Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Біз әлемге қарай беттеп барамыз

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Біз әлемге қарай беттеп барамыз

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Біз әлемге қарай беттеп барамыз
ашық дереккөзі

Моңғолияның Баян-Өлгей ай­ма­ғында тұратын бел­гілі ақын Сұра­ған Рахметұлы жуық­­та атажұртқа қо­ныс аудар­ған бола­тын. Сұраған Рах­метұлы – қазақ елі оқырмандарына отты жырлары­мен танылған, шеттегі қан­дастар­дың рухани өмірінде өзіндік орны бар тұлға. Ақынмен сұхбатымыз қа­­зақ рухани әлемі, поэзия парқы, да­­лалық өркениет пен қалалық өр­кениет то­ғысы және қазақ кө­ші­нің болмысы жай­лы өрбіді.

– Сұраған Рахметұлы, атажұртқа қош келдіңіз. Шеттегі қазақтардың байыр­ғы мекеніне бағытталған көш сәл баяулаған кезде атамекенге қо­ныс аудардыңыз. Бұған дейін Моң­ғо­лиядағы аз қазақтың рухани-мә­дени өмірінде елеулі қызметтер ат­қардыңыз. Дәл қазіргі таңда ол жақ­тағы қазақтардың ұлттық бол­мы­сы қандай деңгейде? – Көш – қазақтың басынан өткен үл­кен дәурен, тарихи процесс. Бұл ға­сыр­лар бойы жалғасып келе жатыр. Қа­зақ елі Тәуелсіздік алған соңғы 30 жыл­дың ішінде қазақ көші қайта жан­да­нып, атажұртқа қарай ағылған ағайын­ның қатары артты. Атақонысқа бет алған ұлы көштің ерекше қарқын ал­ған кезеңі бар, баяулаған сәттері де жоқ емес, бірақ бұл үрдіс тоқтап қалған ке­зі болған жоқ. Көштің өзіндік сәні мен сал­танаты, қазақ елінің қуатын арт­тыра­тын үлесі бір басқа мәселе. Мұнда келіп жат­қандардың барлығы атақонысты өз­дерінің болашақ өсіп-өнетіп ұйығы санап ат басын бұрғандар. Ал менің өз жағдайыма келетін бол­сақ, «әлдеқашан көшіп келген адаммын». Ме­нің рухани байланысым, рухани әле­мім тоқсаныншы жылдардан бері қарай қа­зақ елімен тығыз қарым-қатынаста жал­ғасып жүріп келе жатыр. Ал ет денем кейін­гі елде жүріп сол жақта рухани мә­дени саланы басқарып, қазақ тәуел­сіздігінің болашағы үшін еңбек еттім. Баян-Өлгейдегі Қазақ радиосын 20 жыл­дан астам уақыт басқардым, «Шұғыла» жур­налын да сол кезде қатар алып жүр­дім. Сонымен қатар «Жаңа дәуір» газетін шы­ғардық. Ол газет 4 беттен 32 бетке дейін ауқымды деңгейде жарық көрді. Бұл шеттегі диаспораның тұрақты үні бол­ды. Моңғолия қазақтары мекен ет­кен жер – шетел қазақтары арасындағы ең белсенді, елгезек, қазақы болмысын сақтаған өлке. Бұл – қазақтардың өзіне тән әдебиеті, мә­­­дениеті, тарихы бәрі бір ізге түскен жұрт. Қазірдің өзінде 160 000-дай қазағы бар Моңғолия қазақтары – атажұрт то­пырағына ең жақын орналас­қан диас­пора. Осы аз қазақтың рухани ор­та­сын алға сүйреу өтпелі кезеңде біз­дің маң­дайы­мызға жазылған парыз бо­латын. Моңғолия қазақтары 1925 жыл­дан бас­­тап атақоныс Қазақстан­ның рухани көмегі мен қолдауын көріп ке­ле жатқан ел. 1925 жылдан бастап 1990 жылға дейін қазақ елі Кеңес Ода­ғының құрамында болса да Моң­ғо­лия­дағы қандастарын естен шығармай, олар­дың сауат ашуынан бастап рухани-мәдени дүниесінің дұрыс қалыпта­сыуы­на барынша қол ұшын созып келеді. Бұл – тілге тиек етіп айта кетуге тиісті тарих. Сондықтан негізінен Моңғолия қа­зақтарының рухани әлемі қазақ елі­нен ешқашан бөлек болған емес. Кезінде «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Қа­­зақстан әйелдері», «Қазақстан мұ­ға­лі­мі» журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Ле­ниншіл жас», «Социалистік Қазақ­стан» бастаған негізгі басылымдар Баян-Өл­гейге барып тұратын. Сонымен қатар «Шал­қар» радиосын тыңдап өстік. Ал 1990 жылдардан бастап тәуелсіз Қазақ­стан­ның телеарналарын көре бастадық. Қа­зір Моңғолиядағы қалалық тұрғын­дар­ды былай қойғанда даладағы мал­шы­лар­ға дейін барлығы қазақстандық те­леарналарды көріп, рухани байып отыр. Ин­тернет пайда болған дәуірден бастап ақ­парат алмасу тіпті жеңілдеді. Жастар жыл сайын қазақстандық жоғары оқу орын­дарына түсіп, маман болып қалып­та­сып жатыр. Көрші Ресей мен түркі тіл­дес мемлекеттерден білім алған біздің жас­тар осы атажұртқа ат басын бұрып, әрі қарай қызметін жалғастырады. Қа­зақстандағы аудандық басылымдардан бастап республикалық деңгейдегі БАҚ-та 280-нен астам біздің жақтан келген жур­на­листер қызмет етіп жүр екен. Бұлар­дың барлығы қазақ руханиятының алға жылжуына, шетелдегі қазақтарды ата­қо­нысқа тартуға, Қазақстан геосаясатының дұрыс қалыптасуына қызмет етіп жүрген азаматтар. – Кейінгі кезде қандай туынды­лар жазып жүрсіз? Жеке шығарма­шы­лығыңызда қандай жаңалық бар? – Шығармашылық азаматтың, жазу­шы­ның өзіне қатысты дүние. Шығарма­шы­лықты біз таңдаған жоқпыз, керісін­ше шығармашалық, руханият бізді таң­дады. Біз шығармашылықтың ішіне еніп кет­кен, ойдың «түрмесіндегі», әзілмен айт­қанда оқу соққан адамбыз. Соңғы 1 жыл­дай уақыт Түркияда болдым. Сонда «Ана­долы жазбалары» деген еңбек жаз­дым және түріктің мықты ақындарының өлеңдерін тәржімаладым. Сол сияқты тағы бірнеше туынды өмірге келді. Со­сын қазір Шыңғысхан тарихына қатыс­ты әртүрлі пікірталас қызып тұр. Моңғо­лия­лық талантты қаламгер Гун-Аажавын Аяур­зананың «Тәңіри шежіре» деп ата­латын «Моңғолдың құпия шежіресін» жан-жақты талдаған еңбегін қазақшаға толық аудардым. Бұл қазақ тарихына да қа­тысы бар, «Моңғолдың құпия шежіре­сін» әлемдік деңгейде талдаған құнды еңбек. Бұл еңбек алдағы уақытта «Жұл­дыз» журналына басыла бастайды. Соны­мен қатар моңғолдың және түріктің та­нымал ақындарын қазақ тіліне, қазақ ақындарының жақсы жырларын моңғол тіліне тәржімалап жатырмыз. Қазір қазақ әдебиеті қаласын, қа­ла­масын әлемдік әдебиеттің бір саласы ретінде дамып келе жатыр. Біз ке­зіндегі еуроцентристік көзқарас аясы­нан шығып әлемдік әдебиет керуеніне қа­рай бет алдық. Бұл күнде қазақ әде­бие­ті ағылшын, испан, түрік, орыс тағы бас­қа көптеген тілдерге аударылып жа­тыр. Мұның барлығы ұлт әдебиетінің әлем­дік руханият көшіне ілесіп келе жат­қанын білдіретін тірлік. Менің жаңа­ғы өз бетімше жасап жатқан аудар­ма­ларым осы әлемдік руханиятқа қарай бет алған қазақ әдебиетінің үлкен түре­ні­не қосқан азғантай үлесім. Осы уа­қыт­қа дейінгі еңбектерім