Алмастырылмайтын адам

17 қаңтар, 2022 / Дана Ізтілеуова
ашық дереккөзі
Алмастырылмайтын адам Жоспарлары, мақсаттары көп еді... Орыста «Незаменимых не бывает» де­ген сөз бар. Қазақшаға аударсақ, «Ал­мас­тырылмайтын адам болмайды» деген ма­ғына береді. Яғни «орнын ешкім баса ал­майтын ерекше тұлға жоқ, ерте ме, кеш пе, бәрі­бір ол ұмытылып, оны алмастыратын, оны жоқтатпайтын біреу табылады» дегенге сая­тын сөз тіркесі. Ал қазақ олай кесіп айт­пай­ды, тек «Орнында бар оңалар...» деп, сол тұл­ға қалдырған іздің, дәстүрдің, ұрпақтың ке­лешегінен үміт күтеді, қайғыра отырып, ал­дағы күннен жұбаныш іздейді. ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Тәуел­сіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лау­реаты, театр сыншысы, профессор Әшір­бек Сығайдың дүние салғанына да жеті жыл­дан аса уақыт өтіпті. Қабырға қайыстырар қара­лы хабарды естігелі, есіл ағаны ел болып жоқтап, көздің жасы сел болып жоқтап, қимай-қимай жер қойнына тапсырғалы, жал­пы қазақ Әшірбек Сығайсыз өмір сүріп ке­ле жатқалы сонша уақыт өткеніне көз ила­нып, көңіл сенбейді-ақ. Өйткені айтқан сөзі, шерт­кен сыры, жазған кітабы сәт сайын ал­дыңнан шығып отырады. Театрға барсаң, ал­дыңнан кездескен екі адамның бірі сол кі­сі­нің шәкірті немесе үзеңгілесі, тіпті бол­маса әйтеуір лебізін тыңдаған, бағасын есті­ген, ақыл-кеңесін алған адам болып шығады. Бас­пасөзді шолсаң, «шіркін, Әшекең болғанда мы­наған былай деген болар еді, ана қойы­лымды солай деп сойып салар еді...» деген сыңай­дағы өкініш табы, сағыныш сазы сезі­ліп тұратын мақалаларға кезігесің. Кітап­ха­на­ға кіріп, өнер тақырыбында ізденбек бол­саң, қарсы алдыңда самсап Әшекеңнің ең­бектері тұрады. Біреу емес, екеу емес, 18 кі­тап! «Іңкәр шақ» (1978), «Сыр сандық» (1980), «Сахнаға сапар» (1990), «Жарнама алдындағы ой» (1993), «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағылымы» (2003), «Толғам» (2004), «Талдықорған театры» (2005), «Театр поэ­зиясын пір тұтқан» (2006), сондай-ақ кейін­гі он бес жыл ішінде жарық көрген «Сах­на әлемі», «Актер әлемі», «Ой төрінде – театр», «Театр сардары», «Райымбек Сейтмет», «Сә­бира Майқанова», «Ән-тағдыр», «Таңғажайып театр», «Қаллеки театры»... Таяуда белгілі режиссер-документалист Қалила Омаровтың «Сын сардары» атты дерек­ті фильмін қайта тамашаладым. Туынды Әшір­бек Сығайдың көзі тірісінде таспаланған екен. Жаздыгүні жары Күләшпен бірге туған жері – Кентауға, Түркістанға барып, әбден ара­лапты, аунап-қунапты. Фильмнің сце­нарийін өзі жазып, тіпті балалармен бірге асық та ойнапты. Деректі фильмде Ә.Сығай ту­ра­лы ресейлік «Театральная жизнь» жур­налының бас редакторы Олег Пивоваров, Мәскеудегі Б.