Белградтың бір көшесі Қазақстан аталмақ

Бүгін Үкімет үйінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Премьер-министрi Александр Вучичпен кездескеннен кейін, екі ел премьер-министрлері баспасөз мәслихатына қатысты деп хабарлайды egemen.kz.

Бүгінде Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 230 млн. долларды құрады. Баспасөз мәслихатында екі ел арасындағы осындай сауда-экономикалық байланыстарды одан ары дамыта түсу мәселесі сөз болды. Сондай-ақ, рухани-әлеуметтік ынтымақтастық шаралары да талқыланды. Мәселен, Астанадағы көшенің біріне Никола Тесланың аты берілмек. Бұл жөнінде Сербия Премьер-министрі Александр Вучич мәлімдеді.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға сапарынан кейін өзара іс-қимылдар үшін жақсы мүмкіндіктер ашылды және оны экономикалық және мәдени қатынастарды дамыту үшін пайдалану қажет. Осыған байланысты Белградта Жамбыл мүсінінің қойылу, сондай-ақ ертең Астанадағы көшелердің біріне Никола Тесла есімінің берілуі мен Белградта Қазақстан көшесінің ашылуы екі елдің арасындағы қатынастарды ары қарай дамытуға ықпал ететіні анық», — деді Александр Вучич. Өз кезегінде Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның барлық халықаралық бастамаларын алға жылжытуға білдірген қолдаулары үшін сербиялық тарапқа алғысын жеткізді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл тамыз айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сербияға ресми сапары аясында Белградың орталық көшелерінің бірінің бойындағы шағын алаңда қазақтың дүлдүл ақыны Жамбыл Жабаевтың мүсінін ашқан болатын. Ал енді Астана көшелерінің біріне тегі серб, электротехника мен радиотехника саласындағы өнертапқыш, инженер, физика ғылымының қарқынды дамуына сүбелі үлес қосқан ғалым Никола Тесла есімі берілмек.

Back to top button