Ауыл тұрғыны жүкті әйелін өлтіріп, қылмысын жасырмақ болған

Павлодар облысының тұрғыны жүкті әйелін өлтіріп, барлығын жазатайым оқиғаға айналдыруға тырысқан. Қайтыс болған әйелдің екі баласы жетім қалды, деп жазды turkystan.kz Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, 2021 жылдың сәуір айында Константиновка дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Успен ауданының полициясына қоңырау шалып, ауылдардың біріндегі тұрғын үйден жүкті әйелдің мүрдесі табылғанын хабарлаған.

«Аталмыш елді мекенге келген полиция қызметкерлері оқиға орнын тексере келе, әйелдің өлтірілуі мүмкін деген болжам жасады. Бұл іс тергеу бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаевқа және аға тергеуші Мақсат Дүйсембаевқа тапсырылды. Олар болған оқиғаның егжей-тегжейін мұқият зерттеп, ықтимал куәгерлерден жауап алды», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жауап алу кезінде марқұмның анасы таңертең күйеу баласының «Саған не болды?!» деген айқайынан оянғанын айтқан. Көрші бөлмеден жүгіріп келе жатқан ол қызының еденде жатқанын, ал күйеу баласының  әйеліне жасанды тыныс жасап жатқанын көреді. Дәрігерлер келген соң ер адам келіншегінің ауырып қалғанын, ентігіп, еденге құлағанын жеткізеді.

Тергеу барысында полицейлер бөлме еденінің астынан қан бөлшектері, сондай-ақ құрамында хлор бар заттың ерітіндісін табады. Яғни, қылмыскер өзінің қылмысын жасырмақ болған. Қажетті дәлелдемелерді жинау, сондай-ақ жүргізілген сараптамалар барысында полиция қызметкерлері болған оқиғаны анықтады. Түнде ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш негізінде жанжал шыққан екен. Салдарынан ер адам жүкті әйелін тұншықтырып өлтірген. Содан кейін ол қылмыстың іздерін жоя бастайды.

Сот ҚР Қылмыстық кодексі 99-бабының 2-бөлігіне сәйкес, ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button