көптомдықтар ре­тінде топтастырылмағанмен жарық көру­ге тиісті қолжазбалардан бастап есеп­тегенде қоржынымызда біраз дүние бар. Өзімізді қазақ руханиятының жа­на­шыры әрі құлы деп санаймыз. – Қазақ әдебиеті әлемдік әдебиет­тің бір бөлшегі деп отырсыз. Жалпы, біздің әде­биет соңғы 30 жылда өзіне тие­сі­лі міндетті атқара алды ма? – Қазақ әдебиеті әлемдік деңгейге шық­қалы қай заман. Біз тек қана тілдік ке­дергілер мен саяси казармалық жүйе­нің кесірінен 200 жыл уақытты босқа өт­кізіп алдық. Мәселен, Мұхтар Мағауин құрастырып қолымызға ұстатқан «Бес ғасыр жырлайды» деген жыраулар поэ­зиясын алып қарасаңыз, ондағы әр­бір сөз жауһары ешкім де дау тудыра ал­­­­май­тын әлемдік деңгейдегі биік құн­дылық. Тек қана біз оны шет тілдерге же­тік ауда­рып, әлем халқына ұсынуымыз қа­жет. Бұл мұралар – біздің рухани алтын қорымыз. Мұны бірінші деп қойыңыз. Екіншіден, бізде әдебиеттің барлық жанры бар. Проза, поэзия, драма немесе қа­зіргі әлем әдебиетіндегі барлық «изм­дер» элементін төл әдебиеттен табуға бола­ды. Постмодернизмге дейінгі және постмодернизмнен кейінгі ағымдардың барлығын біздің туындылардан кездес­тіруге болады. Бұл туралы өкініш жоқ, мақтаныш бар. Әлемдік әдебиеттің күре жолында қазақ әдебиеті де сап түзеп бара­ды. Қазақ әдебиетін алға шығаратын, әлемге мойындататын жалғыз жол бар. Ол – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік жылдарын­да­ғы жасалған қаншама рухани-мәдени бағдарламалар біздің рухани ортамыз­дың толыса түсуіне көп септігін тигізді. Әлемдік деңгеймен салыстырып қара­ған­да біздің әдебиетіміз биік деңгейде. Олай болатын себебі біз көшпенділер өркениеті тұсында әдебиетіміздің алтын қорын қалыптастырып алған елміз. Біз сондай ірі өркениеттің үстінен өттік. Ұлы даланың әдебиеті, мәдениеті, өнері, ұлы сарыны біздің түп негізіміз. Біз сол түп негізімізден нәр алып, жаңа заман әдебиетін тудырып отырмыз. Бұл жолда еш тоқтау жоқ. Әлем бізге қарап отыр, біз әлемге қарай беттеп барамыз. Біз әлем руханиятының соңында емес, қа­тарындамыз. «Біз әлем руханиятының соңындамыз» деп жүрген адамдар хал­турамен айналысатындар және әдебиетті оқымайтындар. Әдебиет үшін алаң­дай­тын бір мәселе бар. Ол мәселе – қазір біз­дің жазғандарымызды оқымайтындар бар. Бұл тілдің мәселесі, тілі құрыған ел алға баспайды. Бірақ соңғы 30 жылды 3 кезеңге бөліп қарайтын болсақ, қазақ тілінің қолданыс аясы әлдеқашан алға кетті. Енді бұл үрдісті тоқтатуға еш­кім­нің шамасы келмейді. Осы ағыстың ек­пі­ніне шыдамаған өзге тілді азаматтар қат­ты бұлқынып, қысылып барады. Бір­ақ бұл табиғи өсіммен келген қы­сым­ға шыдамаған өзгелер айқай шығарып, саясиландырудың еш мәнісі жоқ. Кезінде Үндістан тәуелсіздігін алғанда олар да ұлттық тілдерін жалпыхалықтық қол­данысқа енгізе алмай біраз дағдарған. Со­сын олар ең бірінші қаржы жүйесін мем­лекеттік тілге көшіріп жіберіп, ағыл­шын тілінің қысымынан құтылған. Сол сияқты біз де банк жүйесі мен халыққа қыз­мет көрсету саласын ең бірінші қазақ ті­ліне 100 пайыз көшіріп жіберсек, әрі