«BI-Group» басшысы «LRT» құрылысын жалғастыруға қарсы

«BI-Group» басшысы «LRT» құрылысын жалғастыруға қарсы

«BI-Group» басшысы «LRT» құрылысын жалғастыруға қарсы
ашық дереккөзі
Танымал құрылыс компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев Нұр-Сұлтандағы «Astana LRT»-ның құрылысын жалғастыруға қарсы. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Біріншіден, «Astana LRT»-ның құны – 1,5 млрд АҚШ доллары, қосымша 300 млн құю қажет. Сөйтіп, жобаға 1,8 млрд доллар жұмсалады. Екіншіден, оның жұмысын жүргізу үшін жылына 50 млн доллар қажет. Билеттердің сатылымынан түскен қаржы бұл шығындардың бір бөлігін де жаппайды. Бұл - алдағы 20 жылда тағы 1 млрд доллар жұмсау қажет деген сөз. Үшіншіден, несиелік қарыз бойынша жылдық төлем шамамен 3,5%, ол тағы 600 млн-ды құрайды. 2021 жылы материалдардың, металдың және ақша құнының қымбаттауына байланысты бұл сома 4 млрд долларды құрауы мүмкін» деп жазды Айдын Рахымбаев.
Автор жазбасында алдағы жиырма жылдан кейін күрделі жөндеу және әртүрлі техникалық құралдарды ауыстыру қажеттігін де айтты. Оның пайымдауынша, бар шығын қалалық бюджет есебінен жүргізілмек. Сөйтіп, жылына 170-200 млн доллар жұмсалады. Алайда бұл жоба оң және сол жағалау арасындағы кептелістің мәселесін шешпейді. Тек ондаған жолаушыны темір жол вокзалынан әуежайға дейін тасымалдаумен ғана шектеледі.
«Қала бюджетінен бөлінетін мол қаражатқа жыл сайын 10-15 немесе жалпы 200-300 мектеп салуға болады. Сондықтан «BI-Group» компаниясы  «LRT» құрылысына әу бастан қарсы болды. Бір кездері әкімдік тарапынан бізге серіктес болу туралы ұсыныс жасалған еді. Бірақ біз бұл ұсыныстан түбегейлі бас тарттық. Біз бұл уақытқа дейін қаланы абаттандыру үшін бағандарды қолдану идеясын ұсындық. Мысалы, халық тығыз орналасқан бөлігінде бағандарды пайдалана отырып аллея, веложол, ал қыста шаңғы трассасы, кафе мен демалуға арналған орындар салуға болады. Бағандардың бір бөлігін, яғни 230 данасын Есіл арқылы өтетін көпір құрылысына пайдалануға болар еді», - дейді «BI-Group» басшысы.