Жаңалықтар

Австриядағы мұғалім қыз: Вена қазақтары бас қосатын орталық қажет

ашық дереккөзі

Австриядағы мұғалім қыз: Вена қазақтары бас қосатын орталық қажет

Мелике Дурмаз Австрия астанасы Венадағы мектептердің бірінде мұғалімдік қызмет ат­қара­ды. Венада туып-өскен ол мектептегі қызметінен бө­лек көп жыл бойы Австриядағы қазақтар қауым­дастығының жұмысына белсене атсалысып жүр. Жуырда сол қауымдастыққа басшы болып тағайын­далған Мелике қазақ мәдениетін әйгілеуге, Австрияда тұратын жастарды бірлікке шақыруға күш салуды күні кеше бастап кеткенін айтады. «Жас келсе, іске» демекші бойында қайраты тасып, жігері жалындап, белін бекем буып отырған қандасымызға хабарласып, әңгімелескен едік.

– Біз білетіндей, Еуропа елдеріндегі қа­зақтар қауымдастығының көбін орта жастағы қандастар басқарады. Бірақ жуырда Австриядағы қазақтар қауым­дас­тығының жаңа басшысы етіп сізді, жас мұғалімді сайлағанын естігенде таң­­­ғалғанымыз бар. Демалыс күндері де қо­лыңыз босамай жүргеніне қарағанда, қызу жұмыс басталып кеткен секілді... – Иә, жоспар құрып, жұмысты бастап кет­тік. Алдымен, Қазақстанда мені танымай­тын қалың жұртқа өзімді таныстыра кетейін. Аты-жөнім – Мелике Дурмаз. Австрияның аста­насы Вена қаласында туып-өстім. Алтай­дан үдере көшкен қазақтың ұрпағымын. Көп­­­шілігі, қазақтардың ол жақтан Үндістан, Пәкістанға неліктен көшкенінен хабардар бо­лар. Ата-әжем сол жақтан Түркияға қоныс ау­дарған соң, 1964 жылы Австрияға көшіп кел­ген. Ұлттық тәрбиенің ұйытқысы болған атам ертеректе, ал әжем былтыр дүние салды. Ата-анам және екі бауырыммен бірге Венада тұрып жатырмын. Тұрмыс құрмағанмын. Өзім орта мектепте мұғалім болып жұмыс істей­мін. Неміс тілі мен биология пәндерінен са­бақ беремін. «Неге екі түрлі пәннен сабақ бере­сіз?» деп сұрағыңыз келсе, Австриядағы ор­та мектептерде мұғалімге қосымша пәнді таң­датқызады. Сонымен қатар апта сайын оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру және болашақ мамандығын анықтауға септігін тигізетін сынып сағатын жүргіземін. Негізі, мен бастапқыда лингвистика факультетінде жоғары білім алғанмын. Университет бітірген соң, мектепте әкімшілік қызмет атқарып жүр­ген кезде кейбір балалардың сөйлеу кезін­де қиналатынын, әріптерді дұрыс айта алмай­ты­нын байқап, оларға көмектесіп жүрдім. Сол кезде маған балалармен жұмыс істеу ұнай­ты­нын түсіндім. Сөйтіп, университетке мұға­лім­нің оқуына тапсырып, екінші жоғары бі­лім алып шықтым. Ал қазақтар қауымдастығы­ның жаңа басшысы ретінде сайлануымды сөз етсек, бұл – үш апта бұрын қабылданған ше­шім. Негізі, қауымдастық басшысы екі жыл бұрын ауысуы керек еді. Бірақ пандемия сал­дарынан бас қосу мүмкін болмады, оның үстіне ешқандай іс-шара да өткізілмеді. Жуыр­да маған дейін басшы болған кісі осын­да тұратын қазақтардың басын біріктіруге күш салатын жаңа басшы керек екенін айт­қан болатын. Содан соң жастар маған «бұл қыз­метті сіз атқарсаңыз қалай болады?» деп ұсы­ныс айтты. Бастапқыда бұл ұсынысты ес­тіген кезде таңғалдым. Бірақ бүгінге дейін қауымдастықта атқарылған барлық жұмыс­тың басы-қасында жүрген соң, бұл игі істі ат­қаруға қуана-қуана келістім. Білуімше, Еуропа­ның көп жерінде жұмыс істейтін қа­зақ­тар қауымдастығы басшыларының ішінде ең жасы менмін. Жуырда ол қауымдастықтарға да жастар жетекшілік етеді деп ойлаймын. Жұмыс істеп жүрген жастардың тәжірибесі то­лы­сады, таным көкжиегі кеңейеді, білігі ар­тады. Біз үлкендерден жақсы жұмыс істей ала­мыз деуден аулақпын, бірақ қазіргідей жаһан­дану кезеңінде, электрониканың зама­нында жастарға берілген мүмкіндік көп, идея­лар да жетерлік. Сол себепті біз «жар­қырай­тын» сәт туған сияқты. Халқымыз ежел­ден әрбір ісін батасыз бастамаған ғой. Сол себепті кеше осында тұратын ақсақа­лы­мыз­ға барып «Біз осындай игі істі бастағалы отыр­мыз. Батасыз ештеңе өнбейді. Арамыз­да­ғы үлкеніміз ретінде бізге қолдау көрсе­тіңіз» деп қол жайып, бата сұрадық. Ар­найы іздеп келіп, бата сұрағанымызға таңғал­ған ақсақал алғысын айтып, көл-көсір етіп ба­тасын берді. – Бірақ сіз ара-тұра қазақша сөйлеп, сұрақ­тарды түсініп отырсыз. – Үйде әке-шешем бір-бірімен қазақша