қа­рай қалған сала оңай іске асады. Қазір Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтіндер қа­тары күн санап артып барады. Қазақ ті­лінде сөйлегісі келмейтіндердің ұйқы­сы шала. Олар ертеңгі күні үшін алаң­дай­ды. Бірақ ол азаматтардың рухани әле­мі түгелімен басқа тілдік ортаға бай­ланып қалғандықтан олардың көзі қа­ра, түрі қара болғаны үшін болашақта қа­зақ болып кетеді деп үміттенуге де не­гіз жоқ. Ол өзге тілді қазақстандық аза­­­­маттар ретінде қала береді. – Жаңа бір сөзіңізде «біз көш­пен­ділер өркениеті тұсында әдебие­ті­міздің алтын қорын қалыптас­ты­рып алған елміз. Біз сондай ірі өр­к­е­ниеттің үстінен өттік» дедіңіз. Осы орайда мынадай сауал қойғым ке­ліп отыр. Сіз көшпенді мәдениеттің соңғы жағын көріп өстіңіз. Жалпы, дала қазағы мен қала қазағының міне­зінде, дүниетанымында айыр­ма­шылық бар ма? Әлде біз біртұтас дүниетанымдағы ұлтпыз ба? – Қазақ жалпы табиғатынан ат қой­ғыш халық. Жаңа қазақ, ескі қазақ, дала қа­­зағы, қала қазағы деп атап жатуы заң­­­­дылық. Дала қазағының мәрттігі, қа­­ла қазағының отырықшылық мә­де­ниетке бейімделіп, әлемдік өркениетке ыңғайлануына байланысты олардың мінезінде әртүрлі айырмашылық бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ал енді қарап отырсаңыз, ауыл қазағы қалаға келіп қалалық болған соң да дала туралы жырлайды, тіпті еңірейді. Ол даланың кеңдігін, мәрттігін жырлап бозінгендей боздайды, жылқыдай кісінейді. Қалада отырып дала жайында мұндай үлкен тебіреніс туып жатса, бұл даланың қа­сиеті деп түсінген дұрыс. Адамзат дәуі­рін­де екі үлкен өркениет бар, көшпенді және отырықшы. Арнольд Тойнби және Освальт Шпенглер деген өркениет жай­лы ерекше еңбек жазған ғалымдар бар. Өркениеттер тоғысын жазған осы ғалымдар еңбегін оқи отырып, соның ішінен өзіңді іздеу қажет. Біз – қазір жо­ғалып бара жатқан, бірақ кезінде ерекше ғажайып туындылар тудырған көшпелі өркениеттің адамдарымыз. Ал енді көш­пенді өркениетке 4-өнеркәсіптік ре­волюция кезінде біз қайтып айналамыз ба, жоқ па деген мәселе бар. Оны әлеу­меттанушылар мен философ ғалым­дар айта алады. Қалада туса да, далада туса да ақындардың өлеңдеріне қарап отыр­саңыз түгелімен көшпелі өркениет­тің қо­бызы сияқты. Себебі көшпелі өр­ке­ниеттің барлық қасиеті біздің ұлтымыз­дың жадында сақталып қалған. Осы тұр­ғыдан алып қарағанда дала қазағы не­месе қала қазағы деп бөліп қарау дұ­рыс емес. Біз – біртұтас халықпыз. На­рық­тың қатал заңы, капиталистік қо­ғам­ның өзіндік талабы ұлт мінезіне бел­гілі мөлшерде әсер етуі мүмкін. Ал шет­елден келген қазақты «оралман», ауылдан келгенді ауылдық деп бөліп қарау уақытша ғана тұрмыстық жіктелу. Ал шын мәнінде болашақ ұлт мұратына кесірін тигізетін кесел – рушылдық дер­ті. Егер әркім өз руын мақтап, «қағаз ба­­­тырларды» қолдан жасай беретін бол­са бұл елдің болашағына үлкен кесірін тигізеді. – Біраз уақыт Моңғолиядағы қа­зақ жастарына қамқоршы аға, әде­биеттегі ұстазы сияқты болдыңыз. Енді оларға кім қамқорлық жаcап, әдебиет пен руханиятта кім жол