Дәурен Абаев спортшыларға допингсіз, жанжалсыз өнер көрсетуді міндеттеді

Дәурен Абаев спортшыларға допингсіз, жанжалсыз өнер көрсетуді міндеттеді

Дәурен Абаев спортшыларға допингсіз, жанжалсыз өнер көрсетуді міндеттеді
ашық дереккөзі
Бүгін, 18 қаңтар күні Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының дайындығы жайында жиын өткізді, деп хабарлады turkystan.kz ҰОК-ке сілтеме жасап. Министр алдағы қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталды.
«Ел үшін қазіргі қиын жағдайда, соның ішінде коронавирустық инфекцияның көбеюі кезінде біз спортшыларымызға алдағы Олимпиадада допингсіз, жанжалсыз, лайықты өнер көрсету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналған Олимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін Мемлекет қолдан келгеннің барлығын жасап, спортшыларды дайындау, сапалы жаттығу, оқу-жаттығу жиындары және іріктеу жарыстарына қатысу қаржыландырылды», - деді Мәдениет және спорт министрі.
Бүгінге дейін қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиада ойындарының 8 түрінен 82 жолдамаға ие болды. Шаңғы жарысы бойынша 30 жолдама қоржында. Фристайлшылар тоғыз жолдамаға ие болған. Соның ішінде могул бойынша – 5, акробатика бойынша 4 жолдама бар. Конькишілер мен биатлоншылар – 12,  шорт-трекшілер тоғыз жолдаманы қоржынға салды. Тау шаңғысы мен шаңғымен тұғырдан секіру спортынан ел құрамалары төрт жолдамадан еншілесе, шаңғы қоссайысынан отандық спортшылар екі лицензияға иелік етті. Бүгінгі таңда олимпиадалық құрама сапына 32 спортшы енді. Бұл спортшылардың соңғы әрі нақты саны емес. Себебі ҰОК кейбір спорт түрлерінен халықаралық федерациялардың лицензияларды қайта бөлу, үлестіру нәтижелерін күтуде. Еске салайық, қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні басталады және төртжылдықтың басты бәсекесінде 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады.