Журналист ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды
Журналист ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды
Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы тұру жөніндегі ұлттық бюроның хабарлауынша, Central Asia Monitor газетінің бас редакторы және Radiotochka.kz қожайыны Бигелді Ғабдуллин ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды. Хабарларға қарағанда, Ғабдуллин қазір Астанадағы тергеу абақтысында отыр.
Сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің нұсқасы бойынша, 61 жастағы Ғабдуллин мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты ақпараттық шабуыл жасап, олардың іскерлік беделіне нұқсан келетін теріс материалдар жариялап, шенеуніктерді сынауды доғару үшін қызметтік тұлғалардан өзінің медиаресурстарына мемлекеттік тапсырыстар алып отырған.
Бигелді Ғабдуллин 1980-жылдары қазақстандық газеттердің редакцияларында істеді, ал 1990-жылдардың екінші жартысында оппозициялық "XXI век" газетінің бас редакторы болды. Қудалаулардан кейін ол Қазақстаннан АҚШ-қа кетіп қалды. Саяси эмиграциядан Ғабдуллин 2004 жылы оралды, ол үшін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрады.
Қазақстанға келген соң Ғабдуллин Central Asia Monitor газетін шығарды, "Астана" телеарнасында қоғамдық-саяси бағдарлама жүргізді. 2013 жылы Ғабдуллин Radiotochka.kz мультимедиалық порталын құрды. Ғабдуллин -кәсіби жазушылар, ақындар және журналистердің Қазақ ПЕН-клубының президенті.