Жаңалықтар

Алаңға шығып сөйлеген имам елді тәнті етті (ВИДЕО)

ашық дереккөзі

Алаңға шығып сөйлеген имам елді тәнті етті (ВИДЕО)

Заңгер әрі қоғам белсендісі Абзал Құспан Facebook-тегі парақшасында БҚО-ның бас имамы Бақытжан Құралбайұлының Орал қаласында болған митингте алаңға шығып сөйлеген сәтінен видео жариялады, деп хабарлады turkystan.kz.  «Тарихтан білеміз, ел басына күн туғанда қазақ елінің имамдары өре тұрып, иық тіресіп жауға қарсы сапқа тұрған. Кешегі Жұмағазы хазіреттер Ақжайық елін шоқындыруға табанды түрде қарсылық танытып, жанын аямай күресіп, сол имамдардың арқасында мұсылман ел болып отырмыз. Сол асылдардың сынығы, жақсылардың жалғасы - БҚО бас имамы Бақытжан Құралбайұлы. Әрдайым халықтың арасынан табылып, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүреді. Алла разы болсын! Осындай имамдардың іс-әрекетін көргенде иманың нығайып, мұсылман болғаныңа мақтанып, марқайып қаласың. Көркем мінезімен, білімімен, амалымен халыққа үлгі, елге бағыт-бағдар беріп отыр»,- деп жазды ол. Бұл ретте шынымен де алаңға шығып сөз сөйлеген бас имам елді таңқалдырған. «Бұл - біздің қазақтың жері. Пайғамбарымыздың өзі соғысқа жіберіп тұрғанда, «қарсыластың еліне барғанда шөбін жұлмаңдар, ағашын сындырмаңдар» деп бұйырған. Әйелдерге қол көтермеңдер, ақсақалдарға тимеңдер деген. Біз өз мақсатымызға жетеміз. Бірақ ешқандай қирату болмасын. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады. Қатты-қатты сөйлесең, мұсылман дінінен шығады» деген. Шәкірттерім тамақ әкеліп жатыр. «Ұстаз, тапсырмаңызды орындадық, бірақ бірді-екілі ішкен жігіттер де бар екен» деп айтты. Сосын алаңға өзім келдім. Мені әрі кетсе жұмыстан шығарар. Тәуелсіздігімізді арақпен қорғаған жоқпыз. Сондықтан ішіп алғандарды үйлеріне қайтарыңыздар. Елдің сиқын бұзбаңыздар. Одан да сау 10 шақты жігітті шақырыңыздар. Бір-бірімізді құрметтейік, сыйлайық», - деді имам.