Депутат тәртіпсіздіктер кезінде халық алдына шықпаған әкімдерді сынға алды

Депутат тәртіпсіздіктер кезінде халық алдына шықпаған әкімдерді сынға алды

Депутат тәртіпсіздіктер кезінде халық алдына шықпаған әкімдерді сынға алды
ашық дереккөзі
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса елдегі тәртіпсіздіктер кезінде халық алдына шықпаған әкімдерді сынға алды, деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы ол журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты. Депутат бүлік кезінде елмен бірге болған Маңғыстау және Қызылорда облысының әкімдерін атап өтті.
«Нұрлан Ноғаев Маңғыстауда да тұрды, Жаңаөзенге де барды, елден сөз де естіп жатты. Сонда да соңына дейін халықпен бірге болды. Күнде экраннан да шығып, халыққа басу айтты. Әйел болса да, Қызылордада Гүлшара Әбдіхалықова шықты. Басқа әкімдерді көрмедік», – дейді ол.
Естеріңізде болса, алматылықтар әкім Бақытжан Сағынтаевқа отставкасын талап етіп, петиция жариялаған еді. Көпшілік сын сағаттарда әкімнің көрінбегеніне қапалы. Петиция авторларының пікірінше, Сағынтаев ең қиын күндері қала тұрғындарына моральдық жағынан да, физикалық жағынан да қолдау көрсетпеді. Елдің пікірін депутат та қостап отыр.
«Алматы қаласы әкімі қайда болды деп көбісі сынап жатыр. Ол кейінгі кезде ғана шығып жатыр. Оның не жауап бергенін байқай алмадым. Бізде әкімдер, министрлер қандай адам болу керек? Әкім деген сол өңірдің қолбасшысы саналады. Сол кезде халық шулап, ереуілшісі қайсы, содыры қайсы екенін айыра алмай, адам өліп, елде топалаң болып жатқан кезде әкімнің болмауы, кемеде бүлік шыққан кезде капитанның кемені тастап кетуімен бірдей деп қабылдаймын. Қай жерде шу, ереуіл болсын, сонымен сөйлесе алатын министр не әкімнің оңып тұрғанын көрмейсің. Барғанының өзі сөйлей алмай жатады. Бір облыстың әкімі барып, қазақшасы бітіп, орысша боқтап жіберді. У-шу болды», - деді депутат.