Атыс кезінде ҰҚК подполковнигі қаза тапты

Атыс кезінде ҰҚК подполковнигі қаза тапты

Атыс кезінде ҰҚК подполковнигі қаза тапты
ашық дереккөзі
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлікшілер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы департаментін басып алмақ болған. Шабуыл кезінде ҰҚК офицері ажал құшқан, деп жазды turkystan.kz. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысындағы департаментіне жасалған шабуылға қатысты ресми ақпарат жариялады. 5-6 қаңтар аралығында атыс қаруы мен «Молотов коктейлі» бар 350-ге жуық адам комитеттің департаментіне шабуыл жасаған.
«ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің арнайы мақсаттағы тобымен бірлесе отырып, үш бірдей қарулы шабуылға тойтарыс берді. Атыс кезінде жараланған терроризмге қарсы орталықтың бөлім бастығы, подполковник Дархан Әділбай қаза тапты», - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда қарулы шабуыл бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Жамбыл облысында құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобы Қылмыстық кодекстің 269-бабы, 2-бөлімінің 1 және 6-тармақшалары («Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен шабуыл жасау немесе оларды басып алу») бойынша 30 адамға қатысты тергеу шараларын бастады.