сөй­­­леседі. Осылайша олар мұны біздің бойы­мыз­ға дарытты. Десе те ана тілімде еркін сөй­лей алмаймын. Бірақ кириллица әліпбиін оқи аламын. Әкем бірде Қазақстанға барған кез­де маған қазақ тіліндегі бір кітапты әкеп бер­ді. Сол кітап арқылы қазақ әліпбиін танып, кейіннен күніне тұтас сөйлем құрастырып жазып, ақырында оқуды өз бетімше үйреніп алдым. Тағы бір айта кететін жайт, мен әдеби шығармаларды оқығанды жақсы көремін. Алдағы уақытта қазақ тілінде жазылған кере­мет туындыларды оқығым келеді. Бірде бір кітап­ты оқып бастаған едім, бірақ күрделі сөй­лем­дерді түсіне алмай, дал болдым. Егер маған біреу сыныпта қазақ тілін бетпе-бет отырып үйретсе, қазіргідей қиналмай, тез сөйлеп кетер едім. Венада университетте оқи­тын, Қазақстаннан келген бір досым бар. Әдеп­кіде ол маған қазақ тілін үйретсе, мен оған неміс тілінен сабақ беремін деп келіскен едік, алайда оның сабақ кестесінің тығыз болу се­б­­ебінен бұл іс әзірше жүзеге аспай тұр. Деген­мен осында тұратын отызға жуық отба­сы ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді берік ұстанады. Сіздерде үйлену той қалай өтсе, бізде де солай өтеді. Айта кетерлік маңыз­ды бір жайт, осында тұратындар тек қа­зақ­тан қыз алып, қыз беріседі. Арасында тек біреуі немесе екеуі ғана неміс және ауст­рия­лықпен отау көтерген шығар. Былайынша, бұл мәселеге келгенде барлығы бір ғана ұста­ным­ды ұстанады. Сосын қазақ халқының қа­­н­ына сіңген қонақжайлылық дәстүрі бізде де бар. Қонақ келеді десе, қазақтың ұлттық т­а­­­­ғамдарын, әсіресе, қазақша ет әзірлеп, бауыр­­­сақ пісіріп, үйде тайлы-тұяғымызбен кү­­тіп отырамыз. Ол кезде бізге ешқайда бару­ға болмайды (күліп). Десе де бізге демалыс күн­­­дері қазақ тілін үйрететін мұғалім расы­мен керек. Жоғарыда сіз атап өткен қорлар ту­ралы енді естіп отырмын. Олармен еш бай­­­ланыс орнатпағанбыз. Жалпы, елден жырақ­­та өсіп-өнсек те, ана тіліміз бен ән-күйі­­­­­міздің біз үшін маңызы зор. 2010 жылы осын­да Дүниежүзі қазақтарының кіші құрыл­тайын өткіздік. Сол кезде 6-10 жас аралы­ғын­дағы балаларды жинап, арнайы зал жалдап, «Қара жорға» биін үйреттік. Сол кезде олар­дың сезінген эмоциясын сөзбен айтып жет­кізе алмаймын. Ал бірақ осындағы жас­тар­дың мерейін көтеріп тастайтын осындай іс-шара­лар өткізетін арнайы бір орын болса дей­сің. Апта сайын кездескенде менің үйімде немесе ко­феханада бас қосамыз. Қазақ тілін меңге­р­ген­нен бөлек, бойжеткендерімізге қазақша та­­­­ғамдарды әзірлеуді үйретсек дейміз. Бірақ та­ғы сол біз бас қосатын орын жоқ. Тіпті, үл­кен­деріміз қайтыс болған кезде құдайы та­мақ беру үшін басқа ұйымдардың кеңсесін төрт-бес сағатқа жалдап аламыз. – Ал Австриядағы Қазақстан елшілігі та­рапынан қандай да бір көмек көрсетіле ме? – Негізі, біз олармен байланыс орнатқан едік, бірақ ондағы елші әр екі жыл сайын ауы­сып отыратындықтан, жұмыс өнбей жа­тыр. Елшілікке кім келгенін білу, елшімен жа­қын танысу үшін электронды пошталарына хат жазған едім, қазір елшінің басқа қалада жүр­генін жазып, жауап қатты. Содан соң олар біз­ге хабарласқан жоқ. – Қауымдастық атқарған жұмыстың ба­сы-қасында бұрыннан жүрген бол­саңыз, Қазақстанға келіп қайтқан болар­сыз. Қандай әсер алдыңыз? – 2011 жылы елордада өткен құрылтайға ша­қырылдым. Құрылтай демекші, сол үлкен құрыл­тайға Австриядан барған алтауымыз бас­қа қазақтармен сөйлесе алмай, әлекке түс­­ке­німіз есімнен кетпейді. Бертін келе Ал­ма­тыда тұратын тәтемнің үйіне қыдырып бар­дым. Алматының сұлу табиғаты, тауы, ауа райы ерекше әсер қалдырды. Нұр-Сұлтан қаласы заманауи стильде салынғандықтан оны біз көп көріп жүрген еуропалық қа­лалар­дың бірі ретінде қабылдадым. Ал Алматыдағы Көк­төбе, Медеу, тіпті халық құжынаған Көк­базар­дың маңында жүре бергің келеді. Көп қы­зық нәрсені көріп, таң-тамаша болдым. Ве­наға келген соң, аустриялық достарыма Қа­зақстанда түсірген суреттерді көрсеткен едім, олар да барғысы келіп, бірге саяхаттау тура­лы ұсыныс айтты. Олар әсіресе иен дала­ны, ауылды жерлерге барып, ондағылардың тұр­мыс-тіршілігімен танысқысы келеді. Бұйыртса, 2023 жылдың жазында Қазақстанға бірге саяхаттаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