сіл­тейді? – Моңғолия жастары Моңғолияда тұрып жатыр демесеңіз олардың рухани ор­тасы Қазақстан. Осы сіздердің Turkistan газеті таратып отырған ұлт­тық идеология олардың санасына жетіп, қанына сіңіп отыр. Олардың ортасында міндетті түрде қолында қамшысы бар ру­хани көшбасшы жүрудің қажеті ша­ма­лы. Себебі қазір жаһандану заманы. Қа­зіргі нарықтық бәсеке ол – рухани бә­­секе. Сол бәсекелестіктен озып шық­қан­­дар осында келіп руханият саласында қыз­мет етіп жүр. Ал енді саяси тұрғыдан, эко­номикалық тұрғыдан рухани ошақ­тарды қаржыландырып тұратын ол мем­лекетте жағдай бар-жоғы жайлы еш­теңе айта алмаймын. Кезінде Моңғолия мемлекеті он­дағы аз қазақтың рухани өміріне барынша қолдау білдірді. Ал шын мәнін­де шеттегі аз қазақты рухани тұрғыдан жұтатпай ұстап отыратын күш біздің Қа­зақстанда жеткілікті деңгейде бар. Қа­зір Баян-Өлгейдегі қазақ радиосы жұ­мы­с істеп тұр, «Шұғыла» журналы жарық кө­ріп жатыр, «Жаңа дәуір» газеті де тұ­рақ­ты шығып келе жатыр. Олардың бар­лы­ғының айналасында жастар жүр. Ке­зінде Ақтан Бабиұлы, Құрманқан Мұ­хамәдиұлы, Қауия Арысбайұлы, Арғын­бай Жұмажанұлы, Яки Ілиясұлы, Шаб­дар­бай Қатшанұлы, Имашқан Бай­батырұлы, Күлияш Шолтайқызы, Даян Қалаубайұлы, Шерияздан Нығышұлы, Зуқай Шәріпақынұлы, Ақын Алақанұлы, Тойлыбай Құрмандолда, Қуанған Жұ­ма­ханұлы, Кәкей Жаңжұңұлы бастаған қаламгерлер үлкен рухани мектеп қа­лып­тастырып кетті. Сол мұра негізінде кейін­гі буын да өсіп шыға береді. Соны­мен қатар көптеген қазақ жастары осын­да келіп жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Моңғолия жастары ара­сын­да 4-5 тіл білетін жастар өте көп. Бұл – бо­лашаққа бағытталған өте үлкен ка­пи­тал. Алдағы уақытта түркі әлемінде және біздің ұлы далада өркениет қалып­тас­тыратын болашақ кілті жастар қолында. Олардың жартысы Қытайда, бір шоғыры Моңғолияда, тағы бір тобы әлемнің әртүрлі елдерінде қалыптасып жатыр. Бұл ірі капиталдың негізгі түпкі темірқа­зығы атажұрт Қазақстанда. – Ақыннан сұхбат алып отыр­ған­дықтан поэзия жайлы айтпай кет­кеніміз жарамас. Соңғы кездері көп­теген жас ақындардың өлеңде­рін оқыған оқырмандар олардың жырларында бір түсініксіздік бар екені жайлы жиі айтады. Әлде біз дұрыс оқырман тәрбиелей алмай отыр­мыз ба? – Поэзия дегеніміз – өмір, түйсік, бі­лім, ғылым және философия. Егер поэ­зияны жанр тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда әрине шарықтау бар. Ша­лық­тау да жоқ емес. Қазіргі жастар поэ­зиясын толығымен түсініп кету де, барлық аудитория қабылдау да мүмкін емес. Себебі ақынның өмір сүрген дәуі­рін­де оны оқырманның барлығы жап­пай оқып, жоғары бағалаған тұстары аз. Кезінде Мұқағали Мақатаев поэзиясын оның көзі тірісінде кереметтей қадір тұтпағандар да болған. Бірақ ол өмірден өткен соң оның жырын оқитындар, баға­лайтындар, оның ізімен жүргісі келе­тіндер қатары артты. Абай да, Жұма­тай Жақыпбаев та, Төлеген Айбер­генов­тер де осындай тағдырды бастан кешкен. Ал қазір жыр жазып жүрген ақындарды кінәлаудың еш маңызы жоқ. Негізгі