Бейбіт шеруден қанды қақтығысқа дейін
Бейбіт шеруден қанды қақтығысқа дейін
1 қаңтардан бастап сұйытылған газ өндірушілер мұнай өнімдерін 100 пайыз электронды сауда арқылы сатуға көшкен еді. Бұл өзгеріс газ бағасының бірден 120 теңгеге дейін қымбаттауына әкеп соқтырды. Республика бойынша газдың орташа бағасы литріне 110 теңге, Атырау облысында 115 теңге, Оралда 120 теңгеге жеткен.
2 қаңтарда бағаның өсуіне наразы Жаңаөзен қаласының халқы тегіс бейбіт шеруге шықты.
1 қаңтарда газ бағасы 120 теңгеге дейін қымбаттады. 2 қаңтар күні Жаңаөзен тұрғындары газ бағасын 50-60 теңгеге дейін төмендетілсін деген талап қойып, бейбіт шеруге шықты.
Маңғыстау облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қызметкері жағдайға қатысты пікір білдірді.
– Сағат 11:00-де Жаңаөзендегі АХАЖ ғимараты маңына газ бағасын төмендету мәселесі бойынша автокөлік иелері жиналды. Қала әкімі міндетін атқарушы Ғалым Байжанов, қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағамбетов және құқық қорғау органдары өкілдері оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жиналғандарға газ бойынша істің мән-жайы және «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру туралы» заң түсіндірілді. Оларға бұл іс-әрекеттері заңсыз екені, өйткені әкімдікке митинг өткізілгенге дейін 5 күн бұрын хабарлау қажет екені айтылды, – деп мәлімдеді басқарма өкілі.
Маңғыстау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев газ қымбаттауына қатысты пікір білдіріп, республика бойынша газдың орташа бағасы литріне 110 теңге, көршілес Атырау облысында 115 теңге, Оралда 120 теңге екенін мәлімдеді.
Жаңөзенді қолдау
3 қаңтар күні Ақтау қаласының тұрғындары бейбіт шеруге шықты. Бейнеу, Шетпеге аймақтағы барлық елді мекен қосылып, наразылық бүкіл облысты қамтыды.
Осылайша наразылық бірнеше күн ішінде Қазақстанның барлық өңіріне жайылды. 4 қаңтарда Ақтау, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Қарағанды, Талдықорған, Тараз және өзге өңірлерде Жаңаөзенді қолдаған акциялар өтті.
Қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар Жаңаөзенді қолдайтынын, алайда бұл іске арандатушылардың араласып кетуінен сақтануымыз керек екенін айтып үндеу жасады.
Маңғыстау облысына барған мемлекеттік комиссия жетекшісі, Премьер-Министрдің орынбасары газ бағасы 85-90 теңгеге түсетінін мәлімдеді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі АЖҚС иелеріне қатысты бағалық сөз байласу бойынша тергеуді бастады. Маңғыстау облысының АЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Алайда шеру мұнымен тарқамады, керісінше күш ала түсті.
Кейіннен шерудің бейбіт өтуін, оқ атылмауын талап етушілер де бой көрсетті. Кейіннен наразылық саясилана түсіп, халық бүкіл жүйе ауыспай, тарамайтындарын айтып, талап қоя бастады.
Кейіннен билік газды 50 теңгеге дейін төмендетуге келісті, бірақ мұнымен наразы топ тарқамады.
Үкіметтің тарауы
Халық наразылығына қатысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын.
Ал Үкімет басшысы Асқар Мамин Президент тапсырмасына қатысты жауап берді.
Ол Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Жаңаөзен қаласындағы жағдайға қатысты шаралар қабылдайтынын айтты.
Премьер-Министр Асқар Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.
Ал 5 қаңтарда таңертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отставкасын қабылдады.
Аласапыран
5 қаңтарда Өскемен мен Семей қалаларында да наразылық басталды.
Дәл осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Президент іштен және сырттан болған сан түрлі жалған ақпараттарға сеніп, ереуілге салынған топтың қитұрқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырды.
Алматы мен Маңғыстау облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланды. Ізін ала төтенше жағдай түгелдей Алматы облысына жарияланды, одан соң бұл қатарға Нұр-Сұлтан қаласы да қосылды. Ел бойынша интернет бұғатталды.
7 қаңтар күнгі мәлімдемесінде Мемлекет басшысы содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін айтты.
Сөйтіп алғашында бейбіт басталған шерулер күтпеген жерден қарулы қақтығысқа, бұзақылыққа, қақтығысқа ұласып кетті. Бейбіт шеруді террорлық күштер өз мақсатына пайдаланып кеткені айтылды. Бейбіт халық қайсы, террорлар қайсы, бұзақылар қайсы екенін айыра алмастай бейберекет жағдай қалыптасты. Қалаларда әкімдік ғимаратына шабуыл жасалды.
Жалпы оқиға кезінде еліміздің 8 аймағында (Алматы қаласы, Шымкент, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысы) 53 әкімдік ғимараты бүлінген. Ең қатты зардап шеккен Алматы қаласы болды. Ресми ақпаратқа қарағанда, Алматыда барлығы 166 нысан бүлінген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 12 қаңтар күнгі Үкімет отырысы кезінде осылай деп мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, мемлекеттік нысандар 20 ақпанға дейін жөнделеді.
Бұған дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы елде 1 528 бизнес субъектісіне залал келгенін, 1 408-і Алматыда екенін хабарлаған. Жалпы шығын көлемі 95,3 млрд теңгеге жетті деген мәлімет бар.
Азалы Алматы,
қаралы қаңтар
10 қаңтар күні Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сонымен қатар елде жағдай тұрақтала бастағаны айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ның онлайн жиынына қатысып, мәлімдеме жасады.
Наразылық және одан кейінгі бүлік кезінде хабар-ошарсыз кеткен туыстарын іздеген халық Алматы қаласы бойынша сот сараптамалары институты алдына топтасты. Ал өртенген көлік, бүлінген ғимаратта есеп жоқ. Жалпы оқиға кезінде қанша адам қаза тапқаны, оның қаншасы бейбіт тұрғын екені әлі нақты емес. Қаза тапқандар арасында балалар да болғаны елдің қабырғасын қайыстырды.
11 қаңтар күні Ішкі істер министрлігі елдегі бүлік кезінде 9 900 адам ұсталғанын хабарлады. Ал 12 қаңтар күні Ішкі істер министрлігінің жедел штабы Қазақстанның төрт облысында қарулы адамдар тобы ұсталғанын мәлімдеді. Дегенмен әлеуметтік желілерде алаңға шыққанның барлығы содыр емес екені айтыла бастады.
11 қаңтар күні жаңа Үкімет жасақталды. Елдегі әлеуметтік-саяси ахуалға байланысты нақты тапсырмалар берілді. Мемлекет басшысы барлық қиындықты бірлесе еңсеретінімізді, алдымызда жаңа Қазақстанды бірге құру міндеті тұрғанын айтты.
Д. Жанатқызы