Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың Украинамен байланысы бар көрінеді
Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың Украинамен байланысы бар көрінеді
Қостанай облысындағы тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты қылмыстық істерді тергеу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды, деп хабарлады turkystan.kz zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Қостанай облысы ПД бастығы Бекет Аймағамбетовтың айтуынша, сондай-ақ бұл топ полиция қызметкерлерінің өміріне қауіп төндіру фактілерін де тергеуде. Барлық фактілер бір өндіріске біріктірілген.
Жедел іс-шаралар жүргізіліп жатқанын білген тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың бірі дәлелдерді жоюға тырысты. Алайда аяқ-асты тінту кезінде пәтерден оның қылмысын әшкерелейтін дәлелдер алынды: компьютерлік техника, ұялы телефондар, SIM-карталар және флэш-карталар.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері наразылық білдірушілердің жағына өту және күш қолданбау ниеті туралы жалған хат-хабарлардың авторы, оны жан-жаққа жолдаушы екенін дәлелдейтін арнайы қосымша табылды. Жедел әрекет ету арнайы тобы (СОБР) қызметкерлерінің атынан жалған скриншоттар басқа мемлекеттің сим-карталарын қолдана отырып, жасалған болып шықты. Топ әкімшісі азаматтарды митингке шығуға және полиция қызметкерлерінен қорықпауға шақырды, өйткені олардың бір бөлігі наразылық білдірушілер жағына өтті деп жазды.
Жинақталған материалдар бойынша оның Украина азаматымен тұрақты байланысы бары байқалады. Тінту алдында өзінің ұсталатынын болжаған ол мессенджердегі әкімшілігін одан әрі жұмыс істеу үшін Украинадағы серіктесіне, Қостанай қаласының бұрынғы тұрғынына тапсырған. Тергеу іс-шараларын жүргізу барысында оның осы топты басқарудағы рөлі дәлелденді, онда 1000-нан астам адам тіркелген. Топта аймақ аумағында наразылық акцияларына, белсенді іс-қимылдарға шақыру сипатында ақпараттар орналастырылды.
«Топ өткен жылдың қазан айынан бастап жұмыс істей бастаған, бірақ қаңтар айының басына дейін белсенді болмапты. Қазіргі уақытта күдіктінің әрекеті ҚР ҚК-нің 272-бабы, «Жаппай тәртіпсіздіктер» бойынша сараланады, оған сәйкес 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Жедел-тергеу жұмыстары әлі жалғасуда» деді Қостанай облысы ПД бастығы Бекет Аймағамбетов.
Жедел іздестіру іс-шаралары кезінде аталған топ Қазақстанның сегіз қаласындағы осыған ұқсас топтардың құрамына кіргені анықталды. Бұл ел аумағы бойынша іс-қимылдарды жалпы үйлестіруге талпыну әрекеттері болғаны туралы күдік туғызады. Бұдан өзге ақпараттар тергеу мүддесі тұрғысынан әлі жария етуге жатпайды.