«Мәсімов елдің басшысына қарсы болды» - ардагер генерал

«Мәсімов елдің басшысына қарсы болды» - ардагер генерал

«Мәсімов елдің басшысына қарсы болды» - ардагер генерал
ашық дереккөзі
Қаңтар басталысымен еліміздің бірнеше қаласында болған бүліктердің артында саяси күштердің тұрғаны бұған дейін айтылды. Тіпті, бүлікті ұйымдастырып, билікті күшпен басып алмақ болды деген күдікпен ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталып, қамауға алынды. Бұл қырғынға оның орынбасарларының да қатысы бар болуы мүмкін. Әзірге бұл іс бойынша тергеу жұмыстары енді ғана басталды. Қаза тапқан 225 адамның қаны кімнің мойнында екенін осы тергеу анықтай жатар. Азаттық Рухы сайтының тілшісі ұлттық қауіпсіздік саласында 32 жыл еңбек еткен ардагер, генерал-майор Еркін Мұсабаевтың пікірін тыңдап, барлау қызметіндегі басшылардың «ұйықтап қалуына» не себеп болғанын сұрады, деп хабарлады turkystan.kz.
- Еркін Ілесбекұлы, Президент Тоқаев елде төңкеріс жасамақшы болған лаңкестердің жоспарын «білмеген», қауіптің алдын алмаған ҰҚК және оның төрағасын айыптады. Осыншама ауқымды шабуыл ұйымдастырған адамдардың әрекетін сауысқанша сақ комитеттің білмей қалуы мүмкін бе?  - Ұлттық қауіпсіздік комитеті мына жағдайдан хабардар болуы керек. Олардың оқиғадан хабарсыз болуы мүмкін емес. ҰҚК осы жағдайды білген, бірақ жол берген. Адамзат пайда болғалы қоғамға, оның қауіпсіздігіне бақылау жүргізіліп келеді. Бұл сонау ерте заманнан, барлық елде жалғасып келе жатқан жағдай. Қарсы қоғамды, көрші елді барлау, қарсы барлау деген бар. Комитеттің негізгі жұмысы қарулы күзет емес, ақпарат, хабар жинау.

«Мәсімов елдің басшысына қарсы болды»

- Сонда, бүлікшілердің бұлайша дайындығын білсе, не себепті қауіптің алдын алмай, оған жол берілді деп санайсыз? - Тоқаевты орнынан кетіру керек болды. Оны кетірмек болғандар – кресломыздан айрыламыз, байлықтан айрыламыз дегендер. Комитеттің адамдары халықтың ойын, мақсатын, арманын жинап, соны сараптап, Үкімет басшыларына жеткізу. Бүлікшілер лаң салғанда ҰҚК «ұйықтап» қалған. Мәсімовтің де басынан асып жатқан байлығы жетіп жатыр. Содан айрылып қалам деп қорыққан болуы керек. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдегі басшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ал бұл жағдайда елдің басшысына ҰҚК басшысы қарсы болды. - Тек Алматының өзіне 20 мың бүлікшінің шабуылдағаны айтылды. Осыншама адам қай уақытта келіп үлгеруі мүмкін? - Бұл жағдайды екіге бөліп қарау керек. 20 мың террорист кіріп кетті деп айтты. Сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның екі мыңнан астам сарбазы кірді. Сол әскерилерді ондаған ұшақпен екі күн тасыды. Олай болса, 20 мың лаңкесті әкелу үшін қанша уақыт керек? Менің ойымша, 20 мың террорист әкелу үшін де осыншама ұзақ уақыт керек. Оларды орналастыру, тамақтандыру, көзге түсіп қалмас үшін жұмысын реттеу керек. Егер бұған шынымен солай болды деп қарасақ, онда біздің еліміз 20 жыл бойы бақылаусыз қалған деп санауға болады. Ол мүмкін емес. Сондықтан бүлік жасағандардың қаншауы лаңкес, қаншауы қарапайым халық тарапынан эмоциямен қосылып кетті – соны анықтау қажет. - Батыста басталған шерушілер бірнеше тәулік алаңға шықса да, тәртіпсіздікке барған жоқ. Ал, айналдырған бір тәуліктің ішінде Алматыдағы шерудің соғысқа айналып кетуін қалай түсіндірер едіңіз? Жас жігіттер мен қыздар, тіптен үлкендер де қаланы ашық тонады. Бұл тұрғындар санасының өспегенінен деп айта аламыз ба? - Маңыстауда шеру тәртіпті өтті. Оның себебі – шеруді жұмысшылар ұйымдастырды. Олар тәртіпті бола білді, өйткені олар ұжыммен жұмыс істейді. Нақты талаптары бар. Ал Алматыда жұмысшы класы жоқ. Зауыт, фабрика жоқ. Көбі мейрамхана, кафе маңын жағалағандар. Базардың адамдары, қалаға ауылдан келгендер. Жұмыс жоқ, оларды тәрбиелейтін орта жоқ. Оларға 10 теңгенің өзі дүние. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сияқты, иен қалған дүкендерді тонады. Осы жағдайға алып келген кешегі билік. Не жұмысы жоқ, не табысы жоқ. Оларға қарап, бүкіл қазаққа күйе жағу дұрыс емес.