мәселе сол ақындардың жазғанын бола­шақ оқи ма деген маңызды. Ал одан да маңыз­дысы «Біз текті әрі сауатты оқыр­ман тәрбиелей алдық па?» деген сауал. Неге қазір адамдар кітап оқығысы кел­мей­­ді? Мүмкін біз дұрыс оқырман тәр­биелей алмаған шығармыз. Бізде кітап аз оқылады. Жапония, Түркия, Германия сияқты елдерде кітап оқу мәдениеті жоғары деңгейде қа­лып­тасқан. Сосын біз кітаптарды тек қана классикалық үлгіде, үлкен формат­та шы­ғарып келеміз. Ақындардың жыр жи­нақтарын кішкентай ғана үлгіде жеңіл қағазбен бастырсақ, оқырмандар төс қалтасына салып жүріп оқуы мүмкін. Тағы бір ескеретін мәселе ақын өзіндік болмысын сақтап, барынша еркін үлгіде бол­ғаны абзал. Кейбір ақындарымыз галс­тук тағып алып, ресми мінберлерде өлең оқиды. Ол ақын емес баяндама жа­сап тұрған шенеунікке ұқсайды. Поэзия – өлмес құдірет. Ол бір дәуір­ден соң, жарты ғасыр өткен­де өзіндік бағасын алатын болады. Қа­зір жастар өсіп келе жатыр. Оларға сон­ша үлкен қамқорлықтың да, қатты бір шектеудің керегі жоқ. Жастарға тек қана еркіндік керек, олар сол еркіндіктің ішінде өмір сүреді. – Ол еркіндік бізде бар ғой... – Бар. Жақсы еркіндік бар. Қазір олар не жазамын десе де өздері біледі. Бір­ақ бір мәселе – сертификатшыл, даң­ға­зашыл, жалған абыройшылдықтан ау­лақ болуымыз қажет. Өлең емес сах­на­ға арналған сөз тіркестер жиынтығын алып келіп, онысына құн алатын болса, бұл поэзияның сапасын түсіреді. Бірақ қа­зір ақындарға жасалып жатқан қам­қор­лық жаман емес. Қаржы да нашар емес, кітаптарын да шығарып жатыр. Біз­ден басқа қай мемлекетте мұндай жұ­мыс істеліп отыр? Сондықтан үнемі ала­қан жайып, мәйексіздік танытуға бол­майды. Қазір бізде қаржылы ақындар көп. Олардың бай болғаны жақсы. Ол неғұр­лым ауқатты болса мәйекті өлең тудырады. Ал күнін көре алмай жүрген міс­кін адамнан жібі түзу ақын тумайды. Сон­дықтан Қазақстанда ақындар бай бол­ғаны абзал. – Сіз махаббат жайлы жыр жаз­ба­ған сияқтысыз. – Жоқ. – Неге? – Менің махаббатым қасымда болды. Қасыңдағы адамға күн сайын өлең ар­нап, оны оқып беру қаншалықты маңыз­ды? Жұбайым ерекше жоғары деңгейдегі білімді адам болатын. Ал басқаларға өлең жазу қиындау болды. Әрине, жаз­ған­дарым бар. Бірақ ол өлеңдерімді көп­­тің алдына шығып оқып көрмедім. Бірер-жарым жас ақындарға оқытып едім, керемет екен деп жатыр. Негізінен өлең жазылмайды, өлең туады. Ол бала­пан сияқты шиқылдап жарып шығуы қа­жет. – Сұхбатымызда айтылмаған мә­се­ле қалып қойған жоқ па? – Айтылмаған мәселе айтылмай қал­ғаны дұрыс. Айтылмаған мәселе ол ме­нің ертеңім жайлы. Ертең жайлы нақты еш­теңе жоқ, тек долбар ғана бар. Өткен­нен ғибрат келтіре отырып, бүгініміз жай­лы баяндадық. Мәселе жайлы айта­тын және оны шешетін біздің елдегі жал­ғыз жүйе ол – билік. Билік мәселені шешу үшін көтереді, сосын шешудің жолын қарастырады. Мәселе деген не? Ол – проза, поэзия, тіл, руханият. Бүгін ай­тыл­маса ол кезі келгенде сіздің газет­тің бетінде ашылып жату керек. Оның кезі келеді.

Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