарды қалт жібермей көремін. Сол кезде Қазақстан құрамасына жақтасып, жанкүйер ретінде шыр-пыр боламын. Қазақстан спортшыларына ерекше қолдау көрсететінімді білетін әкем кейде «Бәлкім, сен Қазақстанның олимпиадалық командасында өнер көрсетерсің» деп қалжыңдайды.
[caption id="attachment_164499" align="alignnone" width="1920"]– Алдағы уақытта ата-анаң табылса қалса...
– «Не істер едің?» дейсіз ғой. Мен олардың неліктен мұндай күйге түскенін, бізді жетімдер үйіне өткізгенін білмеймін. Себебін білмегендіктен оларға еш кінә арта алмаймын. Олардың жағдайын білмей тұрып, кесіп-пішіп ештеңе дегім келмейді. Ал бірақ ата-анам табыла қалса, бірден араласып кетемін деп те ойламаймын. Оларды бірте-бірте танығым келеді. Дүниеге келуіме себепші болса да, олар маған бөтен ғой. Сол себепті алдымен оларды асықпай танып-білгім келеді. Кейін тұрып жатқан жеріне барып қайтар едім. Бәлкім, олардың үйінде бізден кейін туған іні-қарындастарым бар шығар. Олай болса, қуанышымда шек болмайтын еді. Олармен жақын дос болып, шама-шарқым келгенше көмектесер едім. Бірақ ә дегенде ортақ тіл табысу жағынан қиындық туындауы мүмкін. Десе де алдағы уақытта қазақ және орыс тілдерін үйренуді көздеп жүрмін. Жалпы, мен кез келген тілді тез меңгеріп аламын. Тіл үйрену маған қиын емес. Кәріс тілін тез үйреніп алғаным бар. Сол секілді қазақ тілін аз уақыт ішінде үйреніп алармын. Айтпақшы, қазақ тілі түрік тіліне ұқсас секілді ме, қалай?! Осында тұратын түрік достарымның өзара сөйлескенін естіген кезде олар маған қазақша сөйлеп тұрғандай көрінеді. Алайда, ата-анаммен табысуға тіл кедергі емес деп ойлаймын. Бастысы – жанымыз түсініссе болғаны. Оларды іздестіріп жүргеніме бір жарым жылдан астам уақыт өтсе де, үмітімді үзбеймін. Әрине, іздестіру қиынға соғып жатыр, бірақ қандай да бір деректі табу мүмкін іс деп ойлаймын. Әр адамға өзінің қайдан шыққанын білу маңызды. Ал менің қайдан шыққаным әлі белгісіз. Қамқорлық пен мейірімнен кенде болмасам да, қайдан, кімнен тарайтынымды білмей өстім. Осы мәселе қазір маған жетіспей тұрған пазлдың бір бөлшегі іспетті.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