69 млрд долларлық активі бар «Самұрық-Қазынаға» ашық тексеріс басталды

69 млрд долларлық активі бар «Самұрық-Қазынаға» ашық тексеріс басталды

69 млрд долларлық активі бар «Самұрық-Қазынаға» ашық тексеріс басталды
ашық дереккөзі
Есеп комитеті «Самұрық-Қазынада» тексерісті бастады. Бұл ретте ешқандай құпиялылыққа жол берілмейді. Сөйтіп жылдар бойы Үкіметтен көл-көсір көмек алған ұлттық қордың барлық құпиясы ашылмақ, деп хабарлады turkystan.kz. Президент 11 қаңтарда жасаған Үндеуінде «Самұрық-Қазынаның» тиімділігіне күмән келтірген болатын. Енді кәсіпкерлердің одан қаншалықты қолдау көріп, қандай көмек алғаны белгілі болады. Президент тапсырмасы бойынша 69 миллиард долларлық активі бар қор толық реформаланады. Егер осынша ақша тек белгілі бір топтың қалтасын қалыңдатып жатса, қорды жауып тастау да көзделген. Ереже бойынша, Есеп комитетінің алдында ірі холдингтер ашық болуы керек. Депутаттардың пікірінше, олар мемлекеттік органға ғана емес, халыққа да есеп беруі шарт. Жалақысын миллиондап, сыйақысын долларлап алатын қор елдің соры болмауы тиіс. «Ұлттық мекемелер – үйдің ішіне тігілген үй сияқты нәрсе. Бұның барлық тапқан табысы бюджетке тікелей төленуі керек. Ал «Самұрық-Қазынадағы» өзара сыйақы ретінде, болмаса басқа ретінде алған жалақыларын мемлекеттік тұрғыдан қарау керек шығар. Енді осы майлы жіліктің қызығын халық, мемлекет көруі керек», - дейді Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиев.