Үлкен үміт арқалаған жаңа Үкімет

Үлкен үміт арқалаған жаңа Үкімет

Үлкен үміт арқалаған жаңа Үкімет
ашық дереккөзі

Дүрбелеңнен кейін таратылған Үкіметтің 11 қаңтар күні жаңа құрамы жасақталып, жаңа Премьер-Министр тағайындалды. Артынша министрлер ауысты.

  Әу баста әлеуметтік проблемалар көтеріл­ген митингтерде кейіннен саяси талаптар қойыла бастаған. Солайша халық жаңа Үкі­мет жасақталатын сәтке ерекше үміт артты. Бірақ бейбіт шеру аяқ астынан мүлдем басқа­ша сипат алған соң елді үміт емес, үрей жай­ла­ған еді.

Алғашқы ауыс-түйіс

6 қаңтар күні Мемлекет басшысы бір­қа­тар кадрлық ауыс-түйіс жасады. Бұған дейін Қа­зақстан Президентінің кеңесшісі лауа­зы­мын атқарған Ерлан Қарин мемлекеттік хат­шы болып тағайындалды. Ұлттық экономика министрі қызме­тін­де­гі Әсет Ерғалиев Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Стратегиялық жоспарлау және ре­фор­м­алар агенттігінің төрағасы лауазымына та­ғайындалды. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік коми­те­тінің төрағасы болған Кәрім Мәсімов лауа­зы­мынан босатылып, бірнеше күн өткен соң кү­дікті ретінде қамауға алынды, оның ор­нына Ермек Сағымбаев тағайындалды.

Әлихан Смайылов – жаңа Үкімет басшысы

Пленарлық отырысқа дейін Мемлекет бас­шысы Парламент Мәжілісіндегі саяси пар­тиялардың фракциялары жетекшілерінің ал­дында сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын талқылауға ұсынған болатын. Фракция жетекшілері Әли­хан Смайыловтың кандидатурасына қолдау білдірді. Бұдан кейін Президент кандидатураны Пар­ламент Мәжілісінің қарауына ұсынды. – Қазақстан Республикасы Премьер-Ми­нистрі лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Әлихан Смайыловтың канди­да­тура­сын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсы­намын. Ол – тәжірибелі маман, еңбекқор мем­лекеттік қызметші. Статистика жөніндегі аген­ттіктің төрағасы, Президенттің кө­мек­шісі, Қаржы министрі, Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары болды. Қазақстан эко­номикасының болашағы туралы көзқарасы дұрыс. Нақты жоспары бар. Әлихан Асханұлы Үкіметтің жұмысын өте жақсы біледі. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін, – деді Президент. Саяси партиялардың фракция жетек­шілері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Әлихан Смайыловтың кандидатурасына қолдау білдіріп, сөз сөйледі. Сөйтіп, Премьер-Министр болып бірауыз­дан Әлихан Смайылов тағайындалды. Пре­зидент жаңа Үкіметке саяси, әлеуметтік-экономикалық салалардағы және ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету жөніндегі өзекті мәселелерді шешу үшін нақты міндеттер жүктеді. Жаңа Премьер-Министр Әлихан Смайы­лов 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1993-1999 жылдары — «А-Инвест» инвестициялық–жекешелендіру қоры­ның бас маманы болып бастаған. Мем­лекет басшысы атап өткендей, Ұлттық ста­тис­­тика агенттігінде түрлі лауазымды қыз­мет­терді атқарған екі мәрте төраға. Пре­зи­дент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Сыртқы істер вице-министрі, Қаржы вице-министрі, «ҚазАгроның» президенті сияқты жауапты қызметтер де жүктелген екен. Одан кейін Президенттің көмекшісі болған. 2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі. 2019 жыл­ғы 25 ақпанда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда Президент Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалған. Әлихан Смайылов қазақ және орыс тіл­дерінде еркін сөйлейді деген ақпарат бар. Мем­­лекеттік тілді меңгергені бірден бай­­қал­ды, оған ел қуанысып та қалды, себебі 30 жыл тарихымызда қазақша сөйлеген Үкімет басшылары саусақпен санарлықтай аз.

Орнында қалған орынбасарлар

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­­­лығымен жаңа Премьер-Министр Әли­хан Смайыловтың орынбасарлары та­ғайын­далды. Атап айтар болсақ, Роман Скляр – пре­мьер-министрдің бірінші орынбасары, Ералы Тоғжанов – Премьер-Министрдің орынба­сары, Мұхтар Тілеуберді – Мремьер-Ми­нистрдің орынбасары – Сыртқы істер ми­нист­рі, Бақыт Сұлтанов – премьер-министр­дің орынбасары – Сауда және интеграция министрі. Роман Скляр, Ералы Тоғжанов және Мұх­тар Тілеуберді Үкімет отставкаға кет­кен­ге дейін де осы қызметті атқарған болатын. Қа­­тарға жаңадан қосылған Бақыт Сұлтанов бол­­ды. Ол бұған дейін тек Сауда және ин­тег­ра­ция министрі болған еді. Одан бөлек, Ғалымжан Қойшыбаев – Қа­зақстан Республикасы Премьер-Министрі кең­сесінің басшысы болып қайта тағайын­дал­ды. Ол бұл қызметті 2019 жылдан бері ат­­­­қа­рып келеді. Дархан Жазықбаев Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы лауазымына тағайындалды. Ол Ішкі істер министрлігінде түрлі қызмет атқарған, Пар­ламент Сенаты Аппараты Әкімшілік бө­лімі меңгерушісінің орынбасары, Кадр жұ­мы­сы және мемлекеттік құпияларды қорғау бө­лімінің меңгерушісі, KEGOC басқарма төра­ғасының кеңесшісі, Парламент Сенаты Ап­параты Басшысының орынбасары, Пре­зидент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істе­ген. 2019 жылғы маусымнан бері Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік қызмет іс­тері агенттігі төрағасының орынбасары бо­лып еңбек етті.

Қайта тағайындалған министрлер

Пленарлық отырыстан кейін Әлихан Смайы­лов басқаратын Үкімет құрамына жаңа министрлер тағайындалды. Бірақ ми­нистрлердің дені, нақтырақ айтқанда, 9 ми­нистр бұрынғы қызметтіне қайта бекітілді. 2021 жылғы 31 тамыздан бастап Қор­ға­ныс министрі болып қызмет атқарған Мұрат Бектанов орнында қалды. Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрі қыз­метінде қалды, ол 2019 жылғы ақпаннан бас­тап осы қызметті атқарып келеді. Бірақ аталған екі ведомствоға да жұмыс­та­рын одан әрі жүйелеуге, қадағалауға, жа­уап­­кершілікті еселеуге күш салу керек екені тағы бір мәрте байқалды. Биылғы қуаңшылық пен қымбатшылық ке­зінде Сапархан Омаровтың орнына Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне келген Ербол Қарашөкеев те орнында қалатын бол­ды. 2019 жылғы 13 маусымда Білім және ғы­лым министрі болып тағайындалған Асхат Айма­ғамбетов те қызметін жалғастырады. Серік Шәпкенов те Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінде қалды. 2021 жылы 18 қаңтарда Қаржы министрі болып тағайындалған Ерұлан Жамаубаев та міндетіне қайта кірісетін болды. Юрий Ильин – Төтенше жағдайлар ми­нистрі, ол 2020 жылдың қыркүйек айынан бас­тап ведомствоны басқарып келеді. Бағдат Мусин де Цифрлық даму, иннова­ция­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып үшінші мәрте тағайындалып отыр. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Серікқали Брекешев қызме­тін әрі қарай жалғастырады.

Жаңадан келген министрлер

Ішінде бірді-екілісі болмаса, жаңадан та­­­­ғайындалған министрлердің дені – өз ведомстволарында вице-министр қызметін атқарғандар. Атқарған қызметтері мен еңбек жолы туралы мәліметтерге қарасақ, қай-қай­сысы болмасын талай басшылық қызмет ат­қарып, шыңдалған сыңайлы. Сонымен, Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі болып Асқар Омаров тағайын­дал­ды. Ол әр жылдары жеке ұйымдарда бас­шы­лық қызметтер атқарған. 2008-2010 жылдары «Нұр-Медиа» ЖШС директоры, бас ди­рек­торының орынбасары, 2011-2013 жылдары «Түркі академиясы» КЕАҚ вице-президенті, 2014 жылы «Астана ЭКСПО-2017» басқарушы дирек­торы, 2016-2017 жылдары қоғамдық қор президенті, 2020 жылдың қаңтарынан бастап «ҚазАқпарат» ХАА АҚ басқарма төра­ғасы болған. Әділет министрі қызметіне заңгер, аға әдi­лет кеңесшiсi, қаржы полициясының пол­ковнигі Қанат Мусин тағайындалды. Про­куратура органдарында қызмет еткен ол бір­неше облыста прокурордың орынбасары болған. Қаржы полициясы органдарында қызмет еткен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс істеген. Одан бөлек Қауіп­сіздік Кеңесі аппаратында қызмет ат­қар­ған: бас сарапшы, бас инспекторы, Пар­ла­менті Мәжілісінің депутаты болып сай­ланған. Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­митетінің төрағасы қызметін де ат­қарыпты. Денсаулық сақтау министрі болып Ажар Ғиният тағайындалды. Еңбек жолын 1993 жы­лы Атырау қаласының №2 қалалық ем­ха­насында учаскелік педиатр болып бастаған. 1994 жылдан 1999 жылға дейін Ақтау қа­ла­сының №1 медициналық санитарлық бө­лі­мінің меңгерушісі, дәрігер-инфек­цио­нисті, одан соң бірнеше жыл орынбасар қызметін ат­қарып, кейіннен Маңғыстау облысы Ден­саулық сақтау департаментінің директоры болған. Денсаулық сақтау министрлігінің бас­қарма басшысы, департамент директоры қыз­метінен кейін ведомствоның вице-ми­нистрі лауазымына тағайындалған. ­Қайырбек Өскенбаев Индустрия және инф­рақұрылымдық даму министрі болды. Ішкі істер органдарында қызмет еткен, Ақ­мола қалалық әкімшілігінің коммуналдық мен­шік бөлімінің меңгерушісі лауазымын ат­қарған, бас кеңесші заңгер, жекешелендіру бойын­ша Ақмола облысы бойынша Мем­ле­кеттік комитетінің басқарма төрағасының орынбасарынан Индустрия және сауда министрлігінің Сауда және туристік қызметті реттеу комитетінің төрағасына дейінгі түрлі қызмет атқарған. Туризм және спорт вице-министрі, Ұлттық экономика вице-министрі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі болған. Мәдениет және спорт министрі болып Дәурен Абаев тағайындалды. Бұдан бұрын Ақ­парат және қоғамдық даму министрі лауа­зы­мын атқарған оның өмірбаяны да, еңбек жо­лы да көпшілікке белгілі. 2020 жылдың ақ­пан айынан бері Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Әкімшілігі Басшысының бірінші орын­басары қызметін атқарды. Ұлттық экономика министрі болып та­ғайындалған Әлібек Қуантыров бірнеше елде жо­ғары білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистрлігінде жетекші маманның міндетін ат­­қарушы болып бастапты. 2005-2010 жыл­дары Экономика және бюджеттік жоспарлау ми­нистрлігінде түрлі лауазымда жұмыс іс­теген. 2013-2019 жылдары Президент Әкім­ші­лігінде түрлі қызмет атқарыпты. 2019 жыл­ғы сәуірде Тұңғыш Президент – Елбасы Кең­се­сі­нің Ақпараттық-сараптамалық қам­тамасыз ету бөлімінің меңгерушісінің орын­басары бол­ған. 2021 жылғы ақпаннан Ұлттық эконо­ми­ка вице-министрі қызметін атқарып кел­ген. Жаңаөзендегі наразылыққа байланысты кінә арқалаған министрліктердің бірі Энер­гетика министрлігіне Болат Ақшолақов бас­шы болып тағайындалды. Экономист ма­ман­дығын тәмамдаған, мұнайшы. 1995-1997 жыл­дары Орталық Азия ынтымақтастық жә­не даму банкінің активтерді басқару бөлі­мі­нің маманы, бөлім бастығы, директордың орынбасары қызметін атқарды. «Қазақойл» Теңіз жобасы бойынша аға сарапшы, менед­жер, департамент директорының орын­ба­сары, Commonwealth & British Services Ltd. бизнес-талдаушысы, стратегиялық жоспарлау жө­ніндегі менеджері, қаржы директоры бо­лып еңбек еткен. Энергетика және минералды ресурс­тар вице-министрі болып қызмет ат­қар­ды. 2008-2011 жылдары «Самұрық-Қа­зына» басқарушы директоры, «Қаз­Мұнай­Газ­дың» басқарма төрағасы болған. 2016 жыл­дың ақпан айынан бастап «KAZENERGY Қа­зақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйым­дарының қауымдастығы» заңды тұлға­лар бірлестігінің бас директоры болған.

Президент аппаратындағы өзгерістер

Айбек Дәдебаев Қазақстан Республи­ка­сы Президенті Іс басқарушысы қызметіне та­­ғайындалды. Бұған дейін Айбек Дәдебаев Қазақстан Рес­публикасы Президенті Іс басқарушысы­ның орынбасары болып жұмыс істеген. Сон­дай-ақ ол Парламент Сенаты төрағасы хат­шылығының меңгерушісі және Президент кеңсесі бастығының орынбасары қызмет­терін атқарған. Мемлекет басшысының Жарлығымен Аи­да Балаева Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің Әкімшілігі Басшысының орын­басары лауазымына тағайындалды. Алматы облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім бас­қармасының жетекші маманы, бас ма­маны, бөлім бастығы, Астана қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы болған. Ал 2010-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды. Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Президент көмекшісі болған ол 2020 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрі болып тағайындалды. Ержан Қазыхан Қазақстан Республи­ка­сы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі лауазымына тағайындалды. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстан Республикасы Тұрақты Өкілдігінің бірінші хатшысы, кеңес­шісі болып жұмыс істеген. 2000 жылдан бас­тап Сыртқы істер министрлігі Көп жақты ын­­­тымақтастық департаментінің директоры. 2003 жылдан Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі, Сыртқы істер министрлігінде көптеген лауа­зымды қызмет атқарған, бірнеше мем­лекетте елші болған.

Қиын кезде жауапты қызметтерге та­­ғайындалған шенділерге артылған үміт те, жүк те еселенді, міндет көбейді. Қордаланып қалған мәселелердің бұлқынысынан болған жарылыс кімге болмасын үлкен сабақ болуға тиісті. Не десек те, бұл ауыс-түйіске тұтас ел үміт­пен қарап отыр.