Щукин атындағы театр институ­ты­ның профессоры Сергей Яшин, Орынбор дра­ма театрының жетекшісі Рифхат Исра­филов сыр шертіпті. Сондай-ақ Cәбит Ораз­баев, Әкім Тарази, Есмұхан Обаев, Құлбек Ер­гөбек секілді қазақ руханиятының таны­мал өкілдері де сын сардары туралы ақжарма лебіздерін білдірген. Олар да деректі фильмді түсіру барысында, яғни Әшағаңның бар кезінде сөйлеген. Дауыстарынан мақтаныш лебі еседі, жүздерінен разылық табы көрі­не­ді... Әрине, Әшағаңның өзі – басты кейіпкер. Ше­шен сөйлейді, кібіртік жоқ, кідіріс жоқ, түйін­ді ойларын түйдек-түйдегімен тастайды. Әң­гіме айтуының өзі әдемі. Сөзі де сұлу, өзі де сырбаз... Алдын ала келісім бойынша фильмге біраз сыр-сұхбат көріністері енбей қалыпты. «Бірер жылда 70 жасқа толамын, сол кезде то­лығырақ тоқталармыз» деген екен өзі... Жүзе­ге асырсам дейтін жоспарлары, қолға ал­сам дейтін мақсаттары, атқарсам дейтін іс­тері көп еді. «Кейінірек...» деп, біршама шаруа­ны кейінге ысыруы да сол арманшыл мақ­саткерлігінен шығар. Жетпіске толған жы­лында еске алу кеші өтетінін, өзінің мәң­гілік сағынышқа айналарын алдын ала сезді деймісіз... Ақиқатшыл азаматтың жан сыры Қайбір жылы «Алматы ақшамы» газеті Әшір­бек Сығайдың қаламына арнап «Жарық жұлдыздар» атты айдар ашқан-ды. Мен де ол кезде сол басылымда істеймін. Мә­де­ниет саласының майталманы төрт жыл бойы газет бетінде әлем өнерінің сан алуан саң­лақтары туралы сыр шертті. Және ол «жа­рық жұлдыздар» дегенде қазіргі жарнамасы жер жаратын, алайда бойында талант та, білім де, парасат та жоқ «жұлдызсымақтарды» емес, руханият саласына сіңірген еңбегі зор, шы­ғармашылығы уақыт сынынан шыңдалып шы­ғып, бүгінге жеткен, өнер әлемінде өзіндік үн, дара қолтаңба қалыптастыра білген шы­найы жарық жұлдыздарды жазды. Ә.Сығай қа­ламынан туған эсселердегі, очерктердегі, шы­ғармашылық портреттердегі Елубай Өмір­зақов, Шахан Мусин, Жан Габен, Радж Капур, Рудольф Нуриев және т.б. сахна тарландары­ның өмір жолы, өнерге іңкәрлігі арқылы оқыр­­ман қауым да таным көкжиегін кеңей­тіп, тәнті болған-ды. – Мен мақаланы қолмен жазам, – деуші еді Әшекең. – Кәдімгі қаламсаппен ақ қағазға тү­сірем. Компьютерді үйренуге де болар еді, өзім аса қызықпадым, құнттамадым. Ойымды әб­ден жинақтап алмай, жазу үстеліне отыр­май­мын. Мақала әлде эссе көкейімде пісіп-же­­тілген кезде ғана жазуға кірісемін. Күндіз қол тие бермейтіндіктен, көбіне кешке неме­се түнде жазамын. Аяқтап, Күләш жеңешеңе теру­ге беремін де, жатып ұйықтаймын. Тұр­ған соң, басылған мәтінді тың жанармен үсті­нен қайта бір қарап, қате-кемшіліктерінен арылтып, редакцияларға жіберемін. Мақалаларын, кітаптарын, сұхбат­та­рын оқығанда құлағымызға үнемі