Шекарамыз берік деп айта аламыз ба?

- Нарынқол, Кегеннің тауларынан бастап сонау Қордайға дейін, тіпті одан да ары Қаратаудың адам аяғы баспас қарлы, қыратты асуларында, көз жетпес жоталарында лаңкестердің лагерьлері болуы мүмкін бе? Өйткені, кешегі бүлікшілердің лагерьде арнайы дайындықтан өткені айтылды. - Теорияда таудың арасында лаңкестер болуы мүмкін. Іс жүзінде таудың арасында лаңкестердің лагері болуы мүмкін емес. Дегенмен, таулы аумақтарды толықтай бақылаудың өзі мүмкін емес, оған әскер саны да жетпейді. Шекарамыз құлыптаулы деп бұрын айтатынбыз, ал қазір олай дей алмаймыз. Кеңес үкіметінің кезінде шекара жабық, шет елден бір адам келсе, оның соңында оншақты адам жүретін. Ол заманда мұндай әрекеттерге жол беру деген болмаған. Бұрында Қытайдан көшіп келген қойшыларды да бақылайтынбыз, оларды арнаулы шет елдің барлау агенттігі жіберген деп күдіктенетінбіз. Шындығында, қойшының қолынан не келеді? Қойшы тыңшылық жасамақ түгілі, екі адаммен де дұрыс сөйлесе алмайтын. Қазір анау батыстағы мұнай өндіретін кен орындарының өзінде 15 мың шетелдік бар. Еліміздегі ҰҚК олардың бәрін бақылай алмайды. Арасындағы бірен-сараңын теріп, қолдарынан барлау, ұйымдастыру жұмыстары келеді дегендерді бақыламаса, келіп жатқан мыңдаған адамды қадағалау мүмкін емес. - Халықаралық лаңкестердің іштегі діни радикалдармен бірігуі мүмкін бе? - Теория жүзінде ішкі және сыртқы салафиттердің бірігуі мүмкін. Із жүзінде қиындау. Шет елде содырлардың ішінде жүрген қазақтарды еліміздің комитеті бақылап отырды. Осы оқиғада шетелдік содырларды арнайы ұйымдастырса ғана радикалдармен бірігуі мүмкін. 10-20 адамды әкелуі мүмкін, 200-300 содырды әкелді дегеннің өзі көптеу.

«Халық әкімдерге сенбейді...»

- Шерушілердің алдына кейбір әкімдер мүлдем шықпады. Шыққандары сөзін тыңдата алмады. Қазақ демократияны дұрыс түсінбейді деуге бола ма? - Қазақ мәңгілік ел боламыз деп жатыр ғой. Оны құру үшін билік халықтың сеніміне кіру қажет. Халық та Үкіметке, билікке сенуі тиіс. Осы негізгі мәселе. Елімізде 14 облыс пен 3 қаланың әкімі бар. Сол әкімдер митингіде халқын тоқтата алмады. Біреуі де тоқтата алмады. Анау, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа қарап жаным ашыды. Сол баяғыда жер мәселесі болғанда халыққа «біреуіңді де соттатпаймын, ұстатпаймын» деген уәде берген. Артынша не болды? Қудалау болды. Енді кешегі күні халықтың алдына қайта шыққанда оған ешкім сенген жоқ. Әкімдерге халық сенбейді. Әкімдер биліктің негізі емес пе? Биліктің «қазығы» әкімдер емес пе? Баяғыда дала қазақтары өздерінің биін қалай сайлаған? Ханның жарлығы арқылы сайланбаған. Сол ауылдың ақылды, шешен, батыр адамдары арқылы сайланған. Би мен сұлтандарды таңдау болыстардың, рудың қалауымен, халықтың араласуымен сайланған, таңдалған. Сондықтан даланың халқы демократияға сонау ерте заманнан дайын болған. Қазақтар демократияға дайын емес дегенді жоққа шығарам. - Сұқбатыңызға рақмет!