«Террорист емес, тракторист»: изоляторға жиналғандар жанайқайын жеткізді

«Террорист емес, тракторист»: изоляторға жиналғандар жанайқайын жеткізді

«Террорист емес, тракторист»: изоляторға жиналғандар жанайқайын жеткізді
ашық дереккөзі
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде жараланып, аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқан бір топ азамат тергеу изоляторынан бір-ақ шыққан. Жақындарының айтуынша, бірінің бүйрегін алып тастаған, енді бірінің көзі шығып кеткен, екі қолына 4 оқ тигені тағы бар. Алматыдағы СИ-18 мекемесінің алдына жиналған әйелдер ерлеріміз жазықсыз лаңкес атанды деп ашынады. Олар тергеудің әділ жүргізілгенін талап етіп отыр, деп хабарлады turkystan.kz 31 арнаға сілтеме жасап. Әйгерім Алшынбаеваның айтуынша, күйеуі қарапайым тракторшы. Болған оқиғаларға қатысы жоқ. Соған қарамастан, ол қамауда жатыр екен.
«Тракторда жұмыс істейді. Оның дым қатысы жоқ. Бастығына барам да қайтып келем деген. Қайтарда қайта алмай қалды. Бір көзі жоқ, бір бүйрегі істемейді. Аяғы да жүрмейді», -деп жылады Жасұлан Амангелдиевтің әйелі Әйгерім Алшынбаева.
Жақындарын ауруханада жоғалтқандардың көбі жарақат алған аға-іні, балаларын сол жерден тапқан. ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетіне қарасты «ЛА-155/18» мекемесінің алды адамға лық толы. Басым бөлігі – Алматыдағы аласапыран кездерінде оқ тиіп, жарақатымен ауруханаға түскен күйі жоғалып кеткендердің жақындары.
«Екі қолына төрт оқ тиген. Екінші операция болу керек. Енді қазір жатыр. Мен төрт баламен үйде отырмын», - дейді Жасұлан Жармахановтың әйелі Сайлагүл Ақтоқырқызы.
Ерлеріміз жазықсыз сотталып кете ме деп қорыққандар изолятордың алдын таңғы сағат 6-дан бастап қорыған. Оқ тиіп, жараланғандардың бәрі бірдей лаңкес емес. Кейбірі бейбіт шеруге шықты, кейбірі есік алдына дүкенге шыққандар дейді олар. Бірақ жақындарын көруге келген бір топ ана мен әйелдер мақсатына жете алмады. Енді тергеу әділ жүргізілсе дейді. Ал СИ-18 мекемесінің өкілдері тілшілерге жауап беруден бас тартқан.