Әшір­бек ағамыздың даусы келіп отырады. Өйт­кені ол кісі қалай әдемі жазса, солай сөй­лей білетін де. Ол – сұхбат алушы журна­лис­тер үшін керемет олжа, таптырмас әңгімеші еді. Оның айтқанын қағазға түсіргенде ары-бері жонып-кертіп, жөндеп әуре болмаушы едік, еш артық сөз жоқ, тіпті бастауыш-баян­дауы­шына дейін орын-орнында тұратын. Бар ойын, бар күшін, бар ғұмырын қа­зақ өнерінің мәртебесін көтеруге, мұң-мұқтажын айтуға, жоқ-жітігін түгендеуге ар­наған ағаның әңгімесі де үнемі сол тарапта бо­латын: «Роза Әшірбекова туралы мақала жазуым керек. Мықты актриса, бірақ онша көп елеп-ескеріле бермейді». «Алдағы жылы Райым­бек Сейтметовтің мерейтойы. Соны қа­лай атқарамыз деп ойлап жүрген бір адам бар ма екен?». «Аймақтарда жақсы режиссер, шебер актерлар бар. Соларды іздеп тауып, жаз­байсыңдар ма? Не қарап жүрсіңдер?». Бір­неше рет сапарлас болдық, талай рет ресми-бейресми сұхбаттастық. Сондай бір оңашада сыр шерткен сәтінде: – Мен адамдарды шексіз жақсы көрем, – деді. – Қызметіне, қабілетіне қарамастан, кез келген адамның пікірімен санасамын. Әрине, та­лантты адамдарға деген құрметім тіпті бө­лек. Ал шығармашылыққа келгенде, ұлтқа, ха­лыққа, өнерге пайда-зиянына қатысты әң­гімеге келгенде – «екі туып бір қалғаным» бол­са да, қатып қалам. Өйткені мен үшін сол сәтінде айтылмаған пікірдің құны көк тиын. Не, кемшілікті дер кезінде айту айып па? Бұл – жанашырлық. Бір адамның көңіліне қа­рап, бүкіл қоғамды ластау – қылмыс! Кө­мейге келген пікірді кері жұту менде бол­май­ды, ол – мәкүрік. Ал жекелеген адамдардың рені­ші екі-үш күннен кейін басылады, оңаша қалып ойланады, таразылайды. Кейбіреуі сыр­тымнан ғайбаттайды. Ол – әркімнің ары­на байланысты. Сыншылықпен айна­лыс­қа­ныма қырық жылдан асыпты, қанға сіңген әде­тімді жасандылыққа, есеп-қисапқа құрған емеспін... Қазақ театрының құрылған күнінен бас­тап, бүгінгі тіршілігіне дейін талдап-тараз­ы­лап, зерттеп-зерделеп берген шежіреші тұл­ға­ның, «тура биде туған жоқ» ұстанымына адал боп өткен ақиқатшыл азаматтың ішкі жан сыры, нағыз кісілік келбеті осы еді ғой! * * * Қазақтың Әшірбексіз өмір сүріп келе жатқанына да жеті жыл болыпты. Сонша уақыт өткеніне көз иланып, көңіл сенбейді-ақ. Өйткені айтқан сөзі, шерткен сыры, жазған кітабы сәт сайын алдыңнан шы­ғып отырады. Театр туралы әңгіме қозға­саң да, әлдене жазсаң да, бірдеме оқымақ болсаң да, қарсы алдыңнан қасқайып Әшекең шыға келеді. Демек, біз әлі де (бәлкім, ешқа­шан) Әшірбек Сығайсыз өмір сүре алмайды екенбіз. Қадам басқан сайын оның ойына, сө­зіне, бағасына, мақаласына, кітабына жүгі­неді екенбіз. Яғни алмастырылмайтын да адамдар болады екен («незаменимых, оказы­вается, бывает»)...

