«Жұмысқа кетіп, оралмады»: жоғалғандар әлі іздестіріліп жатыр

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде жоғалып кеткен қала тұрғындарын іздестіру жалғастырылуда, деп жазды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Кейбіреулер туыстары мен достарын бір аптадан астам уақыт бойы іздеп жүр. Олар полицияға арыз беріп, мәйітханалар мен тергеу изоляторларын тексерумен жүр. Осы орайда, LIDER.KZ еріктілер қозғалысының өкілдері белсенділік танытып отырғанын атап айтқан жөн. Бұл жастар жоғалғандар туралы хабарламаларды қабылдап, іздестіру жұмыстарына кіріскен.

LIDER.KZ еріктілер қозғалысының жетекшісі Дильмира Блацтың айтуынша, жоғалғандар туралы алғашқы өтініштер 7 қаңтарда, қалада бірнеше сағат бойы интернет қосылғаннан кейін келе бастаған.

«Біз өтініштерді Instagram арқылы қабылдаймыз. Ал жергілікті Полиция департаменті қажетті ақпараттарын бөлісіп отырады. Содан кейін біздің еріктілер мәйітханалар, ауруханалар мен тергеу изоляторларына хабарласады. Қазір іздеу шаралары қиынға түсуде. Себебі, бұл азаматтардың қайдан шығып, қай уақытта жоғалғаны белгісіз. Егер бұған дейін адам жоғалып кетсе, алдымен шыққан жерін біліп, кейін бейнекамералардан оның қайда кеткенін бақылайтын едік. Яғни, іздеу әлдеқайда жеңіл болатын», – деді Дильмира Блац.

Еріктілердің айтуынша, отандастарымыздың басым бөлігі 5 қаңтарда із-түзсіз жоғалып кеткен. Сол күні адамдар асығыс жұмыс орнынан шыққанымен, үйлеріне жетпеген. Туыстарына да байланысқа шықпаған. Жоғалғандардың басым бөлігін ер адамдар құрайды.

Соңғы апта ішінде еріктілер 106 өтініш қабылдады. Абырой болғанда, жоғалғандардың 88-і табылды. Ал жетеуі қаза тапқан екен.

Алматы қаласының Полиция департаменті жоғалған адамдар  туралы барлығы 39 өтініш түскенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта олардың 30-ы табылған.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button