«Өлеміз» деп жылаған сарбаз аман қалды (ВИДЕО)

«Өлеміз» деп жылаған сарбаз аман қалды (ВИДЕО)

«Өлеміз» деп жылаған сарбаз аман қалды (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Бүлікшілермен қақтығыс кезінде видео түсіріп, ата-анасымен қоштасқан жас жауынгер көптеген қазақстандықты сары уайымға салды. Қатты қақтығыс боп жатқанын алға тартқан жас жігіт «өлеміз» деп айтады. Бұл бейнежазба әп-сәтте әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлады turkystan.kz exk.kz-ке сілтеме жасап. Видеоны әскери қызметшінің өзі түсірген. Онда «өлеміз бүгін» деген жігіт ата-анасын жақсы көретінін айтып, қоштасады. Сондай-ақ өзі секілді өзге де әскерилердің қақтығыс кезіндегі әрекеттерін видеоға түсірген. Онда «қашпа, қашпа» деген дауысты естуге болады. Бейнежазбаны көргендер жігіттің тағдырына алаңдады.
«Жүрегім-ай, тірі қалды ма екен?», «Жаным-ау, аман-есенсіңдер ме? Осындай балапандарды неге жібереді екен», «Шыдай алмай жылап жібердім. Үйіне орала алмауы мүмкін екенін біліп тұр ғой», «Қашпа, қашпа» деп жанын беріп жатыр», «Осы жігітті көріп, жүрегім жаман ауырды. Ешкім өлмесінші» деп жазды желі қолданушылары.
Олардың мәліметінше, жауынгер - Батыс Қазақстан облысының тумасы. Алматыда әскери қызметте істейді. Еxk.kz тілшісі көптеген қазақстандықтың жүрегін ауыртқан әскеридің өзімен байланысты. Әділ Қасымұлы бала күнінен Отанын қорғап, әскери қызметші болуды армандаған. Осы салада жүргеніне наурыз айында екі жыл болады. Желіде тараған видео әкімдік ғимаратын бүлікшілерден қорғау кезінде түсірілген екен. Қызмет барысында болғандықтан жауынгермен аз-кем ғана тілдесуге мүмкіндік туды.
«Әрине, өте қатты қорқыныш болды. Командирлердің көмегінің арқасында аман қалдық деп айтар едім. Сол кісілерге рахмет. Біздің амандығымызды тілеп, уайымға салынған барша жұртқа рахметімді айтқым келеді. Бізде бәрі дұрыс. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын, бастысы. Қақтығыстан соң бірінші кезекте анама хабарласып, амандығымды айттым», — деді Әділ Қасымұлы.
Әскери қызметкер жаппай тәртіпсіздік кезінде қарапайым халық тарапынан да көп көмек тигенін атап өтті. Соның арқасында көптеген жауынгер аман қалған.