Әлемдік деңгейдегі театр философы

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, КСРО және ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ әдебиеті мен мә­де­ниетіне бір буырқанған буын келді. Сол топтың арасында алмастай жарқылдаған Әшірбек те болды. Мен оны өз саласындағы ұлы тұлға санай­мын. Оның маған берген жәрдемі ұшан-теңіз. Он жастай айыр­машылығымыз болса да іні-дос болдық. Мені «Аске» деуші еді. Қазір сол сөзді сағынамын. Мен әр жасаған жұмысымның, ойнаған обра­зым­ның бағасын тек екі-ақ кісіден сұраушы едім. Бірі Шәкен Айманов бол­са, екіншісі Әшірбек Сығай еді. Бір абызымнан баяғыда айырыл­сам, кейін екінші ақылшымнан да айырылып, егіліп қалған жайым бар... Көңілге медет қыла­ты­ным: ел-жұрты Әшірбегін бағалайды екен. Халықтың берген бағасынан артық баға да, атақ та, даңқ та болмайды.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

– Театр сыны, өнер сыны қазір де жоқ емес, бар ғой, ауызды құр шөп­пен сүрте беруге болмас. Бірақ бәрібір Әшірбектің орны бөлек-ті. Оның аты бүкіл түркі әлеміне, бұрынғы Одақ елдеріне мәшһүр еді. Сол елдердегі театр фестиваліне Әшірбектің баратынын естісе, онда­ғы өнер қайраткерлерінің бәрі қуанатын. Шет елдердегі фестиваль­дер­де қазылар алқасының мүшесі болса, «Әшірбек Сығай не дер екен?» деп бәрі мұның аузына қарайтын. Сол беделімен қазақ өнерінің, қазақ мә­дениетінің туын тік көтеріп, абыройын асқақтатып жүретін. Біл­мей­тін саласы, меңгермеген мәселесі болсайшы! Кез келген тақырыпта кез келген адаммен пі­кір таластыра алатын білгір, ойшыл жігіт еді. Менің де ақылшым, сырласым болатын... Ел, ұлт осындай тұлғаларымен мықты шығар.

Төлен ӘБДІКҰЛЫ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар ғой. Сол Әшекеңе ар­нап айтылғандай. Ол алдымен – театр сыншысы. Сыншылығының өзі ерекше. Ұлттық театр өнерінің іргетасын қалаған ардақтыларымыз жайында тәптіштеп жазды. Одан кейін Асанәлі Әшімов, Әнуар Мол­дабеков бастаған саңлақтар буыны туралы тамылжыта қалам тер­беді. Облыстардағы театрлардың жетекші актерлары жайында ғажап м­ақа­лалар туғызды. Оның жазғандары – қазақ театрының энци­к­ло­педиясы. Әшекең ұзақ жылдар жоғары дәрежелі мемлекеттік қызмет атқарды. Шешендік қасиетін де сағынып еске аламын. Ол бір үлкен жиындарда сөйлеп кет­кенде, мәселенің түпкі мәніне үңіліп, тереңдеп, шабыттана айтатыны сонша, алдынан арқан қойып тоқтата алмайтын. Бар өмірін қазақ өнеріне арнаған аяулы азаматымыз еді...
Шаура ГИЛЬМАНОВА, Башқұртстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері:
– Әшірбек Сығайды мен театр өнеріндегі бірнеше буынды тәр­бие­леген адам, ұлағатты ұстаз деп білемін. Халықаралық фести­валь­дерде қазақ театр өнеріндегі қандай белгілі тұлғамен таныссақ та, ол актер болсын, мейлі, режиссер болсын, бәрі де кезінде Әшірбек Сы­ғайдан сабақ алған болып шығады.Ол тіпті театр көрермендері үшін де ұстаз болған шығар деп ойлаймын, оның сыни көзқарасы, сараптау ма­қалалары, ашық та шынайы пікірлері арқылы қаншама адамның театр туралы, өнер туралы дүниетанымы қалыптасты, талғамы өсті! Ол – қазақ руханиятында ғана емес, арысы ТМД, берісі түркі дүниесі ауқымында орны бөлек тұлға. Мен Әшірбек Сы­ғайды әлемдік деңгейдегі өнер сыншысы, театр философы деп айтар едім!

Сәкен СЫБАНБАЙ